Ана мен баланы аялау орталығында 16 жыл ішінде 50 мыңға жуық ана мен бала емделіп, сауықтырылды
Жұма, 28 желтоқсан 2012 7:29
Мұнда негізінен шалғай елді мекендерде тұратын тұрмысы төмен, көп балалы отбасылар үшін арнайы мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп жүр. Орталық «Домалақ ана» есімімен аталады, әрі киелі, әулиелі орын – Тектұрмастың тап іргесінде. Содан да мұнда емделушілер әруақты бабаның шапағаты тиеді деген сеніммен келеді.
Жұма, 28 желтоқсан 2012 7:29
Мұнда негізінен шалғай елді мекендерде тұратын тұрмысы төмен, көп балалы отбасылар үшін арнайы мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп жүр. Орталық «Домалақ ана» есімімен аталады, әрі киелі, әулиелі орын – Тектұрмастың тап іргесінде. Содан да мұнда емделушілер әруақты бабаның шапағаты тиеді деген сеніммен келеді.
Орталық 150 орынға лайықталған. Ал, сұраныс қай кезде де одан әлдеқайда көп. Жиырма күндік жолдама аяғы ауыр әйелдер үшін аудандық, қалалық денсаулық сақтау бөлімдері арқылы жыл басында-ақ бөлініп, олар мұнда жыл бойы кезең-кезеңімен келіп емделіп қайтады екен. Орталық негізінен мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Бұдан тыс ақылы негізде де келушілерді қабылдайды. Яғни, бір жылда орташа есеппен 2550-ге жуық ана мен баланың жанына дауа болады. Олардың бір күндік емделу-тынығу ақысы үшін қазына қалтасынан 3869 теңге жұмсалады. Бұл мұқтаж жандарға айрықша қамқорлық емей не!? Биылғы жылғы сәуір айынан бастап, емделушілерді қабылдау жүйесі жоспарлы түрде госпиталдау бюросының порталы арқылы жүргізіле бастапты.
Орталықта қазіргі заман талаптарына сай келетін озық үлгідегі медициналық қондырғылар жеткілікті. Физио-интерефлексті, мануальді емдеу бөлімдері, клиникалық зертханалар жұмыс істейді. Арнайы қондырғы көмегімен де, оттегілі коктейль ішкізу арқылы да аяғы ауыр аналардың ағзасы, қанының құрамы оттегімен қосымша байытылып отырады. Бұл құрсақтағы нәрестенің қалыпты жетілуі үшін аса тиімді. Шетелдік қондырғы көмегімен, сәулемен немесе су астында уқалап емдеу, сондай-ақ, «шоң тұзы», түрлі иод ерітінділері, басқа да шипалы қоспалармен байытылған ванна қабылдау да жақсы нәтиже беріп жүр.
Емделушілер оннан астам ем түрімен қамтылады екен. Саламатты өмір салтын қалыптастыру ісі де кең көлемде насихатталынады. Мұнда келушілер (ересектер де, балалар да) дене жаттығуларымен шипажай ауласындағы арнайы орындарда, жүгіру жолдарында, осындағы жақсы жабдықталған емдік дене жаттығулары кабинетінде де (ЛФК) айналыса алады. Әрі гүлзар маңындағы ашық сахнада, демалыс бөлмесінде концерт тамашалап, түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуына да, бар кітапхана қызметін пайдалану арқылы денсаулыққа пайдалы кеңестермен оқып танысуына да мүмкіндіктері мол.
– Бұл – еліміздегі бірден-бір емдеу-сауықтыру орны. Емдеу-сауықтыру мекемесінің тұсауын 1996 жылы «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының өзі келіп кескен еді. Содан бері орталықта 50 мыңға жуық ана мен бала емделіп, денсаулықтарын түзепті. Қазір мұнда негізінен жүйкесі ауыратын, мешел балалар мен қан аздығы жүрек, бүйрек, іш құрылысы жағынан сырқатты аналар ем қабылдауда, дейді «Домалақ ана» атындағы ана мен баланы аялау орталығының бас дәрігері Гүлнар Әзімқұлова.
Гүлнар Молдасанқызы мұндағы емдік шараларының тиісті жүргізілуіне тікелей өзі бас-көз болып отырады. Дәрігерлер Людмила Старакожова, Гүлнар Жасқайратова, Рита Қиыбаева, Әмірбек Кауменов, тағы басқалары емделушілерге емімен де, сөзімен де шипа дарытып, олардың ертеден қара кешке дейін көңіл-күйлері көтеріңкі болуын басты назарда ұстаумен келеді. Тараз шаһарының табиғаты ең бір көркем, ауасы да таза, мәжнүнталдар көмкерген мүйісіне орналасқан, іргесінде толқынды Талас өзені бұлықси ағып жатқан осынау мекеннің шын мәнінде де аймақтағы көмекке мұқтаж ана мен баланың денсаулығын нығайту ісіне қосып отырған үлесі қомақты-ақ. Қайтар кезімізде орталықтың күтіміне алынған көңілі тоқ, уайымы жоқ бүлдіршіндердің алаңда әткеншек теуіп, доп ойнап, ашық сахнада өнерлерін ортаға салып мәре-сәре болып жатқанының куәсі де болдық. Балалар мұнда емделіп-тынығып қана қоймайды, бос уақыттарын да көңілді өткізеді. Облыста балалар үшін барлық жақсылық жасалып отырғанының өзі неге тұрады десеңізші!
Баймаханбет АХМЕТ.
Жамбыл облысы.