30 Қаңтар, 2019

Асылхан Төлепов: Өнердегі өрендерді қолдауды сезіндік

1271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Асылхан Төлепов: Өнердегі өрендерді қолдауды сезіндік

Мен Жастар жылының ашылу салтанатынан ерекше әсер алдым десем артық айтқандық болмас. Президентіміз барша жастарды өздерінің əлеуетін белсенді жүзеге асыруға, мүмкіндіктерін барынша пайдалануға, заманауи білім алып, күннен-күнге шыңдала түсуге шақырды. Бұл сөздер ғылым, өнер, жеке кәсіптегі, спорттағы замандастарымызға серпіліс әкелері сөзсіз. 

Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп белгілеуінің өзі жастар үшін үлкен мәртебе. Ендігі міндет – бізге артылған жауапкершілік үдесінен шыға білу. Мәдениет пен спорт саласындағы жастар биыл көрсеткіштерін еселеп, бұрын арман болған шыңдарын бағындырарына сенімдімін. 

Мәселен, қазір кино саласында атқары­лар жұмыстар көп. Мәселен, Елбасының былтырғы Жолдауынан кейін Сенат депутаты Дариға Назарбаевамен кездесулердің бірінде ұлттық мәні бар фильмдердің санын көбейтіп, патриоттық рухтағы 50 кино түсіруге ұсыныс жасадым. Ол тек тарихи кинолармен шектеліп қалмауы тиіс. Дәлірек айтқанда, осы тәуелсіздік жылдары ішінде ерен еңбектерімен, көзсіз батырлықтарымен көзге түскен қыз-жігіттер баршылық. Мысалы, Бекзат Саттарханов тәрізді ағалары­мыз туралы фильмдер жастарға қуат беретіні анық. Сонымен қатар тек спортпен ғана шектелмей, ғылым, медицина, өндірістегі жастарымыз да тым жақсы кейіпкерлерге айналар еді. Міне, осы жобалар жүзеге асарына сенімдімін. 

Асылхан ТӨЛЕПОВ,

театр және кино актері