«Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0.» форумы аясында Беларус Премьер-Министрі – С. Румас, Қазақстан Премьер-Министрі – Б. Сағынтаев, Қырғызстан Премьер-Министрі – М. Абылгазиев, Ресей Премьер-Министрі – Д. Медведев және Армения Вице-Премьері – М. Григорян мен ЕЭК Алқа төрағасы Т. Саркисянның, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қатысуымен пленарлық сессия өтеді.
Қатысушылар Еуразия технопарктерін интеграциялаудың алғышарттарын, бірлескен инновациялық жобалар құруды талқыламақ. Цифрлық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып стартап-компаниялар мен ІТ-саласындағы жас мамандарды ілгерілету және қолдау мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісетін болады.
Сарапшылардың пікірінше, технопарктерді халықаралық интеграциялаудың басты мақсаты – елдер арасындағы технологиялық алшақтықты қысқарту және 4-технологиялық революция идеяларын ілгерілету. Болашақта халықаралық интеграциялау ісінде ашық тәжірибе алмасуға әр қатысушылардың мүмкіндіктерін арттыру қажет.
Форумды ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ