Қыркүйек орталанған мезгілдің іңірі әне-міне дегенше көлегей тартып, қабыршығы быт-шыт жарылып кеберсіген айтақырдың үстін жым-жырт кеш жайлады. Ұлан-ғайыр тақырдың ұзына бойымен жосыла жөңкіп, Аналық ешкімен қатарласып, үйірді бастаған сақа теке, айдынды кеңістіктің шетіне тақай бере екпінін кенет бәсеңдетіп алдыңғы аяғын дік еткізе қадап, қалт кідірді. Тақырға төне жағалай тұрған машиналардың ар-гүр гүжілі, әр-әр тұстан қаз-қатар орнатылған әлдебір абажадай нәрселердің жарқыл-жұрқылы киіктерді кейін орғытты. Үйірбасы Аналық ешкімен қапталдасып жүйткіген, кең танауы пар-пұр делеңдеген сақа теке киік үйірін тақырдың батыс бүйіріне таман ойыстырғысы келіп еді, ол жақтан да сол үрейлі тосқауыл алдарынан анталап шыға келді...
Тақырдың о шеті мен бұ шетіне қарай алма-кезек жанталаса жосылған киіктер енді бір сәтте тығырықтан шығып кетер саңылау таппай аласұрды. Әрі-беріден соң ымырт қараңғылығы әбден үйіріліп, айдынды тақырдың кең қолтығы қусырылып қалғандай болды да, әлгібір жарқылдың өткір таспадай сәулесі айқыш-ұйқыш шарлап, киіктерді тұрған-тұрған орнынан тапжылтпай тастады. Сәулеге шағылысқан киік көздерінің оттай жанған сарғыш жасыл ноқаты түн қойнауы жұтып қойған айтақырдың бетінде жұлдыздай жанып, жылт-жылт етіп жатты...
– Ғажап көрініс!.. – Қаладан киік атушы кәсіпкер аңшылар тобын биылғы күз бірінші рет басқарып келген, осы мекеменің жаңа бастығы, қалың шүйделі, жуан мойын еңгезердей, сепкіл сары казак-орыс Ерофей Егорыч мына көрініске таңданысын жасыра алмады. – Да-а! Мұндай охотаны бірінші көруім!
Қас-қағымда бір жанып, бір сөніп, содан соң қайта жарық етіп қою қараңғылықты тілгілеген прожекторлардың қуатты жарығына арбалып, түнгі тақырға қамалған мың қаралы киіктің көзінен жылтыраған, сансыраған сансыз-сансыз ұшқыннан көзін алмаған Егорыч оқталған қос аузын дайын ұстаған қалпы тақыр жиегіне таман жақындай берді.
Үйірдің бергі қапталында тұрған, әдемі біткен қайқы мүйізі он орам сақа теке тақыр шетінен әлдекімнің аяқ дыбыс қозғалысын түйсіктей сезіп, танауы делең етті. Басын оқыс төмен салып, көзін қамаған жарықтан бір мезет тасаланып, әрі ығысып жүре берді. Өзімен бірге ентелесе қозғалысқа түскен Aналық ешкі бастаған үйірді де жедел ілестіре жөнелді. Қауіптің тым жақын жерден оқыстан сезілгенін аңдатып, үйірді тақырдың ортасына қарай ойыстыра берді.
Көздері шоқтай жанып жайбарақат тұрған киіктердің аяқ астынан әрі ығысып кеткені аңшы бастық Егорычтың қытығына әбден тигені анық еді. Бірін-бірі қаға-соға, бағыт-бағдарсыз жоса жөнелген киіктің қалың тобының соңынан жүгіре түсіп барып, мылтығының қос шүріппесін кезек-кезекпен басып жіберді.
Қайқы мүйізін бірер сілкіп алып жөңкіген сақа текенің соңынан, көз шарасы шырадай жанып, жан-жағынан таспадай осқылаған тажал сәулеге қамалған киік тобыры демігін баса алмай тақыр үстін шиырлай, шырқ айналып, жойқын жанталасқа түскен күйі үздіксіз жоси берді. Тақыр үстіндегі түн бейкүнә мақұлықтар үшін нағыз тамұқ тұзағына айналды.
Байыз таппай әрлі-берлі ала-шапқынға түскен киіктерді бір-бірлеп нысанаға алып жайрату бұл іске әбден кәнігіленген аңшылар үшін оңай шаруа болмады.
Жылда осы мезгілдегі киік ату науқаны басталғаннан бұларды осылайша тақырға қамап, шетінен жайратып, рефрижераторлы ұзын-ұзын машиналарына сықап тиеп алатын аңшылар бүгінгідей мына көрініске аң-таң болды.
– Барлық пәле бар ғой, анау текеде, мүйізінің ұшы қайқиған анау немеде! – деді Егорыч ентігін басып, сәл дем шақырғасын. – Соның көзін алдымен құрту қажет! Киіктерді қайырмалап олай-бұлай ұйытқытып жүрген сол! Соның өзі!.. Прожекторларды тақырдың ішіне таман апарып, текені бөлектеп жарыққа қамап, атып тастау керек, көрейік сосын...
Аңшы-бастықтың бұйрығы екі етілмеді. Аккумуляторларға қосылған самсаған жойқын жарықты реттеп тұрғандар түн қойнауын айқыш-ұйқыш қақ жарып, киіктің қалың тобырынан ә, дегеннен сақа текені шеттетіп тастауға тырысты.
Қолындағы мылтығын атуға даярлай икемдеп, аңшылар қатарының алдында жүрген жуан сарының деміккен айқайы шыққан тұстан әрмен ығыса берген сақа теке ендігі бір мезетте жалт бұрылып, үйірдің екінші бүйіріне шығып кетті. Осылайша бұлтың-бұлтың етіп, соңынан қуалаған жарықты адастырып кетуге барынша жанталасып бақты.
– Былай тұрыңдар ентелемей, өзім атам оны, сендер тиіспеңдер! – деп айқай салған Егорычты аңшылық құмарлықтан гөрі ырыққа көнбей, өздерін бұлталаңмен әуре-сарсаңға түсірген мақұлыққа деген өшпенді ыза біржола билеп алған еді.
Қайқы мүйіз әлгінде ғана тұла бойын түршіктірген қауіптен ада-жұда арылғандай ессіз күйде, оқтын-оқтын секіріп түсіп, ырғып-ырғып жүйтки берді. Дәлме-дәл үстінен түскен жарықтан көз ілестірместей жылдамдықпен сытылып шығып, Егорычтың жөн-жосықсыз, жобалай нысаналаған оғын екі-үш мәрте дарытпай кетті.
Анталай самсаған ажал-жарықтан қас-қағымда құтылып, тосқауылсыз қалған қапталға қарай заматта ығысып кеткен Аналық ешкі бастаған киік үйірі енді оң-сол айналасын айқын ажыратып, тақырдың шетіне қарай дүбірлей жөнелді.
Барлық прожекторларымен жалғыз сақа текені қуалаған аңшылар қалың киіктен, қандыауызға түскелі тұрған олжадан біржола адасып қалатындарын бұл мезеттерде әлі білген де, сезген де жоқ еді.
– Атпаңдар!.. Өзім! Өзім көзін жоямын оның!..
Егорычтың түн қойнауын қақыратып елірген айқайынан құлақ тұнып, тақыр үсті алабөтен жаңғырып тұрды. Мылтығын оңтайлап алған ол алдынан-артынан, оң-солынан тұтастай жамыраған жарықтың ортасында жан-жағына алақтаған күйі дағдарып тұрып қалды.
Жалғыз текенің соңына түскен аңшылар киіктің үйірінен айырылып қалғанын осы кезде бір-ақ біліп, аһ ұрды.
– Киіктерден айырылдық!.. Кетті әне, тақырдан шығып барады!..
– Жарықты, жарықты жеткізіңдер солай қарай!.. Тез, тезірек!..
Текені қуалаған прожекторлардың анталаған көзі ендігі сәтте жалт-жұлт жарқылдап, тақыр шетінен асып бара жатқан киіктерге қарай бұрылды.
Тамұқ тақырдың кеңістігінен шыққан киіктер прожекторлардың айқыш-ұйқыш жарығынан алыстап, түн қойнауына сіңе берген еді.
Сақа текенің жанын алқымға алған жарық тақыр үстінен кенет зым-зия болды да, айнала сол бойда қара түнекке оранды. Қуғын үрейінен бір сәт қалтарыс қалған сақа теке бір-екі ырғып барып, артына жалт бұрылғанда еңгезердей қап-қара сұлбаның қараң-құраң еткен көлеңке-нобайы еміс-еміс қана көрінді.
Қауіптің әлі сейілмегенін түйсіктесе де, сақа теке манағыдай жанұшыра құтылудың амалына салмады. Елең етіп, делеңдеген танауын көтеріп, тақырдың шығыс жақ бетіне қарай мойнын бұрды. Үйірлестерінің тақырдан шығып, біртін-біртін алыстап бара жатқан дүбірін осы қас-қағымда әлдебір түйсікпен еміс-еміс аңдағандай болды.
Ендігі жерде қуғынның қорқыныш, түршігіс атаулысынан бір демде алыстаған текені түн қараңғысына шомған айтақырдың ұлан кеңістігі өз құшағына қымтап алғандай еді, бірақ әлгі еңгезердей пәленің деміккен тынысы жақын маңнан тағы да сезілгендей болды. Теке сәл пысқырына түсіп, тағы да үргелектеп қалды. Үргелектесе де, неге екені, бұл жолы ытырынбады, қашпады.
Сақа текенің сол маңнан ұзамағанын бажайлаған Егорыч мылтығын атып қалуға даяр ұстап, түн-түнегінде алға қарманып, аяғын әр-әр жерден нобайлап басып, мысықтабандап келе жатты.
Осы бір аралықта теке өзін аңдыған қарасұлба тажалдың ту сыртына қарай ығысып, бұрыла берді. Содан соң көз ілеспестей шалт айналып келіп, оның қарсы алдынан шықты да, қайқы мүйізінің ұшын қадай ұстап, жойқын екпінімен кеуде тұсын сүзгілей ұрып қағып өтті. Шалқасынан түсіп морт құлаған аңшы-бастықтың ащы дауысы бір-ақ рет ышқынып қатты шықты да, тақыр үсті тым-тырс тынып, мүлгіп қалды.
Соңғы дәрмені түгесіле келіп, ала-шапқын сүргіннен тірсегі дірілдеп, әбден қалжыраған мақұлық сол ырғын екпінімен тоңқалаң асып тұмсығымен жер сүзе құлады. Сақа текенің қанталаған көз шарасынан ыршып кеткен бір тамшы қып-қызыл жас кенезесі кеуіп, беті быт-шыт болған айтақырға үзіліп түсті...
Мәди АЙЫМБЕТОВ