01 Ақпан, 2019

Әлем елшісі кәмелетке толды

866 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан 13 жыл бұрын кіп-кішкентай Нари екі елдің достығына дәнекер болып, БАҚ өкілдерінің назарын өзіне аударған еді. Осылайша бар болғаны 3 жасар Нари Ермұханова дүниежүзі бойынша Әлем елшісі атағын иеленген үшінші қыз атанды. Олардың алғашқысы Мәскеуге келген америкалық оқушы Саманта Смит болса, екіншісі АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейганға хат жолдаған мәскеулік Катя Лычева болатын.

Әлем елшісі кәмелетке толды

Сонымен 2005 жылы «Қа­зақ­стан – Оңтүстік Ко­рея» достық қоғамының бас­та­масымен, Қазақстан Сырт­қы істер министрлігінің Алма­тыдағы кеңсесі де қолдап, ЮНИСЕФ-Қазақстан Балалар қоры мен Қазақстандағы оң­түстіккореялық іскерлер қа­уымдастығы қолпаштап, жақ­­сы бір жоба жүзеге ас­қан еді. Осылайша мемле­кет­ара­­лық қарым-қатынастар тә­­жі­­рибесіне ресми емес дип­ло­матиялық бірлік еніп − Қа­зақстан мен Оңтүстік Ко­рея халықтары арасында бейбіт­шіліктің бала елшісі пайда болды.

Содан бері де зыр етіп бір мүшел уақыт өте шыққан екен. Ендеше Қазақстан ко­рей­­лері қауымдастығының Ал­­ма­тыдағы бас кеңсесінде 16 жас­қа толған Нари Ермұ­ха­новаға Қазақстан Респуб­ли­ка­сының азаматы куәлігі салт­а­­натты түрде тапсырылды. 

Қарап отырсақ, Наридың дүниеге келгені де қызық. 2002 жылы УДЗ көрсетуі бо­йынша ұл күтіп жүрген Ер­мұ­­хановтардың отбасында керісінше... екінші сүп-сүй­кімді қыз дүниеге ке­леді. Дәл осы сүйіншілі сәт­те Азия құр­лығында өтіп жат­қан футбол матчтары да аяқ­талып, судья ысқырығы естіледі. Сол сәтте Оңтүстік Корея ұлт­тық командасының Еуро­па­ның азулы командасын жан­­кеш­тілікпен жеңуі «футбол фанатына» жігерлі әсер беріп, дүниеге келген сәбиіне ко­рей халқының есімін беруге шешім қабылдайды. Сол сәтте әріптесіміз Манарбек Ермұханов өз қиялында келешекте Қазақстанның ұлттық құ­рамасы да теңбіл доптың әлем­дік тарландарын ойсырата жеңетін ойыншыларға айналса деген арман болғанын айтады. 
Он алты жыл бұрын журналист Манарбектің нәрестесіне Нари есімін беруге Қазақстан корейлері қауымдастығы ғана емес, еліміздің футбол фе­­­дерациясы да араласып, қуа­­нышына ортақтасады. Жә­­­не бұл жаңалық көп ұза­май «KBS» корей ұлттық те­леар­насынан да көрсетіледі. Осы­дан кейін араға үш жыл салып «Жас отау» неке сарайында өткен Оңтүстік Корея елі тәуел­сіздігінің 60 жылдығына ар­налған салтанатты жиында Нари Әлем елшісі атанады. 

13 жылды артқа тастаған осынау қоғамдық бастама екі мемле­кеттің президенттері – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Но МуХен та­ра­пы­нан қолдау тауып, белді ба­сылымның бірінде ата­лып өткені де есте. 

Және бұл оқиға осы салтанатты сәтке куә болған Ресей ха­лық жазушысы Анатолий Кимді де толқытып, «Арина» ат­ты кезекті романының сю­­­же­тіне әсерлі өзгерістер ен­гі­зеді.

Міне, сол Нари да кәме­леттік жасқа толды. Қа­зір Ал­матыдағы №111 гим­назия­ның үздік шәкірттерінің бірі. Сүйікті пәндері бойын­ша өз мектебінің намысын қа­лалық, республикалық бай­қауларда қорғап жүрген озат оқушы. Баскетбол мен спорт­тық би жарыстарында да замандастарына дес бер­мейтін дарын. Оның шебер қолдары саз балшықтан тамаша мүсіндер тудырып, кес­те тоқудан да жалықпайды. 

Ана тілімен қоса ағылшын тілін еркін меңгерген тәуел­сіздіктің төлі Қазақстан корей­лері қауымдастығы ұйымдас­тырған барлық шаралардың ең жас та сүйкімді қонағы.

Болашақта дипломат болуды ойластырып жүрген На­ри бүкіл өркениетті әлем көк­сегендей, келешекте КХДР мен Оңтүстік Кореяның бі­рігіп, біре­гей елге айналуын арман­дайды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

АЛМАТЫ