Атам қазақ «жүйрікке де бір томар» немесе «сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген емес пе. Мысалы орыстың атақты балуаны Олимпиаданың үш, әлемнің тоғыз дүркін, Еуропаның 12 дүркін чемпионы, дүние жүзі қауқар-қайратына таңданып, тамсанған орасан күш иесі Александр Карелин де кезінде жеңілген. Мұндағы өздеріңіз көріп отырған фото соның дәлелі.
Оқиға былай болыпты. 1987 жылдың 22 қаңтарында классикалық күрестен КСРО чемпионаты Омбы қаласында басталады. «Ол тұста еркін және классикалық күрестен Одақ жеңімпазы атану әлем біріншілігінде жүлде алғаннан қиын еді» деп еске алады қазақ спортының тарихшысы Қыдырбек Рысбекұлы.
Жоғарыдағы чемпионатта аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен алыптар арасынан өзіміздің қарағандылық балуан Игорь Ростороцкий мен жасы 20-ға жаңа толған сібірлік жігіт Александр Карелин финалда жолығады. Ол тұста «Сібір аюы» аса таныла қоймаған, бір жыл бұрын ғана Швецияда жастар арасында өткен классикалық күрестен әлем біріншілігінде топ жарғаны бар. Ал біздің жерлесіміз И.Ростороцкий болса жасы 25-ке толған, дүние жүзінің екі дүркін (1985, 1987) чемпионы, әлем кубогы мен Еуропа біріншілігінің қос алтынын қатар жеңіп алған, қысқасы жер шарын жалғыз өзі еңсеріп тұрған шағы.
Бірі әлем алыбы, бірі жалындаған жас бөрі. Қос алыптың айқасына ғалам көз тікті. Шешуші тұста қарағандылық балуан 1:0 есебімен Карелинді жеңді. Ал келесі 1988 жылғы қаңтар айында Тбилисиде өткен КСРО біріншілігінде жерлесіміз Карелиннен 10:0 есебімен ұтылды. Ұтылып қана қойған жоқ, күреспен біржола қоштасты. Өйткені ол жан баласын шақ келтірмейтін бір алыптың туғанын түсінді. Сөйтіп Игорь балуан 26 жасында спортты доғарып, Қарағанды университетінің заң факультетін бітірген соң жайына кетті. Бірақ әлемдік спорт тарихында «Сібір аюын» жеңген тұңғыш балуан ретінде тарихта қалды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»