Аймақтар • 31 Қаңтар, 2019

Теңіз суын тұщытатын зауыттар

1226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыз су мәселесін шешу – Маңғыстау өңіріндегі өзекті мәселе. Іргесіндегі толқыған теңіз суының тұздылық деңгейінің жоғары болуы себепті аталмыш айдын суын тек тазалап, тұшытып пайдалану қажет. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 56 пайызы тұшытылған теңіз суын, 56 пайызы Астрахань-Маңғышлақ құбырының суын және 8 пайызы жерасты су көздерін пайдаланып отыр.

Теңіз суын тұщытатын зауыттар

Өңірде халық санының көбей­гені, сондай-ақ егін шаруашы­лығы­ның азды-көпті етек жайып, мал шаруашылығының маңыздылығы арта түскені су тұшыту көлемін арттырып, өнімділігін ұлғайтуды талап етуде. Бұл талаптар саладағы жұмыстарды жандандыра түсу керектігін ұқтырды. Осы тұрғыда теңіз суын ауыз су ретінде тұшы­тумен айналысатын «Каспий су тұшыту зауытын» жаңғырту жұмыстары алдыңғы кезекте қолға алынды. 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 3,1 млрд теңгеге зауыттың қондырғылары жаңартылып, су тұшыту қуаты тәу­лігіне 30 мың текше метрге жетті. Бүгінде зауыт Мұнайлы ауда­­нын толықтай, Қарақия ауда­нының Құрық ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуде. 

Теңіздің телегей суын толассыз тұшыту зор қажыр-қайратты қажет етеді. Бірақ зауыттың қуатын бірте-бірте арттыру – тұрмыс талап етіп отырған қажеттілік, ауыз су мұқтаждығын өтеудің төте жолы. Маңғыстау облысында бүгінде «Каспий су тұшыту зауыты» жұмыс өнімділігінің қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізу мақсатындағы жұмысты қолға алған. Қазіргі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіз­демесі жасалып, мемлекеттік са­раптаманың қорытындысы алынды. Құны 10 млрд теңгеге есептелген жобаны биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландыру көзделген.

– Бұл жобаның жүзеге асырылуы Мұнайлы ауданын толықтай Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Сайын Шапағатов атындағы ауылдарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде облыс бойынша 3 қалалық елді мекен 100 пайыз, 58 ауылдық елді мекеннің 40 немесе 69 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген, − дейді Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық ша­руашылығы басқармасы басшысы Ж.Салимов.

Өңірдегі теңіз суын ауыз суға айналдырумен айналысатын екінші нысан ретінде Қарақия ауданының Құрық ауылында су тұшытатын зауыт құрылысы жүзеге аспақ. Мемлекет-жекешелік әріптестігі тетігі бойынша салынатын зауыт тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытады деп шамаланған. Кон­курстың бірінші кезеңі бойынша «Safbon Water Service Holding Inc Shanghai» компаниясы жеңімпаз болған зауыт құрылысы 2020 жыл­ға дейін жүргізілуге тиіс. Маң­ғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда алдын ала құны 37 млрд теңгеге есеп­телген жобаның техникалық-эко­номикалық негіздемесі жасалуда. Сондай-ақ зауытта тұшытылған суды тарату үшін «Ақтау-Құрық-Жетібай-Шетпе» су таратқышын салу жоспарланған. Құны 29,9 млрд теңге тұратын бұл жобаның тех­никалық-экономикалық не­гізде­месі жасалып, мемлекеттік са­рап­таманың қорытындысы алын­ған. Би­ыл жобалау жұмыс­тары басталады. 

Бұл жобалардың жүзеге асы­рылуы Қарақия ауданының Құрық, Мұнайшы, Жетібай ауыл­дарын, Маңғыстау ауданының Шетпе ауы­лын ауыз сумен қам­тамасыз етуге септігін тигізеді. Со­нымен қа­тар Ақтау қаласы, Қа­­рақия және Маң­ғыстау аудан­дарында егін және мал шаруа­шылығын дамыту үшін де пайдаланылады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы