Дәстүрлі қазақ медицинасы деген атаудан неге үркеміз?
Бейсенбі, 29 қараша 2012 7:40
Жуырда бір жиынға қатысып, сонда дәрігерлер туралы айтылған мына бір ойды көкейге түйіп кетіп едік. «Бұл – әрбір қарапайым адам өз ауруының анықтамасын да, емін де интернеттен іздеп таба алатын заман. Сондықтан дәрігер болудың жауапкершілігі бұрынғыдан да күшейді». Оған қазіргі таңда еліміздің қайбір қаласында да жекеменшік емдеу мекемелері санының артып келе жатқанын қоссаңыз, расында халықтың қалай емделемін десе де таңдау құқы бар екенін байқайсыз.
Бейсенбі, 29 қараша 2012 7:40
Жуырда бір жиынға қатысып, сонда дәрігерлер туралы айтылған мына бір ойды көкейге түйіп кетіп едік. «Бұл – әрбір қарапайым адам өз ауруының анықтамасын да, емін де интернеттен іздеп таба алатын заман. Сондықтан дәрігер болудың жауапкершілігі бұрынғыдан да күшейді». Оған қазіргі таңда еліміздің қайбір қаласында да жекеменшік емдеу мекемелері санының артып келе жатқанын қоссаңыз, расында халықтың қалай емделемін десе де таңдау құқы бар екенін байқайсыз. Біз сондай жекеменшік емдеу мекемелерінің бірі – елордадағы «Қазақ шипагерлерінің ғылыми-зерттеу, оқыту және емдеу орталығы: «Нұр» шипажай қоғамдық бірлестігінің» жауапты дәрігері Амантай Әбиденұлымен әңгімелескен болатынбыз.
– Амантай аға, елордадағы «Нұр» шипажайын да, Қытайдан келген қандастар ашқан басқа орталықтар туралы да естуіміз бар. Сіздердің емдеу әдістеріңіз жергілікті жұртқа таңсық қой, сол үшін алдымен шипажайларыңыз несімен ерекше, қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыздар деген тұрғыда сауал қойғым келіп отыр.
– Шипажай ашылғалы екі жыл болды. Бізде укол, система, ота деген ұғымдар атымен жоқ. Науқасқа таблетка дәрілерді де бермейміз. Қазіргі ең бірінші қолданып жатқан еміміз – бұлау. Қазының майына денені орап тастап, осы арқылы науқастың денесіндегі суықты шығарамыз. Уқалау (массаж) арқылы да түрлі ауруларға ем жасаймыз. Ел арасында «алтын ине» аталған инелерді де қолданамыз. Бұл созылмалы аурулардың көбіне көмектеседі. Демікпе, асқазан аурулары, жартылай салдану, жүйке жүйесіне қатысты сырқаттар, жұлын қысылуы сияқты ауруларға осы ине көмектеседі. Сондай-ақ, қарапайым шаммен жылу өткізу арқылы емдейміз. Дәстүрлі медицинада мұны физиоемдеу деп атайды. Негізі бұл әдістердің барлығы бір-бірімен жалғасты түрде іске асып жатады. Кез келген сырқат біздің орталықта он-он екі күн жатып кешенді түрде ем қабылдайды.
– «Алтын ине» салдырып, сол арқылы құлан-таза айығып кеткен бірнеше адамды білуші едік. Неге «алтын ине» деп аталады? Ол инелердің адам ағзасына қауіпсіздігі қаншалықты?
– Қазіргі таңда тек алтыннан жасалған инелерді кездестіру қиын. Сондай-ақ, алтынның пайызы жоғары инелер де сирек қолданылады. Қолданыстағы инелердің көпшілігінде шамалы ғана мөлшерде алтынның, қалған 70-80 пайызында күмістің, мыстың, болаттың қоспалары бар. Қытай тарихының ежелгі патшалық дәуірінде осы инелер тек алтыннан жасалған екен. «Алтын ине» атауы содан қалған. Инемен емдеу Тибеттен, яғни Гималай халықтарынан келгенімен, Қытай қолға алып, арнайы ғылыми академиялар ашып, дамытып, өзінің төл медицинасы сияқты тума тәсілі етіп алды.
Қауіпсіздігіне келер болсақ, бұл инелерден ешқандай да ағзаның зиян шекпейтіні баяғыда дәлелденген. Қытайлар тіпті еш жері ауырмаса да жұмысқа ынтасын, өмірге құштарлығын ояту үшін жылына бір рет ине салдырып тұрады.
Жалпы, инемен емделудің нәтижесі баяу болуы мүмкін. Бірақ, өте жақсы нәтиже береді. Шығыста тұнық тәжірибе негізінде дәлелденіп, емнің қайнар көзі ретінде сақталған 700-ге жуық ем нүктесі бар. Бұл нүктелерді қан жүйесінің сыртындағы меридиандар арқылы іздеп тауып, инелерді дәл осы нүктелерге салу керек.
– Сонда сіздер Шығыс медицинасы мен қазақтың дәстүрлі ем-домын қатар қолданатын болдыңыздар ғой.
– Елордадан осындай орталық ашудағы негізгі мақсатымыз – ең алдымен қазақтың дәстүрлі ем-домын қазіргі заманмен ұштастырып, емдеу тәжірибемізде қолдану еді. Қазір соны жасап та жатырмыз. Енді арасында Шығыстың осы инемен емдеу тәсілін де қолданып тұрамыз. Қытайдағы қазақ медицинасын осында жаңғырту туралы ұсынысты айтып, орталықтың ашылуы үшін еңбек сіңірген біздің басшымыз Ерлан Мамытханұлы деген азамат.
– Ол жақта қазақ медицинасы деген ұғым бар ма?
– Аспан асты елінде қытай, тибет, моңғол, ұйғыр медицинасы деген медицина түрлері дамыған. Соның ішінде қазақ медицинасы ұғымының да шоқтығы биік деп ұялмай айтуға болады. Сондағы Қайрат Баймолла, Мүсілім Сүгірбай, тағы да басқа қазақтың зиялы дәрігерлері ел ішіндегі сынықшы, емші, оташы, тәуіптердің ем-домдарын, ең бастысы, қазақ шипагерлерінің атасы – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегін нысанаға алып, 18 том кітап жазып шыққан. Бұл өткен ғасырдың 80-ші жылдарының орта шені. Содан алғаш рет Қытайда қазақ медицинасының абыройын көтеріп, қазақтың өз емдеу әдіс-тәсілдерінің де ешбір ұлттан кем болмағандығын дәлелдеу үшін 1985 жылы тұңғыш ынталы топ құрылды. Олар Алтай қаласынан қазақ ауруханасының ашылуына ықпал етті. Міне, одан бері де отыз жылдай уақыт өтіп кетті. Іргетасы бекем қаланған, мұраты биік сол аурухана әлі де мүлтіксіз жұмыс жасап жатыр. Оған қоса Үрімжідегі медицина университетінде арнайы бір факультеттің қазақ медицина факультеті аталатынын да айта кеткім келеді. Алтайдағы медицина колледжінде де қазақ медицинасы мамандығына арнайы мамандар даярлайды. Біз елордада орталық ашпақ ниетте болғанымызда ең алдымен Алтай қаласындағы қазақ ауруханасының үлгісі есте болды. Осындай емдеу орнына айналдыра алсақ қой деп ниеттендік. «Мұсылмандық әсте-әсте» демекші, ол жоспарымыз да келе-келе іске асып қалар.
– Сіздер осы орталықты ашарда нақты кедергілер болған жоқ па? Өйткені, өзіңіз білесіз, бізде қазіргі дәстүрлі медицинамен қазақ медицинасы емес, халықтық медицина атауы қатар аталады.
– Бізге құзырлы орындардан нақты кедергілер болған жоқ. Әділет министрлігі тіркеді. Қазір орталығымызда 7-8 дәрігер, екі медбике жұмыс істеп жатыр. Осындағы бір халал кешеннің 3-ші қабатында отырмыз. Айтайын дегенім, кешеннің иесі Жансая Даниярқызы деген кісі де біздің ісімізді қолдап, барынша көмектесуде. Әйтсе де мол қаражат болмағандықтан, бірден Алтайдағы үлкен аурухананың үлгісін жасау қиын. Одан кейін өзіңіз жоғарыда айтқандай, елдің санасына халықтық медицина деген ұғым әбден қалыптасып қалғандықтан, қазақ медицинасы дегенге қарсы адамдар да бой көрсетіп жатады. Олар егер қазақ медицинасы айтыла бастаса, Қазақстандағы басқа да этностар өз медициналарын дәріптей бастайды дегенді алға тартады. Біз оларға мұндағы негізгі халықтың қазақ ұлты екенін, оның өз медицинасы бар екенін, әсіресе, дәрілік шөптермен емдеуде оқ бойы озық тұрғанын, бұған Өтейбойдақтың «Шипагерлік баяны» анық дәлел болатынын айтып түсіндіре алмай жатамыз. Тіпті Қытайда қазақ медицинасы дамып келе жатқанда, қазақтың өз елінде неге жеке дара дамымауы тиіс деп таңырқайтынымыз бар.
– Сіз Алтайдағы аурухана туралы айттыңыз. Өздеріңіздің сол мекемемен байланыстарыңыз бар ма?
– Иә. Жуырда біздің басшымыз сол ауруханаға барып, келісім-шарт жасасып қайтты. Соның негізінде олар бізге әлгі 18 том кітапты кириллицаға аударып, жеткізіп беретін болды. Оған қоса онда қолданып жатқан емдеу әдістерін біздің мамандардың пайдалануына рұқсат берді.
– Осы орайда өзіңіз туралы да айта кетсеңіз.
– Арғы жақтан атамекенге оралғаныма 18 жыл болды. Мамандығым сүйек ауруларының дәрігері. 1978-1984 жылдар аралығында Үрімжідегі медицина институтында емдеу мамандығы бойынша білім алдым. Он жыл Үрімжіде, бір жыл Бейжіңде жұмыс істедім. Қазақстанға келген соң Алматыдағы Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының ординатурасында оқыдым. Қазір «Нұр» шипажай қоғамдық бірлестігінде мойын омыртқа, сүйекке қатысты кез келген ауруларды емдеуде жауапты дәрігермін.
– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз жемісті болсын.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.