Қазақстан • 04 Ақпан, 2019

Трансшекаралық өзендер: ортақ су қалай бөлінбек?

34936 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Трансшекаралық өзендер Қазақстанның экологиялық және стратегиялық сұрағы. Себебі Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші мемлекеттерден бастау алады. Бұл Қазақстан су ресурстарының 40%-ы, яғни осынша мөлшерде іргедегі елдерге тәуелдіміз деген сөз. Жаһандық жылыну процесі жылдам жүріп жатқанда «бұлақ басында» отырған тараптар су көлемін азайтпасына кепілдік бар ма?

Трансшекаралық өзендер: ортақ су қалай бөлінбек?

Қытай. Ертіс пен Іле. Қытай мен Кеңес Одағының қарым-қа­тынасы ұзақ жылдар бойы бұзыл­ғандықтан, өзен­дер­ді бірлесіп пай­далану секілді сұ­­рақ­тар то­лық шешілмей қал­ған еді. Сол үшін Қазақстан тәуелсіздікке қол жет­кізген соң атал­ған мәселені өзі қол­ға алуы­на тура келді. Себебі Қа­зақ­стан мен Қы­тай арасында ше­ка­раны ке­сіп өтетін 25 өзен бар. 1990 жылдары жап­пай иммиграция ба­ры­сында елімізде бұл салаға ма­ман­­данған дипломаттар, гидролог­тер жетіспегені айтпаса да түсі­нікті. Бірақ осыған қарамай  2001 жы­лы қос тараптың үкіметі транс­шекаралық өзендерді пай­дала­ну туралы келісімге қол қойды. Бұл әжептәуір жетістік болатын. Себебі келешекте өзен суын бө­луде келіссөз жүргізуге негіз бо­ла­тын құжат пайда болды. Бі­рақ Ертіс пен Іле мәселесі әлі то­­лық шешілмеді. Оған ең алдымен Қа­зақстан тарапы алаңдайды. Не­­ге? Біріншіден, Ертіс пен Іле өзен­­дерінің 70% суы Қытай тер­ри­­то­риясынан бастау алады. Екін­­­шіден, өзендер Қытайдың Шың­­­­жаң-Ұйғыр автономиялық ау­да­­­ны арқылы өтетіндіктен жыл са­йын Іле мен Ертіс өзендерінің суын пайдалану мөлшері артып келеді.

Өйткені Қытай үкіметі атал­ған аймақта хань ұлтының үле­сін ұлғайтып, өңірдің экономикасын дамыту жоспарын іске асырып жатыр. Әрине, бұл үлкен кө­лемдегі су мөлшерін талап етеді. Үшіншіден, 23 млн халық тұ­ра­тын автономиялық ауданнан өзенге түсетін қалдық аз емес, ол су құрамын бұзады, әсіресе, мұ­­най өнімдері. Оның зардабын Ертістің бел ортасындағы Қазақстан мен сағасындағы Ре­сей көреді. Бұл факторлар келіс­сөздерде Қазақстанның жағ­да­йын о бастан әлсіз етуі мүмкін. 

Қазақстанды ойландыратын негізгі мәселе – Ертіс пен Іле суының азаюы. Кейбір деректер Қытай бұл қос өзеннің 40%-ға жуық суын өз шаруашылығына қол­данады дейді. Соңғы жылдары су пайдалану 5 есеге өскен кө­рінеді. Қытай тарапы Ертіс суын Қара Ертіс – Қарамай (ені 22 метр, ұзындығы 300 ша­қырым), Ертіс – Үрімші каналдары арқылы бұрады. Егер жағдай өзгермесе, онда келешекте Қазақстанға келетін су көлемі күрт азайып, Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларының түбі көрініп, Ер­тіс бойындағы ГЭС-тер энергия өндіруін ХХІ ғасыр ортасына қарай 50%-ға азайтуы мүмкін. Ал Ертіс суына Семей мен Павлодар, Астана, Қарағанды қалалары қарап отырғанын ескерсек, онда су мөлшерінің жоғары дең­гейде сақталуы Қазақстан үшін аса маңызды. 

Іленің келешектегі жағдайы да күмән­ді. Оның тек 30% суы Қа­зақстаннан бастау алады, қал­­ғаны Қытайдан. Бүгіннің өзін­де Қытай Іленің бойында 13 су қоймасын құрып, 59 ги­дроэнергетикалық қондырғы ор­натып үлгеріпті. Жыл са­йын­ іргедегі ел Іледен 15 куб­ шақырым су алады екен. Эко­логтар егер Қытай Іленің суын тағы 10 пайызға кемітсе, онда Балқаш көлі Аралдың тағ­дырын қайталауы мүмкін дей­ді. Бұл қатердің төнуін жоққа шы­ғаруға болмайды. 

Себебі Бейжіңдегі үкіметтің Шыңжаң-Ұй­ғыр ав­тономиялық ауданындағы халық санын қазіргі 23 млн-нан 100 млн-ға жеткізу жоспары бар екен. Егер сол діттеген мақсатының жар­­тысына жетсе де, сонша ха­лық, өндіріске қазіргіден де мол су керек болады. Сәйкесінше, Іле мен Ертіс – негізгі су ресурсына айналады. Зардабын Іленің етегіндегі Қазақстан көрмек. 2014 жылы алғашқы фактілер тір­келді. Іле өзенінің Қапшағай су қоймасына дейінгі бойында ағыс секундына 778 текше метр болады деп күтілген, алайда ол 184 текше метрге дейін төмендеп кетті.  

Сырттай қарасақ, Қытай транс­ше­каралық өзендерді бір­жақты қисапсыз пайдаланып жатқандай. Себебі Қытай БҰҰ-ның өзендерді пайдалануға қа­тысты конвенцияларына қо­сылмай, транс­ше­каралық суларды қолданып келеді. Мыса­лы, тағы да Қытайдан бастау алып, Үндістан, Пәкістан, Мьян­м­а, Лаосқа ағатын Меконг, Брах­мапутра секілді өзендердің бо­йын­да көрші елдерді ескертпей бірнеше ГЭС, тоғандар салып тастаған. Бірақ сол елдермен салыстырса, бұл салада Қазақстан дипломатиясы біраз жемісті. 2001-2018 жылдар аралығында ортақ комиссия 15 рет кездесті, сарапшылар тобын құрды, гидробекеттерден ақпарат алмасу, Қорғас, Сүм­бе өзендерінің бойындағы құры­лыс жөнінде келісім жасалды. Яғни, халық­аралық құ­­жат­­тарға қосылмаған Қы­тай­­­мен трансшекаралық өзен­­дер мә­селе­­сі тек осылай бір­неше жыл­ға созылатын ұзақ келіс­сөз­дердің нәти­жесінде ғана ше­шілуі мүмкін. Өйт­кені Қы­тай­ға ықпал етер Қа­зақ­станда не экономикалық, не саяси тетік жоқ. Шыңжаңда су қоймасын, бөгет, ГЭС салма деп тағы тыйым са­ла алмайды. Жалпы, мәселені бас­қалай шешудің жолдары да айтылған. Мәселен, Іленің суын көбейтсеңдер, азық-түлікті арзан бағада жеткізейік деген ұсыныс Астана тарапынан жа­салынған, алайда оған көне қоя­тын Қытай бар ма? Ертіс Ресей­дегі Объ өзеніне құяды. Сол үшін Қазақстан келіссөздерге Мәс­кеу өкілдерін үшінші тарап ретінде шақырып, өз позициясын нығайтқысы келген, бірақ Бейжің­нің шенеуніктері оған тағы да келісімін бермей қойған. 

Орта Азия. Сырдария. Орта Азия­да шешімін таппаған ең маңызды сұрақ­тың бірі – транс­шекаралық өзендер. 2000 жылдардың ор­тасында аталған мәселенің ушық­­­қаны сонша, егер мемлекеттер кон­сенсусқа келмесе,  келешекте суға талас қақтығысқа ұласуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Ара-тұра су үшін шекара бойында оқ та атылып қалып жатты. Сырдария мен Әмудария суының тиімсіз қолданылуы Арал теңізінің трагедиясына әкеліп соқты. 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында Сырдария өзенін пайдалану туралы келісім қабылданды және оған кейінірек Тәжікстан да қосылды. Алайда, бұл құжат Ор­та Азиядағы шекараларды кесіп өтетін сулардың мәселесін шеш­педі. Нақтырақ айтқанда, құжат тармақ­тары толық орындалмады. Оған қоса, Рогун ГЭС-і күр­меуі қиын түйткілге айналды. Тә­жік­стан өзін электр энергиясымен қамтамасыз етіп, артығын көр­шілеріне сату үшін Вахш өзенінің бойына Рогун ГЭС-ін салмақ болды. Вахш Әмударияға құяды. Егер су бастауына ГЭС салынса, онда Өзбекстанға су аз жетіп, оның мақталы аймақтары құрғап қалуы мүмкін еді. Сол үшін Ислам Каримов тұсында Өз­бекстан бұл энергиястансаның құрылысына қатты қарсы болды. Тіпті, Өзбекстан шетелдерден ГЭС құрылысына келе жатқан материалдарды өз территориясында себепсіз бірнеше ай ұстап, жобаның іске асуын тоқтатты. Жалпы, екі ел арасындағы осы қарсылық Орта Азиядағы транс­шек­­­ара­лық өзендерді бірлесіп шешу про­цесін тежеді. Алайда, билікке Шавхат Мир­зиёевтің келуі жағдайды өзгертті, ол құ­ры­лысқа қарсылық білдірмеді.

Сырдарияның су мөлшерін дәл бөлу оңай емес. Сырдың бастауы Қырғыз жерінде  қалып­тасады, Тәжікстан мен Өзбекстан аумақтары арқылы өте отырып, Қазақстанға келеді. Тау аума­ғынан келетін судың сапасы төмен қа­­рай аққан кезде күрт на­шарлайды, оның құрамында гербицидтер, пестицид­тер, минералды тыңайтқыштар көп. Яғни, көрші елдердің егін ал­қабында қолданатын химиялық заттары. Оған қоса, Қазақстан Сыр­дың етегінде жайғасқан соң бірде Қырғыз елінің, бірде Өзбек­станның шешіміне тәуелді болды. Мәселен, жаздың суармалы маусымында кейде Өзбек үкіметі Сырдарияның суын қысып, Оңтүстік Қазақстандағы жүз­деген гектар жерді құрғатып тас­­тап, шаруаларды шығынға батыратын. Ал қыс айларында Қырғыз жеріндегі Тоқтағұл су қоймасында жи­нал­ған судың жартысын төмен ағызатын. Сырдың сағасы Шымкент пен Қызылорда аймағы болғандықтан, ол су еріген мұзбен қоса талай рет сол өңірдегі ауыл­дар­ды шайып кетті. 2008 жылғы сел 3 мың үйді басып қалды, шығын 130 млн долларды құрады. Осыдан соң Қазақстан үкіметі Оңтүстік Қазақстанда Көксарай су қоймасын соғу­ға шешім қабылдады. Ол ар­тық суды жинап, қажет кезде Сырдарияға жіберу үшін салынды. Алайда, кей кездері Шар­да­ра мен Көксарай су қоймаларының сыйым­­дылық мүмкіндігі жет­кіліксіз. Бұдан бөлек, Ауыл ша­руашылығы вице-министрі Арман Евниевтің пікірінше Өзбекстан ара-тұра Достық каналымен суды қажет мөлшерде Мақтаарал ауданына жібермейді, Шардарадан Арнасайға су жіберу мәселесі де реттелмеген. Яғни, трансшекаралық суларды бірлесіп қолдану бойынша Ташкент пен Астана арасында не жаңа құ­жат қажет, не бұрынғылары толық­тырылып, оның орындалуын бақылайтын топ керек. 

Шу мен Талас. 2000 жы­лы Қазақстан мен Қырғыз Респуб­ликасы Шу мен Талас өзендерін пайдалану туралы келісімге кел­ді. Өзендер негізінен теңдей бөлін­ген. Жоғарыдағы келісім бойынша Қырғыз жеріндегі қос өзен суын реттеп отыратын канал, қой­ма, тоғандарды ұстау, жөндеу жұ­мыс­тарының біраз шығынын Қа­зақстан төлейді, бұл әлемдік прак­тикада бар жайт. Соңғы кезде осы мақсатқа бөлінетін 70 млн тең­гені қырғыз тарапы азсынып жүр. 

Таластың 80% суы Қырғыз жерінде бастау алады, Қазақ­станда Жамбыл облы­сының жерімен өтеді. Облыстың қа­жет­­тілігі жылына 3 млрд текше метр су. Ауыл шаруашылығы ми­­­нистр­лігінің өкілдері Талас және Шу өзендері бойынша Қыр­ғыз Республикасымен пәлен­дей пікір қай­шылығы жоқ дейді. Жал­пы, бұл келісім Біш­кек­тегі билікке С.Жээнбековтің келуі­мен байланыстыруға болатын шы­ғар. Себебі осыған дейін 2010 жылы Қыр­ғыз еліндегі Ки­ров су қоймасы жарылып, Та­раз­ды сел алмақ деген сыбыс кө­не шаһардың тұрғындарын біраз әбі­герге салған еді. Ал 2013 жылы Көк­сай ауылының хал­қы Жамбылға ба­рар ка­нал­дың суын жауып, жер бөлінісіне қар­сылығын білдірді.  

Дегенмен, екі жақты да ойландыратыны қазір басқа мә­селе. Болжам бо­йын­ша ХХI ға­сыр­дың ортасына қарай Шу өзенінің суы 25%-ға, Таластың суы 40%-ға аза­йып кетуі мүмкін. Себебі бас­таудағы мұздықтар жаһандық жылыну процесінің әсерінен еріп жатыр. 

Әлемдік практика. Дүние жүзінде транс­шекаралық өзендер туралы 290-ға жуық құжат бар екен және бұл салада суды бірлесе отырып пайдаланудың бірнеше оң тәжірибесі бар. Мәселен, Еуро­­пада 10 елді басып өтетін Ду­­най бо­йынша келісім 1948 жы­лы жасалды. Осы және өзге де құ­жаттарда өзендерге зиян кел­тір­меу, суды бірлесіп қолдану, өзенге зақым келтірген тарап оны тазалауға қара­жат бөледі деген секілді принциптер жазылған. Рейн өзенін қолдану бо­йынша да оның бойындағы елдер үнемі кез­десіп отырады. Олар суды қалай бөлу деген сұрақтан әрі жылжып, Рейннің тазалығын қалай қамтамасыз етеміз деген мәселеге келген. Осы мақсатта өзен бойында Швейцариядан Солтүстік теңізге дейін 9 станса салынды. Олар су сапасын үнемі жариялап отырады. Үлгі аларлық тәжірибе тек дамыған елдерде ғана емес, дамушы елдерде де бар. Кезінде Эфиопия Ніл өзенінің бо­йында су бөгенін салмақ болады. Ніл сағасында жатқан Мысырға бұл бастама ұнамайды. Бұларға Судан қосылып, үш тарап аталған сұрақтың шешімін таба алмаған. Батыс елдері, халық­аралық ұйымдар араша түсіп, көмектесуге тырысады. Алайда, соңында бәрібір үш елдің өкілдері су мен энергияны әділ бөлудің жолын өздері табады. АҚШ пен Канада қос елдің арасындағы бір­неше өзенді әділ пайдаланып келе жатқанына 100 жылдан асты. Яғни, халықаралық тә­жірибеге сүйенсек, транс­ше­каралық өзен мәселесін шешуде әмбебап әдіс жоқ, алайда ке­лесідей ұстанымдар бар. Ке­лісім біржақты қабылданбауы тиіс, құжатта судың бойында жат­­қан барлық елдің мүддесі ес­­­керілуі қажет. Керек кезде дау­­­­ды шешуге халықаралық ұйым­д­­ар да үлесін қосуы мүмкін. Су дипло­­матиясы халықаралық құ­қыққа негізделгенде ғана сәтті бола­ды. Трансшекаралық өзеннің та­залығы, су құрамының сапасы – қазір ең маңызды мәселенің бірі.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА, 

«Egemen Qazaqstan»