Әнес Сарай қазақ әдебиетінің көкжиегін тарихи-көркем баяндарымен толықтырып, сөз өнеріне ерекше әр берген жазушы. Алғашқы әңгімелерімен-ақ әдебиет әлеміне танылған жазушы кейінірек романдарымен де, тарихи шығармаларымен де қалың оқырманның ықыласына бөленді. Исатай, Махамбет, ноғай, қазақ руларының тарихына байланысты еңбектері бүгінгі күні өз оқырмандарының іздеп жүріп оқитын туындыларына айналған. Тарихи шындықтан, фактіден ауытқымай, эстетикалық көркем мәтінді сенімді жазатын жазушының өнімді еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып келеді.
«Еділ-Жайық» романына түсінік берген академик Рымғали Нұрғали бұл шығарманы: «Еділ-Жайық» – бүгіндері тарих еншісіне айналып бара жатқан өткен ғасырдың басындағы ұлы дүрбелең кезіндегі Атырау өңірінің тыныс-тірлігіне арналған кезеңдік шығарма. Ол Қазан төңкерісін мақтамайды да, даттамайды да, халық басынан өткен бір күрделі оқиға ретінде баяндап қана қояды. Батыс идеологтары эволюциялық жолды қанша дәріптегенмен, қоғам іштей іріп-шірігенде, тазалану үшін революциялық төңкерістердің керек кездері болады. Бірақ ол сол қоғамның ішінде пісіп-жетілуі керек.
Автор қазақ қауымында ұлттық қозғалыстың пісіп-жетілгенімен, таптық қозғалыстың пісіп-жетілмегенін, сол себепті басты кейіпкерлер төңкеріс мақсаттарын шала ұғып, күмәнді ойларға жиі-жиі берілетіндері арқылы – бұл әлемдік оқиғаға өзінің авторлық көзқарасын аңдатады» деп бағалаған еді.
Жиында сөз алған жазушы Төлен Әбдік қаламдас-әріптесінің талмайтын ізденісіне, сарқылмайтын қажырына сүйсініс білдірді. «Бұл роман өзінің бағасын алған, Мемлекеттік сыйлықты да еншіледі. Бірақ осы күнге дейін бұл шығарманы жан-жақты талдап, жүйелі, терең, кезеңдік тұрғыдан зерттеген бірде-бір сыншының еңбегін оқыған жоқпын. Бұл өзі талдауға да оңай соқпайтын, революцияның ар жақ, бер жағын қамтитын күрделі шығарма. Қазір бағалау да өзгеріп бара жатыр. Сондықтан бұл романға бүгінгі көзқарас тұрғысынан талдау қажет.
Ал енді Әнес Сарайды студент күнінен білемін. Біз өлең жазарымызды, не прозаға ауысарымызды білмей жүргенде, бұл бұлғақтамай бірден проза жанрын таңдады. Бұл да біздің әдебиетімізде сирек кездесетін жағдай. Сол кезде бас алмай әлем әдебиетінің классиктерін оқып жататын. Сол қалпынан танбай әлі күнге кітапқа салған көзін алмай келеді. Қағазы мен қаламы да үнемі дайын тұрады. Шығармашылық табысқа жете беруін тілеймін», деп ақжарма тілегін айтты.
Тұсаукесер шарасында қызықты естеліктер мен жазушы шығармашылығы туралы ой-пікірлер айтылып, жыршы-термешілер ән-жырдан шашу шашты.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»