Өскелең ұрпақтың базбір өкілдері ақ жолдан адасып, залым күштердің, жат ағымдардың жетегінде кетіп жататыны бар. Елбасының Жастар жылы салтанатында атақты «Жусан» операциясы туралы сөз қозғауы, жастарды бостан басын бодан етуден сақтандыруы да осыдан.
Ел тарихында елеулі оқиға ретінде қалар осы маңызды жылдың ашылу рәсімінде Қазақстан Президенті өскелең ұрпақтың дарынды өкілдеріне, жас кәсіпкерлер мен инноваторларға, жас отбасыларға іргесі бекіп, буыны қатайғанша қолдау көрсету бойынша көптеген тың тапсырмаларын, жаңа бастамаларын жария етті. Мемлекет басшысы былтыр өз бастамасымен құрылған «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде Қазақстанда әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамытуды жүктеді. Сондай-ақ Үкіметке 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
«Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысының құрылуына біздің Ауған ардагерлері және өзім басқаратын «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығы белсенді атсалысты, енді оның қазіргі жұмыстарын ілгерілетуге үлес қосуда. Мен мәселен, «Жас сарбаз» РҚБ үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасарымын.
Бүгінде Елбасы қойған міндеттер мен тапсырмаларды орындау мақсатында Қорғаныс министрлігімен бірге, «Жас сарбаз» қозғалысының республикалық және өңірлік деңгейлердегі іс-шараларының жоспары бекітілді. Оның аясында «Жастар – Отанға» лагерлері, «Жігерлі жас сарбаз» және басқа да ірі жобалар қолға алынуда. Ал «Әскердегі күндер» жобасы шеңберінде жасөспірімдер екі күнге әскери бөлімдерге барып, жауынгерлердің тыныс-тіршілігімен танысады, қару түрлерін бөлшектеп, қайта жинауды үйренеді, ел қорғаудың мәнісі мен маңызына қанығады. «Әскердегі күндер» әр аймақта жылдың әр мезгілінде бір реттен ұйымдастырылады. Мысалға, көктемде – наурыз, ал жазда – шілде айында өткізіледі.
Бұдан өзге, әрине Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлерінің тағылымы мен ұлағатын, ақылы мен кеңесін тыңдау үшін жай кездесулер ғана емес, балалардың олармен жақын араласуы, бос уақыттарын ардагерлермен өткізуі жолға қойылады. «Жас сарбаздың» барлық өңірлерде төл желілері болады. Қозғалыс мұның сыртында жастарды өз қатарына көптеп тарту үшін өз қызметінде әлеуметтік желілерді, youtube-арналарды кеңінен пайдаланады.
Жалпы, «Жас сарбаз» қозғалысының басты мақсаты – барлық өңірлеріміздегі жас қазақстандықтарға өз әлеуеттерін жүзеге асыруына жәрдемдесу, оларға өршіл батырларымыз үлгісінде патриоттық тәрбие беру, бойларына Отанға деген сүйіспеншілікті егу, рухани кемелдікке алғашқы қадамын жасауына септесу болып табылады.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
«Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығының төрағасы, Мәжіліс депутаты