Өзін өзі тану – жаңа заман педагогикасы
Бейсенбі, 8 қараша 2012 7:18
Алматыда «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының (ҰҒПББСО) 15 жылдығына орай «Өзін-өзі тану: сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» халықаралық педагогикалық оқулары табыспен өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі М.Н.Сарыбеков қатысып, салтанатты іс-шараны ұйымдастырушылар мен ресми тұлғаларды, аталмыш жиынға қатысушыларды құттықтап, 15 жыл ішінде ҰҒПББСО-да қызмет етіп келе жатқан алдыңғы қатарлы ғалымдар, педагогтар, тәрбиешілер, әдіскерлер мен қызметкерлердің еңбегін атап өтіп, марапаттады. «Бөбек» қорының президенті, «Өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы да сөз сөйлеп, қатысушыларға өз тілегін айтып, ризашылығын білдірді.
Бейсенбі, 8 қараша 2012 7:18
Алматыда «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының (ҰҒПББСО) 15 жылдығына орай «Өзін-өзі тану: сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» халықаралық педагогикалық оқулары табыспен өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі М.Н.Сарыбеков қатысып, салтанатты іс-шараны ұйымдастырушылар мен ресми тұлғаларды, аталмыш жиынға қатысушыларды құттықтап, 15 жыл ішінде ҰҒПББСО-да қызмет етіп келе жатқан алдыңғы қатарлы ғалымдар, педагогтар, тәрбиешілер, әдіскерлер мен қызметкерлердің еңбегін атап өтіп, марапаттады. «Бөбек» қорының президенті, «Өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы да сөз сөйлеп, қатысушыларға өз тілегін айтып, ризашылығын білдірді. Үш күнге созылған халықаралық деңгейде ұйымдастырылған бұл атаулы іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Өзін-өзі тану» бағдарламасын дамытуға, жетілдіруге үлес қосып жүрген мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілері, әдіскерлері, мектеп мұғалімдері, колледж, жоғары оқу орындары оқытушылары мен ғалымдары қатысты.
«Өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасы даналықтың шыңы, ол – адамның өзін-өзі тануы, бақыт пен өмірлік табысқа жету үшін өзінің шексіз мүмкіндіктерін аша алуы. Осы орайда, жас ұрпақтың рухани мәдениетін арттырып, көркемдік әлемін байытуда, дүниетанымын қалыптастырып, салауаттылыққа тәрбиелеуде «Өзін-өзі тану» пәнінің орны ерекше. «Өзін-өзі тану» бағдарламасының негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны біліп, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі басқару негізінде адамгершілік-рухани әлеуетін көтеру. Жеке тұлғаның бойына имандылық нұрын ұялатуда бұл пәннің мәні ерекше зор. Өйткені, бұл – кіріктірілген бағдарлама.
Бұл пән жеке тұлғаның өзін-өзі тануына және рухани баюына әсер ете отырып, әрбір тұлғаның жақсы жаққа өзгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол жеке тұлға ретінде өзін-өзі тануға және өмірлік ұстанымын, дүниетанымдық деңгейін анықтайтын құндылықтар сапасына ие болуға бағыт-бағдар береді. Адамгершілік-рухани тұрғыдан дәріс алған балалар өмірлік маңызды құндылықтар жүйесін зерделейді, рухани және материалдық арақатынас мәселесін пайымдай отырып өзіндік көзқарастарын шыңдай түседі.
Алғашқы күнгі жиынды Астана қаласы балаларды қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер ашса, «Бөбек» ҰҒПББСО бас директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор Қорлан Жампейісова өзін-өзі тану – жаңа заман педагогикасы екендігіне, ал Мәжіліс депутаты, саясаттану ғылымының докторы, профессор К.Н.Бұрханов қазіргі Қазақстанның құндылықтары және білім беру жүйесіне тоқталды.
Ресей білім беру академиясының (Дағыстан, Махачкала) корреспондент-мүшесі, п.ғ.д., профессор Жафар Маллаев «Махаббат – тәрбие мен білім негізі» екенін өзінің зерттеулері нәтижесінде дәлелдегенін жеткізсе, Білім беру технологияларын дамыту институтының (Ресей) ректоры, Г.П.Новикова мектепке дейінгі кезеңде рухани құндылық бағдарларының қалыптасуының педагогикалық шарттарын теориялық-әдіснамалық негіздеу және эксперименттік зерттеулеріне тоқталды. Ал Педагогикалық білім беру ғылымдарының халықаралық академиясының (Ресей) президенті Е.И.Артамонова «Өзін-өзі тану мұғалімнің рухани мәдениетінің іс-әрекеттік мәні ретінде» тақырыбында сөз өрбітті. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Ж.Молдабеков, Орал мемлекеттік педагогикалық университеті Әлеуметтік білім беру институты (Ресей) директорының орынбасары В.В.Байлук, Жастар академиясы ресми емес ағарту ассоциациясының президенті, Литва жастар орталығының директоры Валдас Янкаускас, Бургас тәуелсіз университетінің (Болгария) профессоры Ицка Дерижан, «Язык и литература» ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы Таир Ашрафоглы Алиев, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «Ұлттық тәрбие және өзін өзі тану» кафедрасының меңгерушісі Сауле Иманбаева, т.б. тақырып аясында баяндамалар жасап, тәжірибелерінің нәтижелерімен бөлісті.
Екінші күні ТМД елдерінен келген педагог-гуманистердің шеберлік сыныптары, сондай-ақ, білім беру жүйесінің негізгі баспалдақтары бойынша ұйымдастырылған: мектепке дейінгі білім беру, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдары педагогтарының педагогикалық шеберханалары және секциялық отырыстары өтті. Түстен кейін педагогикалық оқуларға қатысушылардың жұмысы талданып, қарар қабылданды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».