Спорт • 01 Ақпан, 2019

Бүгін сноуборд пен фристайлдан әлем чемпионаты басталады

571 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында сноуборд пен фристайлдан әлем чемпионаты басталады. 10 ақпанға дейін созылатын бәсекелер барсында 30 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. 

Бүгін сноуборд пен фристайлдан әлем чемпионаты басталады

Фристайлшылар 16 жүлде жиынтығы үшін таласады. Осы орайда Қазақстанның басты үміті Юлия Галышева екенін айта кетуге тиіспіз. 2018 жылы Пхенчхан қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындары, 2015 және 2017 жылдардағы әлем чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көрінген жерлесіміз бұл жолы да жасындай жарқырап, жеңіс тұғырына көтеріледі деп үміттенеміз. Сондай-ақ, Галышева Азия ойындарында үш рет және Дүниежүзілік Универсиадада екі рет алтыннан алқа тағынды.

Төрт бірдей Олимпиадада бақ сынап, алты рет әлем чемпионатына қатысқан Дмитрий Рейхердке де үлкен сенім артамыз. Азия ойындары мен Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы деген атағы бар отандасымыз осы жолы барын салуға тиіс. Сонымен қатар, Павел Колмаков, Аяулым Әміренова, Сергей Романов және Александр Геберт сынды спортшылар да Солт-Лейк-Ситиге сапар шекті.

Фристайлдың шаңғы акробатикасы түрі бойынша Жанбота Алдабергенова, Жібек Арапбаев, Бағлан Інкәрбек, Ақмаржан Қалмұрзаева сынды қазақтың ұл-қыздары өнер көрсетеді. Олардың барлығы да талай ірі додаларда ысылып, үлкен тәжірибе мектебінен өткен. Жоғарыдан есімдері аталған спортшылардан бөлек, әлем чемпионатында Елдар Бадрудинов та бақ сынайды.

Ал сноуборд сайысында Қазақстанда өз деңгейінде дамымай жатыр. Сол себепті де әлем чемпионатына аттанған спортшыларымыз финалдық сайысқа жолдама алса да, соның өзі үлкен жетістік болар еді. Жалпы спорттың бұл түрінде 14 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.    

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

 «Egemen Qazaqstan»