Облысқа жұмыс сапармен келген Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова пайдалануға берілген жаңа сәулелі диагностика корпусының ашылуына қатысты. Ол өз сөзінде бұл мақсат үшін республикалық қазынадан 313 миллион теңге, медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға 80 миллион теңге бөлінгенін жеткізді.
Жалпы аумағы екі мың шаршы метрді алып жатқан ғимараттың бірінші қабатында ультрадыбыстық диагностика, рентген кабинеті және патологоанатомиялық зертхана орналасқан.
«Бұрын хирургия корпусынан емханаға науқастар дала арқылы қатынайтын. Қазір корпустың ішімен барады. Бұл пациенттер үшін өте ыңғайлы. Жансақтау бөлімшесі де жаңа нысанға көшіріліп, заманауи құрылғылармен толықтырылды. Патогистологиялық бөлімше 4 заманауи аппаратпен жабдықталды. Оның 2-уі – италияндық, қалғаны – швейцариялық және жапондық құрылғылар. Бұған дейін онкологиялық ауруды анықтау 2 аптаға созылса, қазір қорытынды небәрі 4-5 күнде дайын болады», дейді онкологтиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары Ермек Әбдірімов.
Жаңа сәулелі диагностика корпусының пайдалануға берілуіне орай рентген және ультрадыбыстық диагностика кабинеттері қосымша мамандармен толықтырылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы