Қоғамдық талқыға түскен бастаманы Президент алдында көтерген семейлік ақынның айтуынша, қазақ әдебиетіне жаңа леп әкеліп, жас қаламгерлердің кәсіби шеберлігін шыңдайтын академия ашу идеясы бір жыл бұрын Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған жас ақын-жазушылардың кеңесінде туған. Мерей Қарт жоба мақұлданса, оның ары қарайғы құрамы мен қызметі нақтыланатынын, қазіргі ойы бойынша академия қазақ әдебиетінің халықаралық мәртебесін арттыруға мүмкіндік беретінін айтады.
– Жас қаламгерлерге арналған әдебиет академиясын ашу мәселесі Қазақстан Жазушылар одағының бірнеше отырысында, ақын-жазушылардың жиындарында жиі көтеріліп жүрді. Жас ақын-жазушылардың кеңесінде осы тақырып талқыланғанда, еліміздің әр өңірінен жиналған жастар Әдебиет академиясын құру туралы ұсынысқа тоқтады. Көп адамның көкейінде «Жазушылар одағы тұрғанда Әдебиет академиясы неге керек?» деген сауал туғаны белгілі. Академия әдебиетке бет бұрған жастарға әлем ойшылдарының шығармасымен жақын танысуға, халықаралық деңгейдегі мамандардан онлайн дәрістер алуға, әдебиет саласындағы соңғы тенденцияларды игеруге жағдай жасайды. Қазақ әдебиетінде байқалатын тағы бір мәселе – аударма саласы дамуының кенже қалуы. Қазақ тіліндегі шығарма әуелі орыс тіліне, одан ағылшын тіліне аударылады. Осылай отандық туынды әлем әдебиетіне қосылып, шетелдік оқырманның қолына жеткенше сөз мәйегі сұйылып, сапасы төмендеп кетеді. Академия төл әдебиетін жетік меңгерген азаматтан қазақ тіліндегі шығармаларды өзге тілге еркін аударатын маман тәрбиелеуді мақсат тұтады.
Әдебиеттанушы Айгүл Ісмақованың пікірінше, әдебиет академиясын құру осыған дейін зерттелген еңбектердің насихатын арттырып, ойлы шығарманы қалың оқырманға жеңіл тілмен жеткізуге жол ашады.
– Әдебиет академиясын құру туралы бастаманы қолдаймын. Өркениетті елдердің бәрінде әдебиет пен өнерге қатысты осындай арнаулы мекемелер баршылық.Ахмет Байтұрсынов «асыл сөз» деп атаған әдебиет қай заманда да керек. Оған қарап ұлттың басты руxани құндылықтарын тануға болады. Біздің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қазақ әдебиетінің он томдығын, «Бабалар сөзінің» жүз томдығын, әдебиеттану тариxы мен әлемдік әдебиеттанудың үш томын шығарды. Бірақ қазір ондай көлемді шығарманы ешкім сөреден алып оқымайды. Цифрлы дәуірде әдеби туындыларды бүгінгі тілмен жеткізіп, шетелге жаңаша дискурста танытудың формалары қажет. Сондықтан Әдебиет академиясы зерттеліп қойған дүниелерді тарату, насихаттау, жаңа үлгіде таныстыру мақсатындағы презентациялық жұмыстармен айналысса болады. Одан бөлек, Әдебиет академиясы жұмысынан күтілетін тағы бір ерекшелік бар. Қазір маған көп ақын, жазушылар «Жазғанымды қарап беріңізші», «Шығармама пікіріңіз қажет», «Неге дұрыс жаза алмаймын?» «Бүгінгі әдебиеттің басты кейіпкері кім?» деген әртүрлі сұрақпен жиі хабарласады. Олардың бәріне телефонмен кеңес беру мүмкін емес. Жазушылар одағында жас қаламгерлердің жазғанын түзеп, білімін жетілдіріп, «қазір 300 бет романды ешкім оқымайды, көлемін 30 бетке дейін түсіріңіз» деп қазіргі дискурс ережелеріне сай ұсыныс жасау жағы ақсап тұр. Академия құрылса, белгілі жазушыларды шақырып, шеберлік сағаттарын өткізуге, жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік туады.
Сарапшы өз ойын Әдебиет академиясының іргесі қаланса, оған Мағжан Жұмабаевтың аты берілуі керек деген ұсыныспен жалғады.
– Академия құрылса, оған Мағжан Жұмабаевтың есімі берілгені дұрыс деп есептеймін. Мағжан – ұлт, салт-дәстүр, бала тәрбиесі жаңа заманда қалай іске асуы керектігін қазақ тілінде жазған тұңғыш ғалым, «Педагогика» деген үлкен ғылыми-зерттеу кітабының авторы. Оның сыни әдебиеттану зерттеулері әлі күнге осы саладағы еңбектің қалай жазылуы керектігін көрсететін үлгі болудан қалған жоқ. Ол – Абылайхан, Кенесары бастаған бүкіл ұлттық қозғалыс батырларын алғаш әдеби кейіпкер еткен ақын. Кеңес Одағы тұсында өмір сүрген тарихшылар жазбаған Баян батырдың кім екенін, оның жоңғарға қарсы күресте қандай тарихи рөл атқарғанын Мағжан Жұмабаевтың шығармасынан таныдық. XX ғасыр басында Мағжанды Толстой бастаған Мәскеудің саяси, әдеби, ғылыми ортасы танып, В.Брюсов оны «Қазақтың Пушкині» деп бағалаған. Түркияда Мағжанның «Мен жастарға сенемін» өлеңін жатқа біледі. Ақынға қойылған алғашқы ескерткіш те Анкарада тұр. Ал Қазақстанда «Абайдан кейінгі ақын» деп Әлиxан Бөкейxан мен Аxмет Байтұрсынұлы мойындаған Мағжанның атында бірде-бір мекеме жоқ. Сондықтан Әдебиет академиясы жобасы қолдау тапса, оған Мағжанның атын беру әділдіктің орнағаны болар еді.
Олжас Қасым әдебиет академиясы туралы бастама қазіргі қаламгерлердің көкейіндегі мәселені қозғады деп есептейді. Өркениетті елдердің бәрінде әдебиетке қолдау көрсететін ұйымдар барын тілге тиек еткен ақын, әлем тәжірибесінен бірнеше мысал келтірді.
– Алғашқы әдеби академиялардың тарихы 1600-жылдардан басталады. Польшада мұндай әдебиетке қамқор ұйымның негізі 1930 жылы қаланды. Германиядағы әлемге әйгілі Гете институтын білмейтін жан кемде-кем. Екі жыл бұрын Әзербайжан еліне барғанбыз. Онда қазақ ақындарының еңбегі аударылып, антология болып басылып еді. Сол кезде еңбек жолын енді бастаған қаламгерлердің мәртебесін арттырып, оларға әдеби білім беретін Әзербайжанның жас жазушылары одағының жұмысымен танысқанбыз. Әдебиет үйінде Әзербайжан фольклорын зерттейтін, жаңа заман әдебиетінің мәселелерін көтеретін, оны дамытуға бағытталған арнаулы бағдарламалармен жұмыс істейтін секциялар барына куә болдық. Осыдан-ақ көрші түркітілдес елдердің тың бастамалар жөнінен бізден көш ілгері екенін байқауға болады. Менің ойымша, Әдебиет академиясы туралы ұсыныс бүгін ғана талқыға шығарылмай, әлдеқашан құрылып, қазір жұмысы жанданып жатуы керек еді. Әдебиет академиясы құрылса, қазақ әдебиеті әлемдік аренаға көтеріліп, Абайдан бастап, қазіргі жас буынға дейін жаңа кеңістікке құлаш сермейтін еді. Бұл үшін бізге әлемнің әдеби қауымдастығы мойындайтын тұлғалар, менеджерлер мен әдеби агенттер қажет. Қазір жас жазушылардың көбі шет тілін білмейді. Сондықтан академияда әлемнің кең таралған он шақты тілін оқытатын, қаламгердің қызығушылығына қарай зерттеу бағытын белгілейтін секциялар құрылса деймін.
Жазушы Бексұлтан Нұржекеев әдебиет заңдылығын білмейтін жастар көп екенін, Әдебиет академиясын құру осындай қаламгерлерге жақсы мектеп болатынын айтады.
– Көп жастар әдебиет заңдылығы мен теориясын білмейді. Әдебиет теориясы талантсыз адамнан жазушы жасай алмайды, әрине. Бірақ кез келген өнердің өзіндік заңы болады. Көбі соны сақтамайды. Мәселені жазу тәсілі мен оқырманға жеткізу жолдарын әдебиет теориясын оқу арқылы ғана табады. Әдебиет академиясы осындай мектеп бола алады. Онда жастар біреудің шығармасын талқылап, оған пікір айту арқылы машықтанады. Шығарманың нанымдылығы, оқырманға әсер ету жолдары түсіндіріледі. Әдебиет академиясында белгілі қаламгер, жазушылар өз шығармашылық жолын айтып, жастармен тәжірибесін бөлісуі керек. Алдымыздағы ағалардың көбі өзінің жазушылық шеберханасын ашып кетті. Біз сөз етіп отырған академия сол мұраны жинақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуі тиіс, – деді.
Әдебиет академиясы туралы айтылар пікір мен оған артылған үміт мол. Әр жазушы бүгінгі батыл бастаманы қазақ әдебиетінің қазіргі мәселелерін шешіп, тынысын кеңейтетін үлкен мектепке айналады деп сенеді. Ендеше мемлекеттік қолдау жастардың қауырсын ойына қанат бітіреді, отандық туындылар жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз.
Інжу АСҚАРБЕК