Қазақстан • 01 Ақпан, 2019

Мемлекет қаржысына мұқият қарайтын орган 25 жылдығын атап өтті

871 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігінде Қазақстан қазынашылығының 25 жылдық мерейтойы тойланды. Шараға Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, Парламент Сенатының депутаты Ольга Перепечина, Дүниежүзілік Банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Анимеш Шривастава, Қазынашылық комитетінің төрағасы Ербол Қарашукеев қатысты.

Мемлекет қаржысына мұқият қарайтын орган 25 жылдығын атап өтті

Ширек ғасыр бойы Қазақстан қазынашылығы еліміздің бюджет жүйесінің бір бөлшегі ретінде құрылу мен дамудың үлкен жолын артқа тастады.

«1994 жылдың 27 қаңтарында халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған мемлекеттік қызметтерді сапалы атқаруды қамтамасыз ететін, тұрақты бюджетке қол жеткізуде мемлекеттік қаржыны тиімді басқару құралы ретінде Қазақстан Президентінің Жарлығымен еліміздің Қазынашылық бас басқармасы құрылды. 25 жыл ішінде Қазынашылық органдары бюджеттік саясатты іске асырып, мемлекет қаражатын тиімді әрі мақсатты басқаруға зор үлес қосып келеді» деді Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде Қазынашылықтың қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасты. Қазынашылықтың ақпараттық жүйесі халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда ТМД бойынша үздік заманауи интеграцияланған ақпараттық жүйе қалыптасқан. Қазынашылықтың ақпараттық жүйелері 13 мың мемлекеттік мекемеге, 5 мыңнан астам шотқа, 3,5 мыңдай пайдаланушыға онлайн режимде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Жиын соңында бюджеттік саясатты іске асырып, мемлекет қаржысын мақсатты басқаруға үлес қосып жүрген қызметкерлер марапатталды.

Қазынашылық органдарының жедел қызмет көрсетуіне, мемлекеттік бағдарламаларды орындауына сол аймақтың бүкіл тыныс-тіршілігі байланысты. Қазынашылық органдары 205 бөлімшеден тұратын барлық басқармада 3080 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Қазынашылық органдары бұрын бір қаржылық құжатты 2-3 күнде өңдейтін болса, қазір барлығы дистанциялық түрде 6 сағаттан аспайтын уақытта өңделеді.2018 жылдан бастап қазынашылық жүйесі бюджеттің төртінші деңгейіне қызмет көрсете бастады. Бұл тұста да қазынашылар Қаржы министрлігінің стратегиялық жоспарын толықтай орындап, 1062 жергілікті бюджетті енгізді. 

Айта кету керек, Қазынашылық комитеті халықаралық аренада да тығыз жұмыс жасайды: Халықаралық Қазынашылықтар Қауымдастығы – Pempal аясында осы қауымдастыққа мүше 23 елмен Қазынашылық саласын жетілдіру, дамыту мәселелері бойынша қарым-қатынас орнатқан.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»