Жүгеріден сусын дайындау қазақ үшін таңсық емес. Бұл аптап ыстықта таптырмайтын сусын. Жүрегің сазса сусын түбіндегі дәні − тағам. Қала, аудан біткеннің көпшілік көп жүретін орындарында жүгері, тары, күріштен сусын қайнатқандар қымыз сапырғандай ожаумен сұйық, қоюын араластырып сатып отырады.
Ал Қасым дайындаған сусынның одан жөні бөлек. Ала шаңның ортасында антисанитарлық жағдайда отырған саудагерлердей емес, өз өніміне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Патенті, сертификаты бар. Қазақ тағамтану академиясының сапасы жақсы, тұтынушыларға ұсынуға болады деген негіздемесін алған. Яғни, санитарлық талаптарға сай өнім.
Жүгеріден сусын жасап шығарсам деген идеямен іс бітпейді. Талаптан бөлек, тұтынушылардың талғамынан шығатындай етіп дайындау әдістері біліктілікті қажет етеді. Кәсіпкерлікті өрістету үшін білім керек. Осының бәрін ой-елегінен өткізген Қасым түрлі жобаларға қатысып жүріп, инновациялық жобаларға мемлекет тарапынан бөлінетін 3 миллион теңге қаржыны жеңіп алды.
– Жүгеріде А, В, С, және D дәрумені бар, − дейді Қасым. – Адам ағзасына керекті калий, магний сияқты элементтер мол. Яғни, шөліркесеңіз кепкен ындыныңызды басып қана қоймайды, денсаулығыңызды да нығайтады.
Жаңақорғандық кәсіпкерлер сөзінің жаны бар. Бірде әлеуметтік желіде көрші елдердің біріндегі шырын дайындайтын цехта жұмыс істеген қазақ жігіті ондағы сұмдық былықтың бетін ашты. Жылға жуық жұмыс істеп жүріп, цехқа әкелінген бірде-бір жемісті көрмепті. Қай жақта дайындалғаны белгісіз концентратты қосып, алуан түрлі шырындар даярланады екен. Химиялық қоспа болғаннан кейін адам ағзасына зиян екендігі белгілі.
Ал ен далада жайқалып өсіп тұрған жүгерінің жөні бөлек. Табиғи сусын. Осыған дейін попкорн дайындап, тұтынушыларын тапқан Қасым енді қарбыз бен қауыннан шәрбат дайындамақ. Шикізат қайда дейтіндей емес, бау-бақша өнімдері ауданда үлкен көлемде өсіріледі. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген осы шығар.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы