30 Қараша, 2012

Мәдениет көшіндегі бауырластық

465 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәдениет көшіндегі бауырластық

Жұма, 30 қараша 2012 7:45

Тағдырлас Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас жылдан-жылға нығая түсуде. Жаздың тамылжыған күндерінде Астанада Әзербайжанның мәдениет күндері өтсе, жақында қазақстандықтар Бакуге барып қайтты. Біз осы оқиғаның бел ортасында болған Түркі Академиясының бірінші вице-президенті, философия докторы, академик  Досмұхамет Нұр-Ахметке жолығып, әңгімелескен едік.

 

Жұма, 30 қараша 2012 7:45

Тағдырлас Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас жылдан-жылға нығая түсуде. Жаздың тамылжыған күндерінде Астанада Әзербайжанның мәдениет күндері өтсе, жақында қазақстандықтар Бакуге барып қайтты. Біз осы оқиғаның бел ортасында болған Түркі Академиясының бірінші вице-президенті, философия докторы, академик  Досмұхамет Нұр-Ахметке жолығып, әңгімелескен едік.

– Аға, әдетте, шет мемлекеттерде еліміздің мәдениет күн­деріұйымдастырылғанда кө­біне делегация құрамына өнер адамдары, БАҚөкілдері тартылып жатушы еді. Бұл жолы Түркі академиясының өкілдеріде қатысқан екен. Сіз­дер Бакуге қандай мақсатпен бардыңыздар, әзербайжан хал­қына не ұсындыңыздар?

– Егер мәдениеттің түп-та­мырына үңілетін болсақ, оның кең ауқымды ұғым екенін аңға­рамыз. Өнер, тіл, ауызша, жазбаша рухани дүниелердің бәрі мә­дениет ұғымына кіреді. Ғылым да мәдениеттің бір бөлегі болып табылады. Демек, Жалпытүр­кі­лік интеграция үдерісі белең алған шақта осындай шараға ғалымдардың да шақырылуы орынды ғой деймін. Қазақстан мен Әзербайжан бір-біріне тек жақын көрші, дос қана емес, бауырлас елдер. Біз де өз кезе­гі­мізде академияның істеген істе­рін, ол жақтағы ғалымдармен қарым-қатынасымызды, кездес­кен кездесулерді бәрін-бәрін жүйелеп, хаттап алып бардық.

– Нақты айтқанда?

– Үстіміздегі жылдың қыр­кү­йек айында түркі тілдес мемле­кет­тердің екінші саммиті Бішкек қаласында өткенін білесіздер. Сол саммитте «Түркі академиясы халықаралық ұйым боп құ­ры­лсын» деген шешім шыққан болатын. Оған түркі тілдес ел­дердің президенттері қол қой­ған. Біз Бакуге алдымен сол шешімді орындау үшін бардық.

– Бакуде өткен Қазақстан­ның мәдениет күндері несімен ерекшеленді депойлайсыз? Ба­кудің халқы қазақстан­дық­тарды қалай қабылдады?

– Тәуелсіздік алғалы, құдайға шүкір, әлемнің қай түкпірінде, қай елінде болса да өз еліміздің мәдениет күндерін өткізіп, қазақ деген халықтың өнерін, салт-дәстүрін насихаттап жатырмыз ғой. Және оның бәрі бір дең­гей­де өтпейтіні тағы белгілі. Мысалы, Қазақстан туралы мәліметі аз Голландия, Бельгия сияқты елдерге біз мәдениет күндерін өткізу арқылы өз құндылық­та­рымызды таныта аламыз. Ал Әзербайжанда мәдениет күндері қазақ халқының құндылықтарын таныту, таныстыру мақсатында өтпейтіні тағы белгілі. Неге десеңіз, әзербайжан халқы біздің мәдениетімізге етене жақын әрі біздің мәдениетімізбен таныс халық. Түркітану ғылымы бойынша қазақтар қыпшақтілді, әзер­байжандар оғызтілді болып жіктеледі. Алайда, қазақтың құ­ра­мында да ежелгі оғыз рулары бар десек, әзербайжан бауыр­лар­дың қанында да қыпшақ қаны тулап жатыр. Сондықтан мәдени күндер екі халықты тонның ішкі бауындай жақындатып әрі ба­уырмалдық сипатта өтті. Бұл жерде біз екі елдің Мәдениет министрлерінің арасындағы тек ресми емес, азаматтық тұрғы­да­ғы қарым-қатынастың жақсы екенін көрдік. Ол да әсер ететіні ақиқат. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәдени күндер естен кетпестей әсерлі, тартымды жағдайда өтті.

Мәдени іс-шаралар басталмай тұрып Әзербайжан Жазушылар одағында болдық. Одақ­тың төрағасы Анар Рзаевпен біз­дің Мәдениет министріміз Дархан Мыңбайдың арасында рес­миліктен тыс, ағалы-інілі адамдардай емен-жарқын сұхбат өтті. ТҮРКСОЙ осыдан бір жыл бұрын «Түркі әлемінің жыл адамы» деген атаққа Анар мырзаны ұсынған екен. Ал оны марапаттау рәсімі жуырда ғана Астанада ұйымдастырылды. Анар мырза Астанаға біздің делегациямен бірге келді.

– Жоғарыда бір сөзіңізде әзербайжан халқы біздің мә­де­ниетімізге етенежақын деп айтып қалдыңыз. Соны тара­тың­қырап баяндай кетсеңіз. Әзербайжан халқының тілі мен дінін айтпағанда, салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында біз­ге қандай ұқсастықтар бар?

– Тарихқа жүгінсек, оғыздар­дың алғашқы отаны Жетісу болғандығына айғақтар бар. VІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап қарлұқ тайпаларының күшеюіне байланысты оғыздар Сырдарияның орта және төменгі бойына ауа бастаған. Ал ХІ ғасырдың екінші жартысында күшейген қыпшақтар оғыздарды Сырдариядан, Аралдан біржола ығыстырды деуге болады. Олар­дың бір бөлігі Еуропаның шы­ғысына, кіші Азияға бет түзесе, кейбір бөліктері Қарахан әуле­тінің қол астында қалып, біраз бөлігі Хорасан селжұқ­та­рының қол астына кірсе, қал­ғандары қыпшақтармен сіңісіп кетті. Оғыз тайпалары деп отырға­ны­мыз қазақ, қырғыз, татар, баш­құрт, әзербайжан, түрікпен, өз­бек, қарақалпақ халықтарын тү­зуге атсалысқан түркілер еді. Осы айтылғандардың бұлтарт­пас айғағы ретінде әзербайжан­дар оғыздың белгілі тарихи тұл­ғасы Қорқытты ерекше пір тұтады, қадірлейді. Ал қазақтар оның бейітін Сырдың бойында деп ұйғарып, сәулеттік ескерт­кіш те орнатты. Және бүгінгі қобыз аспабының авторы Қор­қыт екеніне де сенімді. Жуырда Әзербайжанға жиі баратын Түр­кі академиясының вице-прези­денті Асқар Омаров қобыздың түпкі тегі болатындай аспапқа жолығыпты. Әзербайжандар оны қобызтектес киаманча аспа­бының арғы тегі дейді екен. Бірақ шанаққа қойдың қарны керілген аспап қазақы қобызға барынша жуық көрінеді. Қалай болғанда да қос халықтың бі­рін­де жоқты екіншісінен табатындай тарихи араластықтың тығыз екендігі айдан анық.

Сол сияқты, әзербайжандар­дың «айран» деп аталатын сусыны біздің шалабымызға ұқсас. Олардың да тұсаукесер сияқты рәсім жасап, апыл-тапыл басқан баланы «тәй-тәй» сөздерін қай­талай отырып жетелейтіні бар. Бұл ғұрып пен «тәй-тәй» сөзі түркі халықтарында тек қазақ пен әзербайжанда сақталғаны түркі ғалымдарының назарын ерекше аударып отыр. Қазақ ауданында тоқылатын кілемдерге қазақтың қошқар мүйіз оюы тән екені де этнографтарды таң қал­дыратын жағдай деп есептейміз. Айта берсе, бауырластықтың ны­шандары көп. Олардың саз аспабына қосылып айтатын жыр­лары қазақтың термесінен аумайды. Бұған қазақтың терме­сінің отаны Сыр бойы, терменің аталары Сырдың сүлейлері еке­нін ескерсек, тағы да оғыздық ортақ тағдырымыз қылаң беріп тұр.

– Сіздің осы айтып отыр­ған әңгімелеріңіз Жалпы­түр­кі­лік интеграцияныңқарқынды жүріп жатқанын көрсетеді ғой.

– Жалпытүркілік интеграция осыдан үш жыл бұрын Нахчыванда өткен Түркітектес елдер­дің басшыларының ІХ саммиті кезінде жаңа кезеңге өтті. Сам­миттің қорытындылары бойынша Қазақстан, Әзербайжан, Қыр­­ғызстан мен Түркияның прези­дент­тері Нахчыван Декларациясы мен келісіміне қол қойды. Келісім бойынша Түркітектес елдердің ынтымақтастық кеңе­сін құру қолға алынды. Бұл бас­тамалар Қазақстан басшылығы тарапынан жасалғанымен, оны жүзеге асыруға Әзер­байжан жа­ғы мейлінше қолдау көрсеткені белгілі. Нәти­жесінде Түркі кеңе­сі құрылып, оның тұңғыш бас­шылығы тізгі­нін қолға алған еліміз бұл органды жалпытүр­кілік кірігу үдері­сін үйлестіретін тетікке айнал­дыруға ұмтылды десек, аталмыш Кеңес қазірде Бакуде ор­на­ласқан Ассамблея жұ­мысын, Түркиядағы Ақсақал­дар кеңесін, Университеттер ода­ғы мен ТҮРКСОЙ ұйымда­рының қыз­мет­терін үйлестіруде. Келесі жыл­дан бастап халық­аралық мәр­тебемен жұмыс іс­тей­тін Түр­кі академиясы мен Түр­кі мәде­ниеті мен мұрасы қо­рының жұ­мыстары да осы Түркі кеңесінің қарауында болмақ. Бұл енді жал­пытүркілік интеграция бары­сын­дағы ресми мәліметтер.

Осы тұрғыдан алғанда қазақ елінің Бакуде өткен мәдени күн­­­дері осы үдерістің бір бөлшегі сияқты әсер қалдырды. Өйткені, олар бұл мәдени күндердің бір рет қана өтіп, одан кейін тоқтап қалуын қаламайды, керісінше, осындай шаралардың көптеп өткізілуіне мүдделі. Бұны біз әзербайжан халқының шынайы ықылас-ниетінен байқадық. Жал­пы алғанда, мен осы Жал­пы­түркілік интеграцияны әлем­дегі ең бір шынайы, табиғи интеграция деп түсінем, солай бағалаймын. Мұнда тарихи тамыры бір, діні бір, тілі ұқсас халықтар бір одақ аясында жиналуда. Оларды қаржылық немесе саяси-әскери мүдделестік бі­рік­тіріп тұрған жоқ.

– Бакуде өткен мәдени күн­­дер аясында біздің елімізден қандайөнерпаздар барды? Олар әзербайжан халқының жү­ре­гі­не қалай жолтапты? Осы туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Өнерпаздардың ішінде біздің замандасымыз, КСРО-ның ең соңғы халық әртісі деп айтуға болатын Әлібек Дінішевтің бол­ғанын өзіміз мақтан тұттық. Ол Мүсілім Магомаевтың әзербай­жандар сүйіп тыңдайтын бірне­ше әндерін орындады. Мәдени күндер аясында еліміздің «Гүл­дер» ансамблі өнер көрсетті. Бұл жолғы бір ерекшелік ретінде, Мәдениет министрлігі ұйымдас­тырған «Ел іші – өнер кеніші» жобасы бойынша жүзден жүй­рік, мыңнан тұлпар шыққан, елі­міздің түкпір-түкпірінен жинал­ған бірнеше талантты ұл-қыз­дар­дың Бакуде өнер көрсетіп, әзербайжандардың сүйіспен­ші­лі­гіне бөленгенін айтуға болады. Әзербайжандар өте сезімтал ке­леді екен. Жақсы өнер көрсеткен әртістер мен бишілеріміздің еш­қайсысы да қошеметтен құр қал­ған жоқ. Әрине, елде жүргенде өнерпаздарымызды жеткілікті бағаламай жататынымыз бар ғой. Ал сыртқа шыққанда қазақ­тың рухын, мінезін, ділін танытатындай дәрежеде өнер көрсе­тетін өнерпаздарға кәдімгідей ішің жылиды екен. Бұл тұрғыда біз өзіміздің өнерпаздарға риза болдық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».