28 Желтоқсан, 2012

Іс тетігі – іскерлікте

402 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Іс тетігі – іскерлікте

Жұма, 28 желтоқсан 2012 7:28

Медициналық қызмет сапасын арттыру мен жоғары технологиялы денсаулық сақтау жүйесін дамыту ел дамуының жаңа сатысындағы мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қалыптасуы қажет. Бұл ойлар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген. 

Жұма, 28 желтоқсан 2012 7:28

Медициналық қызмет сапасын арттыру мен жоғары технологиялы денсаулық сақтау жүйесін дамыту ел дамуының жаңа сатысындағы мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қалыптасуы қажет. Бұл ойлар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген. 

Әдетте, медициналық қызмет сапасы кешенді түсінікті білдіреді және ол көптеген себептерді қамтиды, олардың ішінде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталу жағдайы, клиника мамандарының кәсіби деңгейі мен оны арттыруға деген уәждеудің болуы, медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету үдерістерін басқарудың заманауи технологияларының енгізілуі, сондай-ақ, медициналық көмекке ақы төлеудің тиімді әдістері секілді себептер де бар. Медициналық қызмет сапасын басқаруды жетілдіру Қазақстанның 2020 жылға дейінгі денсаулық сақтау саласын дамыту стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.
Бүгінде медицина қызметкерлерінің алдында қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға бағытталған жаңа міндеттер тұр. Олар да өз тарапынан осы міндеттерді іске асыруға бар күшін салуда. Мысалы, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығында басқару бойынша заманауи білім беру мен оқытуды дамыту және қолдау арқылы денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыру мақсатында құрылған Менеджмент орталығы жұмыс істейді. Бұл – заманауи менеджмент саласындағы ақпарат қозғалысын үйлестіретін орган, ол білім беру және консультациялық-үйлестіру қызметі саласындағы көшбасшы бола отырып, халықаралық және отандық тәжірибені зерделеп, оны денсаулық сақтау саласына трансферттеумен айналысады. Осы орталық жүзеге асырған сәтті жобалардың бірі ретінде  Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен өткізілген «Бүгін үздік – сен, ертең – бәрі» атты білім беру жобасын атап өтуге болады. 
Жоба заманауи менеджментті енгізудің қыр-сырына үйретіп қана қоймай, оның озық тәжірибесін кеңінен таратып, денсаулық сақтау ұйымдарын басқару тиімділігін арттыруды көздейді. Жоба медициналық ұйым басшыларына арналған қысқа мерзімді оқыту курстарын қамтиды, ол курстар EPOS Health Management халықаралық консалтинг компаниясы кеңестерінің негізінде әзірленген. Курста мынадай 6 негізгі бағыт қарастырылған: денсаулық сақтау саласындағы заң шығару мен әдеп, стратегия мен саясат, қызмет көрсету саласын басқару, адамдарды және өзін-өзі басқару, денсаулық сақтау саласындағы экономика мен қаржылық басқару, ақпараттық басқару мен статистика. Жоба ұйымдастырушыларының  негізгі талабына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы заманауи реформалар шеңберінде медицина ұйымдарын басқару тәсілдерін жетілдірудің барлық тетіктерін қамтитын бизнес-жоспар құрылады. Бұдан өзге, денсаулық сақтау саласындағы басқарушылардың 4 айлық қайта даярлау курстарында және магис­тратурада аса тереңдетілген бағдарламаларды зерделей алатындықтарын атай кету қажет.
Денсаулық сақтау министрлігінің жоспар-тапсырмасына сәйкес әрбір медициналық ұйым негізгі талаптар көрсетілген әдістемелік нұсқауларды басшылыққа ала отырып, өз «бизнес-жоспарын» әзірлеп, қорғауы тиіс болады. Жоспарда ең алдымен кәсіпорынның дербестігін арттыруға (демек, шаруашылық жүргізу құқығындағы мәртебесі бар ұйымдарға ауыстыру), бюджеттің кіріс-шығысын талдауға, қор үнемдеу тәжірибесіне және еңбекке сараланған ақы төлеу тәжірибесін қамтитын қызметкерлерді кешенді ынталандыру жүйесіне қатысты мәселелер қарастырылады. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, менеджмент жөніндегі оқу бағдарламалары қайта қаралды.
Біздің сұрақтарымызға жауап беруге ілтипатпен келісім берген Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Кәрімұлы ҚҰЛЖАНОВПЕН болған біздің сұхбатымыз осы және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты өзге де мәселелерді қамтиды.

– Мақсұт Кәрімұлы, денсаулық сақтау саласындағы менеджерлердің кәсіби деңгейін арттыру алдағы уақытта қалай жүзеге асырылатын болады?

– Бүгінде денсаулық сақтау саласында кәсіби менеджерлер институтын кезең-кезеңмен енгізу жүргізіліп жатыр. Осы үдерістің алғашқы кезеңінде консалтингтік компаниялар қазіргі басқарушылардың біліктілігін бағалай отырып, айтарлықтай кемшіліктер анықталған кейбір көрсет­кіштер бойынша медициналық ұйымдардың басшыларына қысқа мерзімді курстар өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта халықаралық менеджмент стандарттарына негізделген денсаулық сақтау саласындағы менеджерлерді рекрутингілеу, аттестация­лау және қызметінің тиімділігіне мониторинг жүргізу технологиялары енгізіліп жатыр. Осыған орай, медициналық ұй­ым­дардың басқару мен клиникалық қызметтері бір-бірінен алшақтайтын болады, демек, заманауи денсаулық сақтау жүйесінде медициналық ұйым басшысы, ең алдымен, жақсы басқарушы бола алуы шарт. Жаңа әдістеме бойынша менеджерлер 3 деңгейге бөлінетін болады: топ-менеджерлер (жоғары деңгей – бұл ұйымдардың басшылары және олардың орынбасарлары), орташа деңгей – құрылымдық бөлімшелердің басшылары, сондай-ақ, сызықтық деңгей – демек, белгілі бір үдерістік сызыққа жауапты менеджерлер. Өкінішке орай, денсаулық сақтау саласының басшыларын үздік мамандар қатарынан тартумен белгілі қазіргі қалыптасқан тәжірибе нағыз медицинаға қажет тәжірибелі дәрігерлер қатарының азаюына әкеліп отыр. Шынында, кәсіби дәрігердің өз бейіні бойынша мансаптық өсуінің күрделі болуына байланысты, олар басқару саласына қарай ауысады, нәтижесінде біз үстірт және дайындығы жоқ басқарушыларды ғана көре аламыз. Сонымен қатар, жоғары білікті мамандарды жоғалту салдарынан қазіргі уақытта тура мағынасындағы емдей алатын майталман мамандардың жетіспеушілігі сезіліп отыр, оның үстіне оларды дайындауға кететін қыруар қаржы мен уақытты қосыңыз. Байқап көрсеңіз, бұл басқа қырынан ал­ғанда да ұтымды шешім емес, мысалы, тамаша кардиолог маманды соншалықты ұзақ уақыт дайындап алып, кейін оны қолына ешқашан кардиограмма ұстамайтын басқару лауазымына тағайындайтыны секілді.

Осыған байланысты, «бас дәрігер» түсінігі бізге үйреншікті мағынасында ақырындап қолданыстан шығатын болады. Медициналық ұйымның бірінші басшысы директор деп аталатын бола­ды, ал оның жоғары медициналық білімінің болуы міндетті емес, есесіне ден­саулық сақтау саласын басқаруға ар­налған мамандандырылған құзыреті болса жеткілікті.

Мұндай мамандандырылған білім медициналық білімі жоқ мамандар үшін медициналық ЖОО-да дип­ломнан кейінгі даярлық түріндегі оқу бағдарламаларының аясында оқытылатын болады. Ал медициналық білімі бар, бірақ ақыры басқару саласын таңдаған мамандар үшін «денсаулық сақтау саласының менеджменті» мамандығы бойынша оқу бағдарламалары әзірленген.

– Бүгінде денсаулық сақтау саласына жоғары технологияларды енгізу туралы көп айтылып жүр, жалпы, бұл қалай жүзеге асырылады?
– Біз әңгіме етіп отырған саланың ұйым­дарын жетілдіру үшін ең алдымен жоғары мамандандырылған медициналық көмек (ЖММК) көрсету жүйесін дамытуымыз керек, себебі ол өз кезегінде осы көмектің халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Қазақстанның аймақтарына жоғары технологияға негізделген операцияларды тарату біздің саламыздағы инновациялық үдерістің, спектрді кеңейтудің және аймақтық ауруханалар мен республикалық клиникалар, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары (ҒЗИ, ҒО) арасында бәсекеге қабілетті жоғары сапалы қызмет көрсетуді дамытудың негізгі алғышарттарының біріне айналуы тиіс.

Бұл жұмысты атқару барысында ҒЗИ, ҒО және денсаулық сақтау жү­­­­йе­­сінің  ЖОО-ы осы үдерістің бар­­­лық элементтерінің өзара іс-әрекетін үйлестіретін бейінді деңгейдегі негізгі буын болып табылады. Олар өз кезегінде жоғары мамандандырылған медициналық көмекті дамытудың  ұлттық, салалық  жә­не  аумақтық басымдықтарының ке­лісімділігін қамтамасыз етеді, осы қыз­меттерді дамытуға арналған ғылыми жұ­мыстың басым бағыттарын айқындайды, ЖММК сапасын жетілдіруге арналған жаңа тәсілдерді іздестіреді және енгізеді, бейінді қызмет жұмысының қағидаттары мен нысандарын анықтайды.

Қазір диагностика, кардиохирургия, транспланттау, онкология шарықтап дамуда. Бұл ретте жаңа технологиялар өңір­лерге үздіксіз таратылуда. Мысалы, егер 2010 жылмен салыстырсақ, аудандық және облыстық ауруханалардағы ЖММК көрсету деңгейі 4 еседен артық өскен.

– Халыққа емханаларда медици­на­лық көмек көрсетудің келешегі қандай?

– Елбасының тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде бастапқы медициналық-сани­тарлық көмек (БМСК) көрсету технологияларын, пациентке бағдарлай отырып, түбегейлі өзгерту арқылы дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтеру үшін бүгін біздің алдымызға денсаулық сақтау жүйесін кешенді түрде жетілдіру міндеті қойылған. Осы міндет халыққа, оның ішінде, ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді және қызмет көрсету жеделдігін арттыруды  көздейді. Бұл орайда, әлеуметтік қызмет институттарын дамыту, жылжы­малы медициналық кешен түріндегі (ЖМК) көліктік медицинаны, сондай-ақ, санитарлық авиацияны және көліктегі медициналық пункттерді құру біз үшін басым міндеттер болып табылады.

Бүгінгі таңда саны 2000-нан асқан әлеу­меттік қызметкерлер қызметін пайдалану тәжірибесі медицинада алғашқы рет қолданылуда. Олар медицина қыз­меткерлерімен бірге тұрғындарға көмек көрсетуге қатысады.

БМСК көрсету қызметіндегі иннова­циялық бағыттардың бірі ретінде көлік медицинасын, оның ішінде, жылжымалы медициналық кешендерде профи­лак­тикалық және медициналық іс-ша­­ралардың жүр­гізілуін атауға болады. Бұл арнайы ав­токөлікке орналастырылған жылжымалы медициналық бригадамен жабдықталған және тұрғындарға, оның ішінде балаларға ерте диагностикалау, диспансерлік тексеру, уақытылы сауықтыру үшін медициналық тексеру мен скринингтер жүргізуге арналған амбулаториялық-емханалық кешен. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 50 ЖМК сатып алуға қаражат бөлінген. Өңірлердің мәліметтері бойынша, 2012 жылғы 1 қазанда  еліміздің 15 өңірінде (Алматы қаласын қоспағанда) 45 ЖМК 1200 елдімекенді қамти отырып, қызмет көрсетеді.

Осы жылы еліміздің темір жолдарымен «Денсаулық», «Жәрдем», «Сала­матты Қазақстан» медициналық пойыздары сапарға аттанатын болады, олар телемедициналық орталық, интернет жү­­йесіне қосылған спутниктік арнаны қо­са алғандағы  заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Бірақ, біз осы жеткен жетістіктерімізбен тоқтап қалмаймыз және 2012 жылдан бастап 2015 жылға дейін жолда зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған 12 көліктегі медициналық пункт құруды жоспарлап қойдық.

– Қазіргі уақытта отандық ғылым­ның бәсекеге қабілеттілігн арттыру қа­­жеттігі туралы жиі айтылып жүр. Осы мақсатқа жету үшін не қажет деп ойлайсыз?

– Ұлттық ғылымды дамыту мен реформалау зерттеулерден бастап олардың кейіннен практикада іске асырылуына, егер орынды болса, коммерциялануына дейінгі үдерістерді қамтуы тиіс.  Ол үшін медицина ғылымын басқару жүйесіне және ғылыми зерттеулерді қаржыландыру тетіктеріне өзгерістер, ынталандыру және жас ғылыми кадрларды тарту жүйесін әзірлеу, халықаралық стандарттар, технологияларды тиімді трансферттеу, белсенді ақпараттық алмасу мен халықаралық ынтымақтастық негізінде бәсекеге қабілетті ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін заманауи инфрақұрылымдар (ғылыми кешендер, орталықтар, зертханалар) құру қажет.

Ғылыми зерттеулерді нақты нәтиже­лерге жақындатуға, денсаулық сақтау саласының еліміз үшін өзекті мәселелерін шешуде жаңа деңгейге көтерілуге мүм­­кіндік беретін үлгі қажет. Басқаша айт­қанда, медицина ғылымы денсаулық сақтау саласында сұранысқа ие нақты түпкілікті нәтиже беруі қажет.

Қазіргі уақытта біздің ұйымның қызмет­керлері Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы бойынша Қазақстанның медицина ғылымы мен денсаулық сақтау саласындағы инновацияларды 2020 жылға дейін дамытуға  арналған тұжырымдаманың жобасы әзірленді.

Ғылыми-инновациялық үдерістің бар­лық деңгейлеріндегі менеджментті жетіл­діру жөніндегі іс-шаралар, прак­тикалық денсаулық сақтау жүйесіне жаңа технологиялар мен білімді трансферттеу мен таратуды, ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыру және тағы басқа міндеттерді қамтитын ғылыми және инновациялық инфрақұрылымды дамыту ұлттық медицина ғылымын дамытудың ұсынылған стратегиясының негізі болып қаланған. Осы міндеттерді іске асыру, менің ойымша, отандық денсаулық сақтау ұйымдарының ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытуға, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасауға мүмкіндік береді, сөйте отырып, мемлекетімізді халықаралық деңгейде мойындалуының одан әрі өсуіне ықпал етеді.

– Қазақстанның  денсаулық сақтау саласында медициналық ұйымдарды аккредиттеу процедурасының өткі­зілетіндігіне бірнеше жыл болды. Оның мақсаты қандай?

– Медицина қызметкерлері, ғалымдар және халықтың белсенді өкілдері бірнеше он жылдықтар барысында медициналық қызмет сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар, оны осы деңгейде ұстап тұруға да қатысты мәселелерді шешіп келеді.

Егер жекелеген елдер үшін сапаны қамтамасыз ету мәселесі өзекті болса, басқа елдер үшін оны жоғары деңгейде ұстап тұру маңызды. Медицинадағы жоғары сапаны қамтамасыз ету тетіктерінің ішінде медициналық ұйымдардың аккредитациясы ерекше орын алады, себебі ол ұйымның медициналық көмек көрсету жағдайының сыртқы бағасын көрсетеді. Ал объективті тұрғыдан бағалау үшін әр елде аккредиттеу стандарттары әзір­ленген және енгізілген, олардың мақ­саты денсаулық сақтау саласының сапасын үздіксіз жақсарту мен пациенттердің құқығын қорғау, ол өз кезегінде тиімді денсаулық сақтау жүйесінің негізгі бөлігі болып табылады. Қазақстанда аккредиттеу үдерісі 2000 жылдан бері жүргізіліп келеді. Биыл Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының аккредиттеу орталығы Денсаулық сақтау министрлігінің ықпалымен стационарларға арналған стандарттарды пысықтады. Бұл стандарттардың аккредитациямен айналысатын барлық ұйымдардың аккредиттеу стандарттарына сыртқы бағалау жүргізетін ұйым болып табылатын денсаулық сақтау саласындағы сапа жөніндегі халықаралық қауымдастық – ISQua-ның халықаралық аккредиттеу стандарттарына сәйкестігі расталды және мақұлданды. Жаңа аккредиттеу стандарттарына тестілік сынама жүргізілді, еліміздің медициналық ұйымдары әзірленген аккредиттеу технологияларын  өте жоғары бағалауда. Олай болса, біз Елбасының тапсырмаларын өз уақытында орындап келеміз.

– Денсаулық сақтау саласындағы пациенттердің құқығын қорғау қалай жүзеге асырылып келеді?

– Медициналық көмектің тиімділігі мен сапасы, медициналық әсер етулердің нәтижелілігі көп жағдайда емдеу мекеме­сінің материалдық-техникалық жағдайына ғана емес, сонымен қатар, пациенттің медициналық қызмет көрсету мен медицина қызметкерлерінің өздеріне жасаған қарым-қатынасына қанағаттану деңгейіне, жалпы денсаулық сақтау саласына деген сеніміне де байланысты болады.

Қазіргі таңда пациенттердің құқығын қорғау үшін мемлекеттік органдарда сенім телефондары, ал медициналық ұйымдарда ішкі аудит қызметі енгізілген, ол ем алып жатқан пациенттердің шағымдарын қа­растыруды, пациенттер мен олардың туыстарына әлеуметтік сауал жүргізуді қа­растырады.

Одан бөлек, еліміздің денсаулық сақ­тау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде медициналық қызмет сапасын қамтамасыз ету тәуелсіз медициналық сараптама жү­йесін құру арқылы жүзеге асатын болады. Ол медициналық қызметтің объективтілігі мен анықтығын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Әлемдік практикада, сондай-ақ, экономиканың басқа да салаларында тәуел­сіз сараптама кеңінен қолданылады. Бүгінгі күні тәуелсіз сарап­шылардың мә­ліметтер банкі құрылған, оған 150 аккредиттеуден өткен сарапшылар және 6 кәсіби медициналық ассоциация кіреді.

– Мақсұт Кәрімұлы, медициналық көмек сапасына сараптама қалай жүргізіледі?

– Бүгінде бұл пациенттер үшін де, медициналық ұйымның басшысы үшін де ең маңызды сұрақтардың бірі болып табылады. 2012 жылғы қаңтардан бастап қызмет сапасына сараптама жүргізу мәселесі «Медициналық қызмет сапасын басқару жүйесі» деп аталатын автоматтандырылған бағдарламалық кешенге ауыстырылды. Оның көмегі арқылы емдеумен байланысты асқыну, қайталап және негізсіз стационарға емделуге жатқызу секілді көптеген сапа ақауларын стационарда емделген науқастар үшін автоматтық іріктеме жасай отырып ала аласыз. Бірақ объективті және ақырғы шешімді қабылдау үшін осы іріктемені екі сатылы бағалаудан өткізеді. Бұл көмек көрсету сапасын Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының деңгейінде біріншілікті бағалау және әрі қарай ақпарат бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті мен Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті деңгейлерінде сарап­шылардың соңғы шешім қабылдауы. Бағдарламалық кешен қызмет сапасын бақылау үдерісінің анықтығын қамтамасыз етеді және дәрігер-сарапшылардың жұмыс үдерісін айтарлықтай жетілдіреді.

– Өткізілген іс-шаралардың пайдасы қандай? Олар денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал ете ме?

– Амбулаториялық-емханалық қызметті күшейту денсаулық сақтау саласының стратегиялық міндеті болып табылады, ол ауруханаларға жоспарлы жүктеменің азаюына әкеп соғуы тиіс. Денсаулық сақтау жүйесінің барлық буындарының өзара байланысы кешенді міндеттерді шешуді талап етеді. Ауруханалар мен емханалар санын жай ғана азайту арқылы реттелуі қаншалық оңай болып көрінгенімен де, халықтың тәуліктік стационарлық көмекті тұтынуын азайта алмайды. Тәуліктік стационарларға келіп түсетін пациенттер ағымы біріншілікті буында, демек емханалар мен отбасылық амбулаторияларда сапалы медициналық көмек көрсетілген жағдайда ғана азаяды.

Ол үшін отбасылық немесе учаскелік дәрігерлер науқастар олардың кәсіби деңгейіне сеніп, өз денсаулығына байланыс­ты кеңес ала алатындай науқастардың ең жақын адамына айналулары керек. Мұның бәрі пациенттің көптеген мәселелерін бірден сол жерде, яғни қажеттілік болмаған жағдайда оларды ауруханаға баруға мәжбүрлемей-ақ немесе жедел жәрдем шақырмай-ақ шешуге мүмкіндік береді. Пациенттер шағымының 80%-дан астамы амбулаториялық қызметтің жұмысын және тек 15-18%-ы ғана стационарлық емдеуді қозғайтынын естен шығармау керек. Бұл ретте, ауруханалар сұранысқа ие болып қалуы үшін және қосымша кіріс алуы күндізгі стационарларды, медбикелік күтім бөлімшелерін дамытулары және өзге қаладан келушілер үшін пансионаттар ашулары қажет.

– Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі еркін таңдаудан басқа қандай артықшылық көрсете алады?

– БҰДЖ енгізгеннен кейін медициналық қызметкерлерді уәждеу тетіктері сапалы медициналық көмек көрсету жағына қарай өзгерді. Ауруханаларда медицина қызметкерлерінің еңбегіне түпкілікті нәтижеге сүйене отырып, сараланған ақы төлеу жүйесі енгізілді. Амбулаториялық деңгейде емхана қызметкерлерін уәждеу жан басына шаққандағы компонентке ынталандырушы компонент түрінде қолданылады. Осы ынталандыру әдісі амбулаториялық буындағы медициналық ұйымдарға ғана қатысты бола алады жә­не бекітілген тұрғындар денсаулығына қатысты белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу деңгейіне қарай төленеді. Ауру­ханалар мен емханаларды еркіндікке жібере отырып, Денсаулық сақтау минис­трлігінің мамандары дұрыс есеп жасады. Дәрігерлер тек тиімді емдеп қана қоймай, сонымен бірге, көп табыс таба да бастады. Қағидат қарапайым. Әрбір емделген науқас үшін мемлекет ақша бөледі. Маман неғұрлым сұранысқа ие болса, соғұрлым артық ынталандырылады. Мысалы, 2011 жылы медбикенің орташа жалақысы 54892 теңгені құраса, 2012 жылғы 1 шілдеде 76130 теңгені құрады. Дәрігердің орташа жалақысы 80739 теңгеден 106835 теңгеге өсті.

– Денсаулық сақтау саласында жүр­гізіліп жатқан реформалардың халыққа пайдасын қалай бағалайсыз?

 Жүргізіліп жатқан реформалар әртүрлі тұрғыдан бағаланады және ел халқының денсаулық күйін бағалауда маңызды рөл атқарады. Ал халық денсаулығының күйі қазіргі уақытта айтарлықтай жақсарған. Мемлекеттік бағдарламаны бағалау ин­ди­каторларының негізін қалаған ауру­шаңдық, өлім-жітім, онкологиялық-эпи­де­миологиялық көрсеткіштер негізгі ден­саулық көрсеткіштері болып табылады. Және біз бүгін осы көрсеткіштердің оң динамикасы туралы айта аламыз, ол өз кезегінде денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының сәтті жүзеге асырылып жатқандығын білдіреді.

– Ауылдық денсаулық сақтау салысында қандай өзгерістер болып жатыр?

– Бүгінгі таңда мемлекет ауыл медицинасын дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. БҰДЖ арқасында ауыл тұрғындары үшін барлық деңгейдегі стационарларға қолжетімділіктің айтарлықтай артқан­дығын айта кету керек. Сондай-ақ, ста­­ционарлық көмекке ақы төлеудің жаңа әдістері мен пациенттің стационарларды еркін таңдау мүмкіндігі ауыл ауруханаларының өміршеңдігіне қауіп төндіре бастады. Осыған байланысты ауылдық денсаулық сақтау секторын нығайту үшін және ауыл ауруханаларының қаржылық тұрақтылығын арттыру үшін жаңа келе жатқан жылдан бастап, ауыл­дық жерлердегі медицина ұйымдарын қаржыландырудың жаңа әдісін енгізу жоспарланып отыр. Бұл ауруханаларға олардың тұрақты жұмыс істеуі үшін белгілі бір қаржыландыру көлемі кепілдендірілген жаһандық бюджет әдісі болып табылады.

– Біз мемлекеттің кепілдіктер шеңберінде тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ететінін білеміз. Халықты тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету жөнінде сіз не айта аласыз?

– Амбулаториялық деңгейде берілетін дәрілік заттардың тізбесі 2012 жылы 176-дан 276-ға дейін, яғни 40%-ға көбейгенін айта кету қажет. Жүректің ишемиялық ауруы, артериалды гипертензия, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, пневмония, жара аурулары, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, жүрек қызметі аритмиясы ауруларын емдеу­ге қолданылатын дәрілік заттардың түрі көбейді. Тізбе жеке ауруларды біріктіру, дәлелденген медицина қағидаттарына сәйкес дәрілік заттарды қайта қарау және дәлелденген тиімділігі жоқ препараттарды алып тастау жолымен  оңтайландырылған.

Бұл тұрғыда тегін дәрілік заттарды азаматтардың емханадан шықпай-ақ медициналық ұйымда арнайы ұйым­дастырылған дәріхана пунктінен ала алатыны маңызды факт болып табылады. Және де осы жылдың басынан бастап енгізілген Бірыңғай ақпараттық денсаулық сақтау жүйесі біздің халқымыз үшін маңызды ыңғайлылық әкелуді көздейді.

Сондай-ақ, амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру шеңберінде амбулатория деңгейінде дәрілік заттармен үздіксіз қамтамасыз ету және препараттарға қолжетімділікті арттыру мүм­кіндігі бойынша маңызды жұмыстар жүргізілген. Қымбат тұратын аурулар бойы­н­­­­­­­­­ша дәрілік заттар республикалық бюджет қаражатынан сатып алынады, ал жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат тізілімде қалған ауруларды жабуға жұмсалады. Бұл диспансерлік есепте тұрған пациенттерді қажетті препараттармен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Сонымен қатар, жыл­дың басында дәрі-дәрмектерді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау басқармаларына дәрілік заттарды орталықтан сатып алуды жүргізуге мүмкіндік беретін нормативтік актілерге қажетті өзгертулер енгізілген.

Ресімдердің ашықтығын және па­циенттерді есепке алуды тәртіпке келтіру­ді қамтамасыз ету үшін жылдың басынан бастап қымбат тұратын аурулар бойынша науқастар тізілімі құрастырылған, сонымен қатар, қазіргі уақытта басқа да диспансерлік науқастар бойынша да тізім құрастырылуда.

Барлық осы шаралардың жүзеге асуы біздің азаматтарымызға 2012 жылдың басынан бастап дәрілік заттарды тікелей емханадан тегін алуға мүмкіндік берді.

Қорыта келе, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметі сапалы медициналық қызмет көрсету үдерісіне маңызды оң түзетулер енгізетінін қосқым келеді. Түбегейлі өзгертулерсіз болмайды, бірақ, енгізуге жоспарланған инновациялар тек аймақтық, демографиялық және әлеуметтік-экономикалық ерек­шеліктерді есепке ала отырып, қазақстандық денсаулық сақтау моделіне бейімделген халықаралық тәжірибеге ғана негізделетін болады.

– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баев Қазақстан халқына арналған ке­зекті Жолдауында республиканың денсаулық сақтау жүйесіндегі де бірқатар ба­сымдықтарды атап өтті. Негізгі ретін­де мыналар аталды: сапалы және қол­жетімді медициналық қызметтерді ұсыну, «электронды медицинаны» енгізу, аурулардың ең кең спектрін диагностикалау және емдеу, сондай-ақ, ауылдық жерде профилактикалық медицинаны және денсаулық сақтау саласын дамыту.

– Осы бағыттағы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Осылайша, ағымдағы жылы қанатқақты режімде мынадай электрондық қызметтер іске қосылды: дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақырту және халықты медициналық ұйымға тіркеу. Келесі жылы 5 мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіру жоспарлануда. Оған қоса, республиканың медициналық ұйымдарын аккредиттеу бойынша жұмыс жүргізілуде. ТМККК орындауға мемлекеттік тапсырысты тек аккредиттенген мекемелерде орналастыру басқа медициналық ұйымдарды көтеруге мәжбүрлейді, бұл ақырында халыққа ұсынылатын медициналық қызметтер сапасының артуына әкеледі. Көптеген шамалар бойынша сәйкес келетін алғашқы 5 медициналық ұйым айқындалды және оларды халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттеуге даярлауда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік белсенді дамуда. Орталығымызда тиісті құрылым ашылды. Оның қызметкерлері қазіргі кезде Алматы және Қарағанды қалаларында МЖМӘ негізінде университеттік клиникаларды салу жөніндегі мәселені пысықтауда. Денсаулық сақтау министрлігінің, ме­дициналық қызметтердің бейінді ма­ман­дарының және орталығымыздың күшімен медициналық көмекті көрсетудің 6 салалық стандарты әзірленді және 40 клиникалық нұсқаулық бейімделді. Осы құжаттар отандық дәрігерлердің жұмысын халықаралық өлшемдерге сәйкес стандарттауға мүмкіндік береді.

Қорытындысында Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының қызметі сапалы медициналық қызметтерді көрсету үдерісіне жағымды түзетулерді енгізетініне сенімдімін. Түбегейлі өзгеріссіз болмайды, бірақ, енгізуге жоспарланатын инновациялар аумақтық, демографиялық және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерді есепке ала отырып, денсаулық сақтаудың қазақстандық үлгісіне бейімделген тек қана халықаралық тәжірибеге негізделетін болады.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

ӘңгімелескенАйбек МАНАБАЕВ.