Бүгінгі қазақ анимациясындағы тынымсыз ізденістер мен жасалып жатқан жұмыстар ұлттық ерекшеліктерді жаңаша көзқараста тануға, өз көзқарастары тұрғысынан қайта ұсынуға бағытталған. Осы үрдіс кәсіби маман ретінде дара қолтаңбаларын қалыптастырып үлгерген шығармашыл жастардың, дарынды режиссер-аниматорлардың шығармашылықтарында жанданып, жалғасын табу үстінде.
Заманауи қазақ анимациясының ілгері дамуына үлес қосып, шығармашылықтарында жаңашылдыққа, ұлттық нақыш пен рухани терең, көркем туынды жасауды мақсат тұтқан Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, Адай Әбілда, Жәнібек Нұрбекұлы сияқты режиссер-аниматорлардың тандемінен «Мұзбалақ», «Күлтегін» атты толықметражды анимациялық фильмдері өз көрерменіне жол тартқан болатын.
Тұрдыбек Майдан Қытайдың Шәндұң өлкесіндегі Хызы қаласында көркемсурет колледжін тәмамдаған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында режиссер-аниматор Т.Мұқанованың шеберханасында тәлім алды. Оның «Ақ қаз» мультфильмі «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде «Үздік ұлттық фильм» аталымын жеңіп алды.
Тілек Төлеуғазы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында режиссер-аниматор Т.Мұқанованың шеберханасында дәріс алды. Оның «Нүктелер» фильмі V Республикалық «Дидар» кинофестивалінде «Үздік анимациялық еңбек» аталымы, «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде «Үздік идея» аталымы бойынша марапатталған.
Т.Майдан мен Т.Төлеуғазының «Тастүлек» анимациялық фильмінің жалғасы әрі жаңартылып толықтырылған нұсқасы ретіндегі «Мұзбалақ» туындысы адам мен бүркіттің арасындағы достықты баяндайды. Достық тақырыбынан бөлек көркем шығармаға сай терең мағына мен өзіндік құндылықтар жетерлік. Маңыздылығы сол, аталмыш туынды қазақ халқының шынайы болмысын, ұлт ретіндегі ерекшелігін кеңінен ашуға талпынады.
«Мұзбалақ» адам мен бүркіттің достығы, адамның тіршілікке, адамзатқа деген көзқарасынан бөлек қазақтың нағыз болмысын көрсетуді мақсат тұтқан. Шығарманың тақырыбы мен идеясы ұлттық құндылықтарды аттап кетпей, оқиғалық шиеленістермен өрбітілген. Атап айтар тағы бір ерекшелігі, Ұшқын Жамалбек пен «Хассақ» тобымен туындыға арналып арнайы саундтректің жазылуы. Себебі дәл осы саундтрек жазу әлемдік озық студиялардың өнерінде кең етек алған. Екінші жағынан, аталмыш ән оқиғаны визуалды түрде қабылдауда ішкі тебіреніс тудырып, лирикалық бағытын айқын етеді. Ұлттық аспаптардың ансамблі шығармаға жаңа дем беретіндей. Бұл да бұрын-соңды болмаған құбылыс. Рас, соңғы онжылдықта жарық көрген кейбір анимациялық шығармаларда мұндай үрдіс болған, бірақ осындай жоғары көркемдік деңгейде емес. Шығарманың толығымен өз көрерменінің жүрегіне жетуі де сценарий, режиссура, музыка, бейнелік шешім сияқты басты категориялардың жоғары деңгейде орындалуынан болатыны анық.
Сондай-ақ режиссер-аниматорлар өз сұхбаттарында айтқандай, бұл классикалық анимацияның дәстүрін жалғастырушы шығарма десе де, заманауи үрдістегі камераның еркін қозғалысы, әнмен әрленуі, жоғары кәсібилік, ұлттық нақыш, қиял мен шындықтың қосындысы шығарманың жаңа технологияларды жетік меңгеру, қолдана білу шеңберіндегі ерекшелігін көрсетеді. Қазіргі таңда «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етіп жатқан Т.Майдан мен Т.Төлеуғазы өткен жылдың қорытындысы бойынша «Мұзбалақ» анимациялық фильмі үшін «Үздік режиссер-аниматор» дипломымен марапатталды. Бұл ұлттық анимациялық фильмнің жетістігі үлкен олжасы дер едік.
Гүлзат МАМЫТОВА,
өнертанушы
АЛМАТЫ