Халық қалаулылары сапар барысында Шиелі ауданындағы қуаттылығы жылына 1 млн тонна цемент өндіретін «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының жұмысымен танысты, жұмысшыларымен әңгімелесті.
Қазақстан - Қытай бірлескен кәсіпорны «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты өткен жылдың аяғында Мемлекет Басшысының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында іске қосылған еді.
Кездесу барысында депутаттар Елбасы Жолдауындағы тапсырмалар ауданда жақсы орындалып жатқандығын тілге тиек етті.
- Тампонажды цемент - құрылыс, мұнай және газ сондай-ақ уран өндірісінде кең қолданысқа ие. Зауыттың қуаттылығы да өте жоғары. Жаңа технологиялардың енгізіліп жатқанын да көрдік.
Цифрландыру жақсы жүзеге асырылуда. Сондықтан, зауыттың ел экономикасына қосар үлесі өте зор. Меніңше, мұндай алдыңғы қатарлы кәсіпорындарды әрі қарай дамытып, олардың айналасында кіші және орта кәсіпкерлікті жетілдіруіміз керек, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Бейбіт Мамраев.
Сөз ыңғайында айта кетсек, бұл жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бас мердігер «Чайна Триумф Интернэшнл» - халықаралық көшбасшы компаниялардың санатында саналады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы