Аймақтар • 30 Қаңтар, 2019

Солтүстік Қазақстанда заманауи мектеп мәселелеріне арналған республикалық жиын өтті

794 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жаңа буын мектебі: келешегі мен мүмкіндіктері қандай?» деген  ауқымды тақырыпты қамтыған кеңейтілген алқа кеңесіне білім саласын бақылау департаментінің, педагогикалық шығармашылық , «Өрлеу» ұлттық орталығы, «Назарбаев зияткерлік мектебі», заманауи білім беру ұйымдарының өкілдері,  кәсіподақ, қоғамдық бірлестік жетекшілері қатысты.

Солтүстік Қазақстанда  заманауи мектеп мәселелеріне арналған республикалық жиын өтті

Алдымен жиналғандарға мектепке дейінгі, жалпы және орта білім беру, тәрбие жұмысы, техникалық және кәсіптік білім беру бағыттары бойынша педагогтардың мақалалары енгізілген жинақ таныстырылып, мұғалімдердің авторлық бағдарламалары, озық тәжірибелері ұсынылған инновациялық көрме тамашаланды. Одан кейін  алқа мәжілісі аясында 500-ден астам білім саласы маманына арналған бес секциялық отырыс ұйымдастырылды. Оларға «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова, «EDTECH» халықаралық білім беру орталығының бас директоры, Қазақстан Ұлттық «ЮНЕСКО» клубтары федерациясының вице-президенті, РһD докторы Ғани Бейсенбаев, «САGarden School» атқарушы компанияcының бас директоры, «Astana Garden School» негізін қалаушы Нұрмұхаммед Досыбаев, жеке мектеп басшылары қатысып, мектептерді басқару формалары, топ-менеджерлер резервін құру, сапасын арттыру мәселелері бойынша баяндама жасап, тәжірибемен бөлісті.  «Қазинтерсервис» компаниясының робототехника бөлімінің менеджері Ұлан Жамлиханов 3D принтинг және виртуалды шынайылық инновациялық білім беру технологияларын, интерактивтік оқыту жүйесін таныстырды.

Кеңейтілген алқа мәжілісін ашқан облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова еліміз бен шетелдік білім беру жүйелерінің негізгі айырмашылықтарын сөз ете отырып, соңғы жылдары қазақстандық жүйе елеулі өзгерістерге ұшырағанын атап өтті.

«2018 жылы өңіріміздің білім саласына құйылған инвестиция көлемі 2017 жылмен салыстырғанда, 3,5 есеге артып, 6,5 миллиард теңгеге жетті. Биыл материалдық-техникалық базаны нығайтып, білім алушылардың сауаттылығын арттыру мақсатымен 60 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді», деді ол.

Білім және ғылым министрлігі Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық академиясы орта білім мазмұнын әдіснамалық қамтамасыз етуді үйлестіру орталығының директоры Қарлығаш Құдабаева «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасымен таныстырды. Ұстаздарды талқылауға белсене қатысуға шақырды. Қазіргі мектептердегі ақпараттандырудан бастап білім беру техносферасына дейінгі үдеріс жайында «EDTECH» Халықаралық білім беру орталығының бас директоры Ғани Бейсенбаев баяндап берді.

Алқа мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қорытындылап, білім беру жүйесінің кадрлық әлеуеті еліміздің білім саласын дамытуға, күрделі мемлекеттік міндеттерді шешуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы