– Сіз әуелі классикалық үлгіде әңгіме жаздыңыз. Кейін, қолтаңбаңыз модернистік нұсқада айқындалды. Тіпті, постмодерн қаламгер ретінде танылып үлгердіңіз. Әдетте, жұрт постмодерн тақырыбына көбірек көңіл бөліп, сіздің ашқан жазу мәнеріңізді назардан тыс қалдырып жатады.
– Қалам әдетте, жазған шығармалар арқылы емес, көп оқыған кітаптар негізінде ұшталады. Оқудан жазу мәдениеті пайда болады. Менің кітаби рухани ұстаздарым сабырлы, бірқалыпты детальдарды бейнелегенде анық болуға үйретті. Уақиғаны құбылысы арқылы суреттегенде, қаһарманды әрекетінен көрсеткенде, мәнердің қиындығынан ұзақ жаза алмайсыз. Демек, сөзден салмақ кеткенде, ойдан күрделі пайым жоғалғанда, қалам да оза шауып, қайта-қайта мәнердің алдына түсе береді. Ақыры мәнер бұзылып, стиль жоғалады. Стиль – жазғанда, темірдей тәртіп, оқығанда, арғымақтай еркін. Екінші, модерн түсінігі жазу үлгілерінен қалыптасса, сонымен қатар қос ғасырдың тоғысында, Парижде, Еуропада топтасқан ақын-жазушылар ұзақ ізденістен соң ойлап тапқан нақты әдіс-тәсіл көрінісінен тұрса, постмодерн – бұл мәнердің өзі емес, мәтін өмір сүріп отырған мәдени ситуация. Постмодернизмді бұқаралық ақпарат құралдарынсыз түсіне алмайсыз. БАҚ-тың қоғамға әсері – постмодернизм. Ақпараттық қоғам, постиндустриалдық қоғам, озық технологиялар заманы – аталмыш философияның жетекші ұғымдары. Карл Маркс пен Фридрих Энгельс енгізген қоғамдық формациялар туралы ілімде қоғамның деңгей-дәрежесі өндіріс құрал-жабдықтарының дамуынан байқалса (шақпақ тастар, қайрақ тастар, сойылдар, арбалар, жер өңдеуші соқалар, мануфактуралар), постмодернизм дәуірінде ақпараттық құралдардың дамуынан аңғарамыз. Постмодерн – тәуекел қоғамы. Бұл заманда бірінші орынға қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігі шығады. Себебі, қауіп-қатер көбейеді. Модерн кезеңінде бірінші орында тұрақтылық тұрған еді. Барша капиталистік ел дағдарыстан қорқатын. Сосын де Соссюрдің лингвистикалық революциясы, яғни дыбыс пен белгі арақатынасында белгінің үстемдікке қол жеткізуі бүкіл әлемнен мәтін жасады. Тіл дыбыстық қарым-қатынас құралынан таңбаларды оқи білу қабілетіне айналды. Демек, таңбалар белгілі бір ақпарат сақтаған не арқалаған тіл дәрежесіне жетті. Сөйтіп сандар және сандар құрылымы математикалық тіл, готика-барокко-классика архитектуралық тіл, экрандар ақпараттық-бұқаралық тіл болды. Компьютер, принтер, көшірме аппарат, процессор, смартфондар, клавиатура, ұялы телефондар, бәрін бір-бірімен жалғап тұрған интернет желісі, біздің бұл құралдарға деген тәуелділігіміз, оның салдары – бұл постмодернистік құбылыстар. Салдары қандай: білім жойылды, ақпарат алға ұмтылды, емтихандар қарапайым кроссвордқа, ән салу фонограммаға, әннің өзі түпнұсқасыз аранжировкаға, жазу-сызу технологияға, хат-хабар смайликтерге айналып бара жатыр.
– Қалалық қазақ прозасы туралы не айтар едіңіз?
– Әдетте, қазақ әдебиетінде, қалыптасқан жаңсақ пікір аясында қалалық проза деп қалада жүрген ауыл персонаждары туралы хикаяларды айтады. Бірақ бізге арғы атасынан бері шаһарда тұрып келе жатқан немесе қалада туып-өскен қалалық қазақтар жайлы роман-әңгімелер керек. Яғни, кейіпкерлер де, кескіндеп отырған қалам да, шын мәнісіндегі қала мәдениетін бойына сіңірген құбылыс болуға тиісті. Десек те, бұл – уақытша мәселе, болашақта аталған тақырып өзінен-өзі айқындалып, өзінен-өзі шешіледі.
– Қысқа жазу мәнері, ақындық проза талаптары қазаққа таңсық дүние ме?
– Қазақ прозасында ықшамдылық та, ақындық сипат та бар, бірақ сирек. Ол ХХІ ғасырдың талаптары модернистік әдебиет ережелеріне сәйкес келеді мен осыған орай анық (нақты) деталь прозасы деген термин ойлап таптым.
– «Гүлдер мен кітаптарда» кездесе бермейтін ерекше формалар бар. «Кітаптар», «Қаламгер», «Гүлдер», «Тілдің дерті», «Сағыныш» тараулары соның айғағы іспетті. Мұны қалай түсіндіресіз?
– Қып-қысқа романда, ықшамдылығына қарамастан, сан түрлі тақырып көтеріліп, сан түрлі стиль араласты. Мен кітапқа өзімді толғандырып жүрген, күн тәртібінде тұрған өткір мәселелерді енгіздім деп ойлаймын.
– Әмірхан Балқыбектің «Гүлдер мен кітаптардағы» гүлдер, қаламгерлер, кітаптар тізбегі туралы пікірі осы тараулар жайлы нақты айтылған жалғыз пікір. Осы пікірмен қаншалықты келісесіз? «Тізім» жасауыңыздың толық мәнін ашып бере алған ба?
– Бұл тізім – тағзым тізімі. Тіпті әлем әдебиетіндегі данышпандар мен ұлы шығармаларға берілген лайықты баға, көрсетілген құрмет. Қадір тұтқандық белгісі. Дәлірек айтқанда – құрмет тақтасы. Көне Мысырда атақ-абыройы асқан адамдардың аты-жөндерін мүсіндерге жазып қоятын болған. Егер ол адам кейін жаңсақ басып, беделінен айрылып жатса, атын мүсіннен өшіріп тастайды екен.
– Осыдан бес жыл бұрын БАҚ беттерінде «Гүлдер мен кітаптардың» жалғасы болатындығын хабарлап едіңіз..
– Жалғасы жазылып жатыр. Менің бір қызық ғадетім бар: бірнеше шығарманы қатар жаза беремін. «Гүлдер мен кітаптардың» жалғасы – «Тәңірдің кітабы» немесе «Пұт-кітап».
– Шығармашылық шеберханаңыз жайлы сирек айтасыз.
– Бертольд Брехтің айтатыны бар: «Тек жаңа форма ғана жаңа мәнді паш ете алады». Ал өнер-мәдениет дегеніміз – жаңа мәндерді, мазмұндарды, құндылықтарды тудыру, қалыптастыру, жасау. Философия, өнер философиясы адамға еркіндік, ой еркіндігін, әрекет еркіндігін беруі тиіс. Стильге жету, жаңа форма табу қиын. Стиль дегеніміз – форма. Стиль атмосфера тудырады. Атмосфера – өнердің мұраты, тіпті, өзі. Атмосфераны фальш бұзады. Фальштың шыққан тегі – пафос, көпсөзділік, жалған образ, ақылгөйлік, тәрбиешілік. Стильдің формасы да, формуласы да үштаған талаптан тұрады: сөз – нақ, сөйлем – ықшам, әрекет – анық. Бояуды жаға берсеңіз, түстің ажарынан айырыласыз. Не қоюланып кетеді, не сұйылып кетеді. Іздеген түсіңіз жоғалады, енді оны жөндей алмайсыз, сізге басқа полотно керек. Мәтін атмосферасы виртуоз қаламның сөз үнемдеген қарым-қабілетінің перзенті. Жазу үшін бірақ, оқу керек.
– Ерте танылдыңыз. Кітаптарыңыз көптеген тілге тәржімаланды.
– Ерте танылғанның бейнеті де көп. Сізді құлатқысы келетіндер көбейеді. Сүрінгеніңізге қуанатын, жығылғаныңызға той жасайтын қаламдастарыңыз, әріптестеріңіз арта түседі. Тапқан абыройды жорық туындай жықпай қолда берік ұстап тұру да оңай емес. Десек те, тағдырыма ризамын. Жолымнан тайған жоқпын, ұлттық мұратымнан адасқан жоқпын.
– Орысша да жазасыз. Ағылшын тіліне көшкен дұрыс емес пе?
– Келер ұрпақ үш тілде жазатын болады, біздің толқын кеш қалды, біз үш тілді оқырман ретінде қалыптассақ та жетеді. Қазір қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын тілінде де жаза алатын бір-ақ адам бар – ол Зәуре Батаева.
– Карл Ясперс өзінің «Тарихтың мәні мен міндеттерінде» философтарды алты типке бөледі. Өзіңізді қай типке жатқызасыз?
– Леопольд фон Ранке деген ойшыл, тарихшы: «Дүние жүзі тарихы, негізі, Батыс тарихы еді», деген екен. Философия тарихы да, түсінігі де батыстық өлшемде дамыды. Карл Ясперс философиялық ойлауды түп тегіміздің, сойымыздың оянуы, өз тағдыр-талайымызды өз қолымызға алуымыз деген дефиницияны алға тартты. Ол «ой-санамыздың үш қайнары – таңғалыс пен таным, күмән мен анықтық (нақтылық), адасушылық пен қалыптасушылық – қашанда философияның сарқылуына жол бермейді», деп жазды. Енді бір сөзінде «адам болмысы ойшылдықтан басталады», деді. Бар жұмбақтың шешімін табуды көздеген тұлға пәлсапалықтан, пәлсапалық ойланудан қалады, сонымен қатар ғылымнан хабары бар адам оны болмысты тану деп түсінсе, ол ғылым туралы жаңсақ пікірдің құрбанына айналады деп ескертті. Демек, философ – тәуелсіз, дербес тұлға. Тұрмысқа, дүние-байлыққа кіріптар емес.
– Қазақстанда философия бар ма?
– Жоқтың қасы. Интерпретаторлар, философия пәнін оқытушылар, фольклортанушылар, филологтар, кафедра меңгерушілері, факультет декандары көп, жеткілікті.
– Ұстаздарыңыз кімдер?
– Әлем әдебиеті. Сонау көне Шумер-Вавилон, аккад тіліндегі әдеби мұралардан бастап, бүгінгі замандастарыма дейінгі аралықтағы әдеби-көркем туындылар тегіс не ұстаздарым, не әріптестерім, не серіктестерім. Демек, бір-бірімізден үйренген жанашыр дос-жарандарым. Әлем әдебиеті ежелгі Шумер-Вавилон, көне Мысыр, көне Парсы-Иран, көне Йаһудей, көне Үндістан, көне Қытай, көне Грекия, көне Рұм, Орта ғасыр (патристика мен схоластика кезеңі), Ренессанс, XVII ғасыр немесе Жаңа Уақыт, XVIII ғасыр немесе Ағарту заманы, XIX ғасыр (романтизм, натурализм, реализм), XX ғасыр (модернистік ағымдар, экзистенциализм, жаңа роман, битниктер), XXI ғасыр (постмодернизм, кемелденген модернизм) шығармаларынан тұрады.
– Қазіргі әлем әдебиетінен кімді тануымыз керек?
– Өкінішке қарай, Бруно Шульц, Борис Виан, Эдгар Лоренс Доктороу, Ален Роб-Грийе, Милорад Павич, Филип Рот, Джон Бэнвилл, Марио Варгас Льоса, Камило Хосе Села, Томас Пинчон, Мигель Анхель Астуриас, Рэй Бредбэри, Роже Кайуа, Жан-Мари Леклезио, Шамшад Абдуллаев, Леонардо Падура, Кадзуо Исигуро тәрізді соңғы алпыс-жетпіс жылдың ішінде әлем әдебиетінің көрнекті өкілдеріне айналған қаламгерлерді тани бермейміз.
– Орталық Азия?
– Біз қоңсы отырған көршілеріміздің әдебиетін түгел дерлік емес, еларалық іс-шараларға қатысқан бірді-екілі өкілдері арқылы ғана білеміз. Сондықтан орта азиялық басылымдар, ортақ бір қоғамдық ұйымдастырушы мекемелер керек-ақ.
– Нобельді алмағандар ішінде лайықтылары кімдер?
– Хорхе Луис Борхес, Милорад Павич, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Владимир Набоков, Әбіш Кекілбаев, Михаил Пришвин, Ален Роб-Грийе..
– Шетел қазақтары ақын-жазушыларының шығармашылықтарымен таныссыз ба?
– Қазір ден қойып танысып жатырмын. Сұңғыла, таланттылары баршылық. Әкбар Мәжит, Еркеш Құрманбекқызы, мысалы, екеуі де қытайша жазады, дәстүрлі әдіс-тәсілдің иегерлері, «Құстар қайғысы» поэмасының авторы Омарғазы Айтан, Таңжарық Жолды, «Атамзаман сөйлейді» тақырыбына қалам тартқан Мағаз Разданұлы, атақты Қажықұмар Шабдан, әдебиеттанушы Серік Қауымбай, прозашы Сұлтан Жанболат, қала берді, Ерлан Нұрдыханұлы, Өркен Салубай, Қажыбек Айдархан, Мәдетбек Балғабек шығармаларын оқығым келеді.
– Пулитцер, Астурийский сыйлығы, Нобель Орталық Азия елдерінің қаламгерлеріне бұйыра ма?
– Бұл сыйлықтар – бір жағынан, ақын-жазушы, тіпті, пәлсапашы еңбегіне берілген әділ баға тәрізді, екінші жағынан, шығармашылықты сауда-саттық тұрғысынан қолдайтын жарнамалық жәрдем сияқты көрінеді, барлық елде автордың жолын ашатын механизм.
– Графоманиялыққа қалай қарайсыз?
– Графомания – жалған жазушының қисапсыз көп жазғанына оң сипат беріп, қаламынан шыққан әр туындысын баспасөз бетінде жариялауға талпынған өлермендігі. Өнімділік пен графомандықтың ара жігі осында. Шын қаламгер жарық көрмеген шығармасын жағдайы келмесе, тартпасында ұзақ сақтауы да мүмкін, себебі, оның құндылығы ешқашан жоғалмайды.
– Әдеби ортада тоқырауда жүрмін деген сөз ақын-жазушылар тарапынан айтылып қалып жатады. Сіздің ойыңызша, тоқыраудың түпкі себебі не?
– Тоқырау да тағдыр сияқты, қайталанбайды, әркімнің өз тоқырауы бар. Біреу таусылғандықтан тоқырайды, екіншісі жақсылыққа, ізгілікке, келешекке деген сенімінен айырылғандықтан баз кешеді. Кітаптың бұрынғы ықпалы, беделі, күші жойылғандығынан тоқырап жүргендер де көбейіп жатыр. Тоқырамас үшін тоқтамай жазу керек. Қалам бір тоқтаса, қайта-қайта демалғысы келе береді. Сөйтіп демалысы бірте-бірте ұзақ аялдамаға айналады.
– Дін атаулыға көзқарасыңыз қалай?
– Дін – әр пенденің жеке шаруасы, оны жария етудің қажеті де жоқ. Жалпы, дін – қоғамдық институт бола тұра, тұлғалық мәселе. Жеке құпиясын жұмбақтаған сайын іштің шешімі де күшейеді, алайда неғұрлым жария еткен сайын соғұрлым сырттың күмәні де көбейеді. Жария дін – саясат, құпия сеніміңіз – иман. Қазақтың ертеден дінге деген қалыптасқан дүниетанымы, тұрақты көзқарасы бар: осы бағыт, кешегіден қалған ұстаным, сара жол біздің дұрыс-бұрыстығымызды айқындайтын бағдаршам болуы тиіс.
– Қазақтың кейінгі интеллектуалды тұлғаларымен жақын араластыңыз. Олардың әдеби портретін жасау я болмаса мемуар жазу ойыңызда бар ма?
– Ойымда бар. Таласбек Әсемқұлов пен Әмірхан Балқыбек туралы жаза алмай жүрмін. Сұңғыла, терең жігіттер еді. Негізі, кейбір тарауларын бастап қойдым. Жалпы, жоспарым көп. Құдай қаласа, жазамын деп отырмын.
– Көркем әдебиеттің тағдыры қандай болады?
– Әдебиетте тағдыр жоқ, таусылмайтын өмір бар. Тағдыр – уақыттың ақыры. Таусылмайтын өмір – мәңгіліктің көрінісі. Ол да шартты нәрсе. Бес миллиард жылдан соң, Күн де өзегіне құлайды. Бірақ, ол біздің шаруамыз емес, Құдайдың ісі. Сондықтан қуанып өмір сүру керек. Тіпті, қуанып жазу қажет. Әдебиет қуаныштың кеңістігіне айналуы тиіс. Оны тек жазу мәнері ғана жасай алады.
– Ойдан шығарылған уақиғалар мен өмірден алынған жайттардың бір-бірінен айырмашылығы бар ма?
– Бар десек те, қағаз бетіне түскенде, екеуі де көркемдік шындыққа айналып кетеді. Мен «Жақсы көрген ажардың сіз ұнатқан күлкісі» атты роман жазып шықтым. Роман тақауда баспасөзде жарық көреді.
– Оқимыз.
– Тәңірі төбесіне тұтсын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Еділбек ДҮЙСЕН