Аудан өткен жылы экономика мен әлеуметтік саланың басым бағыттары бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізген. Экономикасының 94 проценті ауыл шаруашылығына тиесілі болса, оның 82,1 процентін өсімдік шаруашылығы құрайды. Биыл ет экспортын 2,5 есеге арттыру туралы Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ауданда мал шаруашылығын дамытуға ден қойылуда. Мәселен, Егіндікөл ауылында жалпы сомасы 420 миллион теңгеге ет өңдеу, 5 мың бас күркетауық өсіру кешенінің және мал сою бекетінің құрылысы жүргізілмек. Ал, Қоржынкөл ауылында 172 миллион теңгеге 100 бас қазақтың ақбас етті ірі қарасын өсіру қолға алынып, мал сою және етті өңдеу цехы салынбақ. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы қосымша 40 жаңа жұмыс орнының ашылуына себепші болмақ. Егіндікөл ауданы үшін бүгінде ауыз су мәселесі өткір тұр. Мәселен, ауданға ауыз су ұзындығы 100 шақырым болатын Нұра су құбыры арқылы жетеді. 50 жыл бұрын салынған су құбыры жыл сайын істен шығып, тұрғындардың ауыз сусыз қалып жүрген күндері аз болмаған. Енді бұл мәселе, алдағы жылдары түбегейлі шешілмек.
–Жарты ғасыр бұрын салынған су құбырының әбден тозығы жеткен. Жамаумен күніміз өтеді. Енді бұл мәселе Үкімет қаулысымен біржолата шешіледі деп үміттеніп отырмыз. Яғни, су құбыры шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекеменің құзырына берілмек. Өйткені, жаңа құбырдың салынуына немесе бар құбырды күрделі жөндеуден өткізуге шамамен 5 миллиард теңге қажет. Ал, бұл соманы облыстық және аудандық бюджет көтере алмайды. Енді аталған мекеме жобалық-сметалық құжат әзірлейді. Содан кейін барып құбырды жөндеуге кіріседі. Сөйтіп, аудан тұрғындары болашақта тәулік бойы үздіксіз ауыз сумен қамтылады,–дейді Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Исабеков.
Егіндікөл ауданы үшін маңызды мәселелердің енді бірі – жол қатынасы. Бүгінде ауданда «Новочеркасск-Егіндікөл» бағытындағы автожол жөндеуден өткізілуде. 53 шақырымдық жолдың 34 шақырымы жөнделді, қалған жолды жөндеу биыл жалғастырылмақ. Аудандық бюджеттен көктемгі тасқыннан зардап шегетін Егіндікөл-Абай жолын жөндеуге 8 миллион теңге қарастырылған. Аудан орталығындағы ішкі жолдардың жөнделуіне облыстық бюджеттен 20 миллион теңге бөлініп отыр. Аудан тұрғындары «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынатын «Орталық-Батыс» жолының құрылысынан көп үміт күтіп отыр.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Егіндікөл ауданы,
Ақмола облысы