Жаңаша талапқа негізделген жүйе
Сенбі, 24 қараша 2012 7:09
Денсаулық сақтау министрлігінде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілу барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Бұл жүйенің еліміздегі денсаулық сақтау мекемелеріне енгізілгеніне үш жылға жуықтапты. Кешегі жиында осы жылдарда не өзгерді, жүйенің тиімділігі қандай деңгейде деген сауалдар төңірегінде нақты мәліметтер келтірілді.
Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі енгізілгелі бері Қазақстанда алғаш рет азаматтар жоспарлы емдеу кезінде аурухананы еркін таңдау құқығына қол жеткізгені белгілі. Мұнымен қоса, «ақша науқаспен бірге жүреді» дейтін қағидат пайда болды. Бұл өз кезегінде бәсекелестік ортаның қалыптасуына әкеліп, дәрігерлердің жұмыс нәтижесіне қарай ақы төлеу қалыптасты.
Сенбі, 24 қараша 2012 7:09
Денсаулық сақтау министрлігінде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілу барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Бұл жүйенің еліміздегі денсаулық сақтау мекемелеріне енгізілгеніне үш жылға жуықтапты. Кешегі жиында осы жылдарда не өзгерді, жүйенің тиімділігі қандай деңгейде деген сауалдар төңірегінде нақты мәліметтер келтірілді.
Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі енгізілгелі бері Қазақстанда алғаш рет азаматтар жоспарлы емдеу кезінде аурухананы еркін таңдау құқығына қол жеткізгені белгілі. Мұнымен қоса, «ақша науқаспен бірге жүреді» дейтін қағидат пайда болды. Бұл өз кезегінде бәсекелестік ортаның қалыптасуына әкеліп, дәрігерлердің жұмыс нәтижесіне қарай ақы төлеу қалыптасты. Кешегі жиында сөз алған Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің төрағасы Қанат Ермекбаев, ең бастысы, жүйенің негізгі қағидаттары жүзеге асып жатқанын баяндады. «Жаңа жүйе республикалық бюджеттен қаржыландыратын емдеу мекемелері табысының молаюына мүмкіндік беріп, бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 89 пайызға артты. Медицина қызметкерлері сапалы қызмет көрсетуге ынталана бастады. Емдеу мекемелері үшін медициналық техникаларды лизинг бойынша сатып алып, материалдық-техникалық базаларды нығайтуға жол ашылды», – деді ол. Сондай-ақ, қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің айлық жалақысына қатысты қоғамдағы түрлі пікірлерге былайша түсінік берді: «Жаңа жүйенің ерекшелігі, әрбір емдеу ұйымдарына жұмысыңды сапалы істе, соғұрлым қаржыңды молайт дейтін талап қояды. Мысалы, қазіргі таңда өз қызметкерлеріне жоғары деңгейде айлық жалақы төлеп отырған көптеген емдеу мекемелері бар. Бұл олардың бәсекелестікке қабілеттілігін, жүйенің тиімділігін пайдалана алатындығын көрсетеді. Сондықтан, еліміздегі медицина қызметкерлерінің айлығы туралы айтқанда, олардың бәрі бір деңгейдегі айлық жалақы алып отыр деген түсініктен аулақ болған жөн».
Жаңа жүйенің ерекшелігі ретінде жоғары мамандандырылған медициналық көмектің және шетелдерден технология жеткізудің жақсы дами бастағанын айтуға болады. Осыған дейін кардиохирургия, травматология және басқа да салалар бойынша күрделі оталар тек Астана, Алматы қалаларында жасалып келген болса, ендігі жерде бұл оталар еліміздің барлық өңіріндегі облыс орталықтарында жүзеге асып жатыр. Тіпті, бұл оталар бойынша көрсеткіш осыдан екі жыл бұрынғымен салыстырғанның өзінде 4 есе өскен.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша қызмет көрсетуде мемлекеттік және жеке меншік емдеу мекемелері үшін теңдей жағдай жасалған. Соның есебінен мемлекеттік емес сектордың үлесі 17 пайызға артқан. Бір ғана мысал ретінде, гемодиализ бойынша қызмет көрсетуді айтуға болады. БҰДСЖ енгізілгенге дейін амбулаторлық деңгейде гемодиализ қызметін көрсететін жеке меншік ұйым біреу-ақ болса, осы жылдың көрсеткіші бойынша еліміздегі мұндай қызмет көрсететін 43 емдеу мекемесінің 16-сы жеке меншік екен.
Дәл осы жүйенің шеңберінде денсаулық сақтауды дамыту жағдайында медициналық ұйымдарды басқаруға жаңа талаптар қойылып жатқаны белгілі. Нәтижесінде, республикамыздағы 915 мемлекеттік ұйымның 42 пайызы шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынға айналып, көп мәселелер бойынша дербес шешімдер қабылдап жатқаны да баспасөз мәслихатында атап өтілді.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».