Қағазсыз форматқа көшірілуде
Елбасы төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев цифрландыруға қатысты денсаулық сақтау саласында біршама жетістік бар екенін атап өткен болатын. Осының нәтижесінде елімізде қазіргі таңда кезек күту азайған.
Министрлік Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық медициналық ұйымдардың жұмысты қағазсыз жүргізу форматына толықтай көшуін, атап айтқанда бастапқы медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшуін қамтамасыз етуде.
Медицинаны электронды форматқа көшіру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қанатқақты жобаның I кезеңінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының денсаулық сақтау ұйымдары электронды форматқа көшті. II кезең бойынша 1 сәуірден бастап Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Алматы облыстарының денсаулық сақтау ұйымдары, ал III кезеңде 1 шілдеден бастап Астана, Алматы қалалары және Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары сияқты қалған 8 өңір медициналық құжаттаманы электронды форматта жүргізе бастады.
Жобаның I, II және III кезеңдерінің шеңберінде шамамен 700 дербес денсаулық сақтау ұйымы іске қосылды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша емдеу-профилактикалық қызмет көрсететін барлық 697 дербес ұйымда 32 отандық және шетел әзірлеушілерімен ұсынылған медициналық ақпараттық жүйенің 38 түрі толық енгізілді. 5 420 дербес емес медициналық ұйымда 3 149 медициналық ақпараттық жүйе жұмыс істейді.
Олжас ӘБІШЕВ,
Денсаулық сақтау вице-министрі
4 599 өтініш қаралды
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кәсіпкерлікті дамыту, бизнес жүргізуге қолайлы ахуал тудыру мәселесіне кеңінен тоқталды. Бұл орайда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау ісінде біршама жұмыстар атқарылуда.
Бизнесті қорғау ісіне қатысты 2018 жылы бізге отандық кәсіпкерлерден 4 599 өтініш түсті. Олардың арасында кәсібін жаңадан бастаған жастар да аз емес. Өтініштердің 43%-ы оң шешімін тапқанын да атап өткен жөн.
Кәсіпкерлікті дамыту және заңнаманы ізгілендіру жөніндегі Елбасы жүргізіп отырған саясат тиімділігін көрсетті деуге толық негіз бар. Құқықтық қорғау жүйесіне келіп түсетін өтініштердің азаюы да осыны көрсетеді. 2017 жылы өтініштер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 28%-ға азайса, 2018 жылы тағы 11%-ға азайды.
2019 жылы Бизнес-омбудсмен жұмысының басым бағыттарына әкімшілік кедергілерді жою, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту, заңнаманы одан әрі ізгілендіру, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейту мәселелері енгізілді. Жалпы, кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары деуге болады. Олар өздерінің заңды құқықтарын жақсы біледі, оны қорғауға қашанда әзір. Біз жыл сайын кәсіпкерлік субъектілерімен, облыс әкімдерімен және прокурорларымен жұмыс кездесулерін, көшпелі кездесулер өткіземіз.
Бүгінгі таңда Әділет министрлігімен өзара белсенді іс-қимыл барысында әкімшілік-деликтілік заңнаманы ізгілендіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан заң жобасы аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу институтын одан әрі кеңейту, 44 бап бойынша айыппұлдарды төмендету, 10 бап бойынша жазаны репрессивті емес түрге ауыстыру, азаматтық-құқықтық немесе тәртіптік жауапкершілік көзделуі тиіс құқық бұзушылықтардың 32 құрамын алып тастау ұсынылды.
Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, бақылау-қадағалау функцияларына ауқымды тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде кейбір нысандарды іріктеп тексеру тоқтатылды, тексеру мерзімдері қысқартылды.
Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан бизнес-омбудсмендерінің форумы өтіп, алқалы жиын аясында Өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Екі ел кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен ақпарат алмасудағы ынтымақтастықты көздеп отыр. Сонымен қатар мемлекеттің ұлттық заңдарын дұрыс қолдану бойынша консультациялық-құқықтық көмек көрсету, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинарларға және басқа да іс-шараларға қатысу қарастырылған. Ресеймен арада да осындай келісім жасалғанын айта кету керек.
Біз үшін басты міндеттердің бірі – өзге елде жүріп басына іс түскен кәсіпкерлерімізге көмектесу, оларды жалғыз қалдырмау. Бұл елімізде кәсіпкерлердің көбеюіне, олардың еркін жұмыс істеуіне, алыс-жақын шетелдермен батыл кәсіпкерлік байланыс орнатуына жағдай туғызатыны сөзсіз.
Болат ПАЛЫМБЕТОВ,
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
Төлемдерді есептеудің тетіктері өзгертіледі
Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы Мемлекет басшысы еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшерін 30%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Үкімет ағымдағы жылдың наурыз айында Парламенттің қарауына енгізетін «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңның жаңа редакциядағы жобасын әзірледі.
Заң жобасында әлеуметтік төлемдерді есептеудің тетіктерін өзгерту көзделген. Оның ішінде бүгінде қолданылатын орташаланған дәреженің орнына еңбек ету қабілетінен айырылған адамдарға төлем есептегенде еңбек ету қабілетінен айырылудың жеке дәрежесін қолдану, асыраушысынан айырылған адамдарға төлем тағайындау үшін асырауындағылар санының коэффициентін арттыру, сондай-ақ жұмысынан айырылған адамдарға табысты алмастыру деңгейін арттыру тетіктерін жетілдіру жайы қарастырылған.
Заң жобасын жүзеге асыру әлеуметтік қатер туындаған жағдайда жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Алмас ҚҰРМАНОВ,
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті
Экспортты еселеуді ескерген жөн
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасының негізгі тетігі саналатын маңызды салалардың қарқыны мен дамуы, кем-кетік тұстары кеңінен сөз болды. Оның ішінде ауыл шаруашылығының әлеуеті, ет өнімдерінің нарықтағы үлесіне қатысты маңызды мәселелер айтылды.
Соңғы үш жылда алғаш рет осы саладағы импорт өсімі айтарлықтай артып отыр. Отандық құс етін өндірушілер елдегі жалпы сұраныстың 60 пайызын қамтамасыз етуде. Бұған қоса, шұжық өнімдері импортының үлесі де жоғарылап келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, 20 мың тонна ірі қара малдың 70 пайызы тірі күйінде экспортталады. Қазақстанның ДСҰ шеңберінде алған міндеттемелеріне байланысты құс етінің импорты ұлғайғанын да айта кету керек. Еліміздегі халық санының өсуі де тиісінше ет өнімдерін тұтыну көлемінің едәуір артуына ықпал етті.
Көптеген отандық шаруашылық «мәрмәр ет» сияқты жоғарғы санаттағы өнім өндіруге бағытталса, импорттың елеулі үлесін сүйексіз кесек еттер, мысалы, шұжық пен басқа да ет өнімдері құрайды.
Жалпы, мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Бұл сала қазақтың ықылым заманнан қанына сіңген, жан-жақты меңгерген саласы. Біздің ел – мал шаруашылығын меңгерген ірі мемлекеттердің бірі. Өзге елдердегі өнімдермен салыстырғанда отандық өнім экологиялық таза екенін жақсы білеміз.
Бүгінде шетелдік тұтынушылар қазақтың қойы мен жылқысының дәміне тең келетін өнімнің жоқ екенін жиі айтады. Осыдан-ақ сапалы еттің көлемін арттырып, сұранысты еселеудің түрлі тетіктерін меңгеру керектігін аңғаруға болады.
Ол үшін мемлекет тарапынан мал шаруашылығын жандандыруға, өрісін кеңейтуге мүмкіндік беріліп отыр.
Көнеден келе жатқан ата кәсіптің тұтас бір мемлекеттің экономикалық ахуалын дамытуға әлеуеті толық жеткілікті. Мұны Елбасы талай рет шегелеп айтқан-ды. Бұл жолы да саланың тынысын ашуға мемлекет қазынасынан қаражат қарастыруды тапсырды. Осы бағытта жұмыстар жоспарлы түрде ұйымдастырылып, тиімді жүзеге асса, ұтарымыз анық.
Радик ТЕМІРҒАЛИЕВ,
Тұңғыш Президент Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы
Ойлау жүйемізді жаңғырту талап етіледі
Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің экономикалық әлеуеті жоғары. Ел тәуелсіздігі жылдарындағы жетістіктерімізді жоққа шығара алмаймыз. Алайда, әлемдік кеңістіктегі өзгермелі үдерістерге зер салатын болсақ, Қазақстан бүгінгі жеткен жетістігімен тоқтап қалмауы қажет.
«Өткен жылдан бастап мемлекеттік-әлеуметтік саясат жүйелі түрде қайта қарастырылды. Бес әлеуметтік бастама, жуырдағы Жолдау және жастарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары аясында барша қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету үшін көп қаржы бөлінуде. Бүгінде көптеген елдің мұндай әлеуметтік шығындарға шамасы келмейді», деп атап өтті Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Бұл бағдарлама елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталғандығының жарқын көрінісі. Бірақ жаңа технологиялар заманы жер бетіндегі қандай да болмасын мемлекеттен бәсекеге қабілеттілікті талап етеді. Қарап отырсақ, Америка, Қытай сияқты алпауыт елдердің өзі экономикасына алаңдаушылық білдіре бастады. Әлем елдерімен көпвекторлы саясат ұстанған Қазақстан үшін шикізат өндіруші ел болып қалу тиімсіздігін көрсетті.
Осы тұрғыдан алғанда, бизнесті дұрыс ұйымдастыра білу, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау білдірудегі қадамдар үздіксіз жетілдіріліп, кәсіби тұрғыдан толықтырылуы тиіс. Мысалы, жұмыссыздық факторларын алайық. Елімізде білім беру ұйымдарының жұмысы дұрыс жолға қойылған, одан қалса кәсіби біліктілігін арттыру мүмкіндіктері молынан қарастырылған. Солай бола тұра жұмыссыздық белең алуда. Бұл жергілікті атқару органдары жұмысының тиімсіздігін көрсетеді. Мысалы, солтүстік өңірлерде жұмысшы тапшы дейміз. Өңірлерді дамыту, сондай-ақ жас мамандарды ауылға тарту бағдарламасын неге тиімді жүзеге асырмасқа?.. Тұрғын үйлерді көптеп салып тастадық, ал онда тұратын адам жоқ. Екі-үш ауысымда оқитын өңірлерде мектеп жоқ, керісінше бала саны аз аумақтарда мектептер ретсіз салынған. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен дейміз. Неге ретсіз, жүйесіз несиелер беріледі? Тамақ өндірісінің ІЖӨ-ге шаққандағы үлесі жоғары да, жеңіл өнеркәсіптің үлесі өте төмен. Неге? Елбасы атап өткендей, сүтті де, етті де, тіптен көкөністі де шетелден тасымалдаймыз. Ал бізде оған мүмкіншілік жоқ па?.. Бұл тиімді экономикалық басқару жүйесінің жеткіліксіздігін көрсетеді.
Мемлекет басшысының Үкіметке, Ұлттық банкке батыра айтқан сыны орынды. Әрбір тиісті орган өз жұмысын дұрыс игерсін, ұйымдастырсын деген талап қойылып отыр. Жергілікті әкімдіктер аймақтардағы жұмыстың тиімділігін арттыруы тиіс. Салық түсімі жағынан Алматы сияқты өңірлердің де саны артуы қажет деп білемін. Өңірдің ерекшеліктеріне қарай қандай кәсіпорындар, қандай шағын кәсіпкерлік нысандарын ашу керек, соның тетіктерін қарастырсын. Өтеуі жоқ, даңғаза тірліктерге берілетін несиелерге тоқтау болсын. Қарап отырсақ, күнделікті тұрмысқа қажетті шеге, балға, балта сияқты бұйымдарды шетелдерден сатып алудың еш қисыны жоқ.
Осы орайда Елбасы отандық өнімді дамытуға, өз өнімдерімізге ынсаппен қарауға үндеп отыр.
Бүгінгі үздіксіз өзгермелі уақыт қоғамнан ойлау жүйесін өзгертуді талап етіп отыр. Бір ғана Беларусь елін алатын болсақ, жаңа технологиялар саласында жастардың идеясын пайдалана отырып, жылына 1 млрд доллардың өнімін өндіруде. Осы орайда жастардың әлеуетін пайдаланудың маңызы зор. Қоғамның, тіптен бір ғана отбасының бюджеті, алдағы даму жоспары дұрыс жасалуы шарт. Елдің дамуы Үкімет жұмысының тиімділігі мен әрібір қоғам мүшесінің әлеуетімен тікелей байланысты.
Рахман АЛШАНОВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор
Автонесиелеуге қатысты ұсыныс құптарлық
Үкімет отырысын ашқан Президент Н.Назарбаевтың алғы сөзінен-ақ жиынның өткен жылғы наурыз айында жарияланған 5 әлеуметтік бастамаға арналғаны айқын көрінді.
Енді аралық қорытындыларды шығарудың уақыты келді. Мемлекет басшысының бастамалары бойынша аралық индикаторлардың кестесі бастапқыда берілмегендіктен, жұмыстың қаншалықты тиімді жүріп жатқанын айту қиын. Мысалы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоспары бойынша 2017 жылы жарияланған «Бастау Бизнес» жобасы алғашқы екі жылда (2017-2018) 33 мың жаңа кәсіпкерді қолдауы тиіс болды; Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевтың баяндамасына сәйкес, екі жыл ішінде 43 мың адам оқытылды, яғни жоспар артығымен орындалды.
Ал осыдан 5 жыл бұрын индустрияландыру, содан кейін дағдарысқа қарсы күрес басты назарда болды.
Жаңа бастамалардың ішіндегі ең елең еткізетіні – Ұлттық банк бастамашылық еткен секьюритилендіру тетігін қолдана отырып, автонесиелеу бағдарламасын іске қосуы. Шамасы, бақылаушы «7-20-25» бағдарламасын іске асырудың тиімділігін жоғары бағалады, сондықтан бұл секьюритилендіру тетігіне қайта жүгінуді жөн көрді. Бұл бағыт Үкімет пен Ұлттық банкке бір оқпен екі қояннан да көп атып алуға мүмкіндік береді.
Сергей ДОМНИН,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы
Әлеуметке – әрдайым басымдық
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік салаға әрдайым басымдылық беріп келеді. Соның бір айғағы – 5 әлеуметтік бастамасын қолға алуы. Оған қоса, биыл – Жастар жылы. Әрине, бізде жастар саясатын жүзеге асыратын нақты нормативтік құжаттар бар, бірақ барлық салада олардың өмірін жақсартуды көздейтін жүйелі жобаларды бір жылда қолға алу мүмкіндігі бұрын болмаған.
Осы Үкімет отырысында да Елбасы белсенді жастарды тарту керектігін айтты. «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының басты аудиториясы да – жастар. Біз 2050 жылы ең дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп отырмыз. Ал сол күнге жеткенде Қазақстанды одан әрі ілгерілететін – бүгінгі буын, жас ұрпақ. Сондықтан аталған бағыттағы әлеуметтік жобаларды жүргізу жолында Үкіметпен тығыз жұмыс істейміз.
Экономиканың дамуына көз жүгіртсек, Қазақстан қазіргі таңда орталық Азия елдері немесе ТМД мемлекеттері арасында локомотив ел ретінде қалыптасты. Дегенмен Өзбекстан, Қырғызстан сынды көршілес мемлекеттер де қарқынды дамып келеді. Сондықтан жыл сайын экономикамыздың 4-5 пайыз өсуіне қуанып, арқаны кеңге салмай, Президент айтқандай, даму қарқынын одан әрі күшейте беруіміз керек. «Мұнай, газ секілді табиғи ресурстар болашақта бітеді, сонда Қазақстан экономикасын қалай қалыптастырамыз?» деген салмақты сауалды да Мемлекет басшысы соңғы жылдары жиі қойып жүр. Азық-түлік, киім, машина, технология өнімдерін өзімізден шығаруды жолға қоюды тапсыруының бір себебі де осында.
Тағы бір айта кететіні, жанымызда екі алпауыт көрші ел бар. Және экономистердің болжамы бойынша, Үндістан адам саны мен экономикалық дамуы жағынан алғашқы үштікке кіреді екен. Астанадан Делиге тікелей ұшақ қатынайды, осыған орай, Үндістанды көрші мемлекет деп санауға болады. Экономист әрі осы саланың шолушысы ретінде субъективті пікірім: біз тұрған жерімізді пайдаланып, сервистік экономиканы дамытуымыз қажет. Экономикасы жағынан алда келе жатқан елдердің қатарына қосылуға тым ерте екенін түсінеміз әрине, алайда солардың мүмкіндіктерін пайдаланып, оларға жоғары сапалы сервис ұсынатын мемлекет болып қалыптаса алсақ, ел экономикасы мен әлеуетін дамытуға зор септігін тигізеді.
Мұхтар МӘНКЕЕВ,
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы