01 Ақпан, 2019

Карелинді жеңген балуан кім?

751 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Карелинді жеңген балуан кім?

Атам қазақ «жүйрікке де бір томар» немесе «сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген емес пе. Мы­салы орыстың атақты балуаны Олимпиаданың үш, әлемнің тоғыз дүркін, Еуропаның 12 дүркін чемпионы, дүние жүзі қауқар-қайратына таңданып, тамсанған орасан күш иесі Александр Карелин де кезінде жеңілген. Мұндағы өздеріңіз көріп отырған фото соның дәлелі. 

Оқиға былай болыпты. 1987 жылдың 22 қаңтарында клас­сикалық күрестен КСРО чемпионаты Омбы қала­сында басталады. «Ол тұста еркін және классикалық күрестен Одақ жеңімпазы атану әлем біріншілігінде жүлде алғаннан қиын еді» деп еске алады қазақ спортының тарихшысы Қыдырбек Рысбекұлы. 

Жоғарыдағы чемпионатта аса ауыр салмақ дәрежесі бойын­ша сынға түскен алыптар арасынан өзіміздің қарағандылық балуан Игорь Ростороцкий мен жасы 20-ға жаңа толған сібірлік жігіт Александр Карелин финалда жолығады. Ол тұста «Сібір аюы» аса таныла қоймаған, бір жыл бұрын ғана Швецияда жас­тар арасында өткен классикалық кү­­рестен әлем біріншілігінде топ жарғаны бар. Ал біздің жер­­лесіміз И.Ростороцкий болса жа­сы 25-ке толған, дүние жү­зінің екі дүркін (1985, 1987) чем­­пионы, әлем кубогы мен  Еу­­ропа біріншілігінің қос алтынын қатар жеңіп алған, қысқасы жер шарын жалғыз өзі еңсеріп тұрған шағы. 

Бірі әлем алыбы, бірі жалын­даған жас бөрі. Қос алыптың айқасына ғалам көз тікті. Шешу­ші тұста қарағандылық балуан 1:0 есебімен Карелинді жеңді. Ал келесі 1988 жылғы қаң­тар айында Тбилисиде өткен КСРО біріншілігінде жерлесіміз Ка­ре­лин­нен 10:0 есебімен ұтылды. Ұтылып қана қойған жоқ, күреспен біржола қоштасты. Өйткені ол жан баласын шақ келтір­мейтін бір алыптың туғанын түсінді. Сөйтіп Игорь балуан 26 жасында спортты доғарып,  Қарағанды университетінің заң факультетін бітірген соң жайына кетті. Бірақ әлемдік спорт тарихында «Сібір аюын» жеңген тұңғыш балуан ретінде тарихта қалды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Egemen Qazaqstan»