27 Қазан, 2012

Отанымыз – ортақ үйіміз

439 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Отанымыз – ортақ үйіміз

Сенбі, 27 қазан 2012 7:18

Бақытын қазақ  жерінде тапқан

Тілепалды Жаманкөзұлы қария жасы тоқсаннан асса да тың көрінді. Өңірін жауынгерлік медальдары көмкерген кәстөмін желбегей жамыла отырып өткен күндер елесінен әңгіме сабақтады. Қасында отасқандарына алпыс үш жылға аяқ басқан зайыбы Любовь Асхатқызы әжей майдангердің кейбір ұмыт қалған тұстарын еске салып толықтырып қояды. Әрине, жасамыс тартқан шақта алыста қалған өмір белестерін ой сүзгісінен өткізу де оңай емес.

 

Сенбі, 27 қазан 2012 7:18

Бақытын қазақ  жерінде тапқан

Тілепалды Жаманкөзұлы қария жасы тоқсаннан асса да тың көрінді. Өңірін жауынгерлік медальдары көмкерген кәстөмін желбегей жамыла отырып өткен күндер елесінен әңгіме сабақтады. Қасында отасқандарына алпыс үш жылға аяқ басқан зайыбы Любовь Асхатқызы әжей майдангердің кейбір ұмыт қалған тұстарын еске салып толықтырып қояды. Әрине, жасамыс тартқан шақта алыста қалған өмір белестерін ой сүзгісінен өткізу де оңай емес.

Соғыс басталған жылы Тілепалды Георгиевкадағы Абай атындағы орта мектепте сегізінші сыныпта оқып жүр­­­ген екен. Туған ауылы Шарбақтыда жеті сыныптан соң мектеп жоқ, орта білімді тек аудан орталығында жалғастыратын кез. Күзде он сегіз жасқа толған ол бірнеше сыныптастарымен бірге әскери комисса­риатқа шақырылады. Қолдарына шақыру қағазы беріліп, тура жаңа жыл­дың алдында әскерге алынады. Содан Ферғанада үш айлық әскери дайындық­тан өткен соң, батысқа – майдан шебіне жіберіледі. Қы­зыл Тулы 389-шы мото­атқыштар полкін­де автоматшы болып Сталинград майданына, Белоруссияны, Украинаны азат ету ұрыстарына қатыс­қан. 1943 жылы арқасына жарықшақ тиіп жараланды да. Госпиталь төсегінен тұрып үлгерместен қайтадан қолына қару алды.
Жеңіс күнін Солтүстік Кавказда шекара тыныштығын қорғау күзетінде қарсы алды. Бұл орында тағы төрт жыл әскери қызметте болды. Соғысқа кеткен ұлын күтумен сарғайған ауылдағы әкесі ақыры төзімі таусылып, көзі қарақты бір аза­матқа жаздырып Сталинге хат жолдайды. «Осылай да, осылай, өзім болсам қартай­дым, анасы да жиі ауыратын болды. Со­ғыс біткелі төрт жыл өтті ғой, енді жал­ғыз ұлымды үйге қайтар» деп. Осы хат себеп болды ма, жоқ па, әйтеуір 1949 жылы мамыр айында Тілепалды омырауына «Кавказды қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары сыңғырлап туған үйдің табалдырығын аттайды.
Сол жылы күзде ауылдағы қасы көзі қиылған он сегіз жасар бойжеткен, балқар қызы Любамен көңіл қосып, отау құрады. Ал қыздың бұған дейінгі тағды­ры жатқан жан ауыртар хикая. Сұрапыл соғыс балалық шағын ойран етіп, ата-анасынан, туыстарынан, тіпті, туған жерінен айрылып, он үш жасында тетелес бауыры екеуі депортацияланғандар эшелонымен Қазақстаннан бір-ақ шықты.
– Қарағым, өткен соғыс біздің ұлты­мызға өте ауыр тиді, – деп терең күрсі­ніп алды да, әжей едәуір уақыт үнсіз қал­ды. Оның көз алдынан қанқұйлы со­­ғыстың қатыгез оқиғалары өтіп жатқаны анық. Жүректе қатқан жара көп. Ара­да­ғы алпыс жылдан аса уақыт та ұмыттыра алмас көріністер, өмірдің ащы сабақта­ры. Олар Кабардин-балқарлардың орта­лығы Нальчикке таяу Гунделен деген селода тұра­тын. Әкесі Асхат аудандық НКВД-нің бас­тығы еді, соғыстың алғаш­қы күні май­дан­ға алынып содан қайта көрмеді. Бұларға бас-көз болып жүрген немере ағасы Исмаил болса Солтүстік Кавказды немістер басып алғанда партизандар отрядына барып қосылады. Бірақ, олар жау қолына түсіп қалып, немістер өз көрлерін өздеріне қаздырып алып, бәрін ордың шетіне тұр­ғы­зып қырып салады. Ел іші­нен шыққан сатқындардың кесірінен талай асыл азаматтар атылып кетеді. Көп ұзамай кеңес әскерлері өңірді жаудан тазартады.
1944 жылы 6 наурызда шұғыл түрде бүкіл халық шығысқа қоныс аударылады. Қаршадай Люба бір жұмыстарымен сол кезде үйден шығып кеткен анасы мен сіңлісін де көре алмай қалады. Он бес жасар ағасы Хаджы екеуін жұртпен бірге поезға тиеп, бұрын естіп білмеген алыс-алыс қиырларға ала жөнеледі. Алпыс вагондық эшелон толы кавказдық­тар қа­зақ жерінің шетіне ілінгеннен жол жөне­кей стансаларға түсіріліп, соңы сонау Талдықорғанға дейін өтеді. Люба мен бауыры Алматыда интернатқа қа­­­был­­да­нып, жастай белдері қайысып қала іргесіндегі көкөніс совхозында жұмысқа жегіледі. Еңбеккүнге күнімдік ауқат үшін нанға карточка берілетін ауырт­па­лық соғыстан кейін де біразға дейін жал­ғасты. Арада үш жыл өткенде бұрынғы Красногор ауданының Шарбақты жағын­да орныққан жамағайындары табылып, соларды саға­лап келіп осында табан тіреп қалған екен. Бұл кезде есейіп, қара жұмыста ысылып қалған ағасы Хаджы Бичекуев колхозда тракторшы, есепші болып еңбекке араласады. Люба да бірде қырманда, бірде егінжайда қолдан келген шаруаны жапырып істер жасқа жетіп еді. Ауылдастарын тапқанмен, анасын көру бақыты бұйыр­мады оларға. Бәлкім көрер де еді, егер анасы мен сіңлісі де іле-шала өздерінен кейінгі эшелонмен Фрунзеге келіп түсіп, одан Ош жағына қоныс аударылғанын сол кезде білгенде. Тек, арада он үш жыл өткеннен кейін ғана біледі мұны. 1957 жылы сіңлісі Мәриямды іздеп табады. Орны толмас өкініші сол – анасы Зейнеп дүниеден өтіп кеткен екен, бұлардың өмірде бар-жоғын біле алмастан запыран жұтқан күйде 1946 жылы-ақ қападан көз жұ­мып­ты қайран ана. Ал, сіңлісі тұрмыс құрып балалы-шағалы болыпты.
Шүкір, құдай бұларды үбірлі-шүбірлі етті. Тілепалды екеуі тоғыз ұл-қызд­а­ры­нан қазір 25 немере 12 шөбере сүйіп отыр. Алпыс жылдан аса бұрын отау құр­ғанда қандай еді? Ырғайты өзенін бойлай әр жерде бір жапырайған тоқал тамдар ауыз үйге кірген сайын маңдай­ды соғып алатын тым аласа еді. Колхоз­­дың таусылып болмас қым-қуыт тірлігі­мен таң­ның қалай атып, кештің қалай батқа­нын білмей қалатын шақтар. Тілеп­алды жас келіншегімен анасы Әйнек үшеуі бірге тұрды. Әкесі кіші апасы Күләй­ша­мен бөлек шаңырақта. Жаман­көз ол кезде асып-тасқан байлығынан емес, тағдыр­дың жазуымен, жақынын жатқа жібер­мейтін әмеңгерлік жолымен жастай жесір қалған жеңгесі мен келініне қо­сылған-ды. Үлкен әйелінен Тілепалды жал­ғыз да, кіші әйелінен төрт ұл, бір қыз­дан бір қауым бауырлары бар қазір. Ересегі бұл соғысқа кеткенде аман келсе екен деген тілекпен атын қойған Амангелді еді.
Ақ тілеу қабыл болып Тілепалды қан майданнан аман оралды. Қатарынан қал­май үйленді, бойынан қуат, қолынан күш кеткенше ащы терін тамшылатып жүріп еңбек етті. «Шарбақты» колхозында бө­лім­­ше агрономы, есепші болды, шөп шап­ты, сиыр бақты. Бірінің соңынан бірі бал­­­­құрақтай жетіліп балалары өсіп келе жатты. Біртіндеп қорасына мал бітіп, алпысыншы жылдары жаппа тамның орнына бес бөлмелі, биік шатырлы үй салып алды.
Өздерінің жастық шағы соғыс зоба­лаңына тұс келіп ұйқы-тұйқысы шыққан Тілепалды мен Любовь балаларының ба­қытын аңсады. Өздері қиналса да балаларын қатардан кем қылмаудан, оқыту­дан ештеңені аянып қалмады. Шүкір, енді соның зейнетін көріп отыр. Тоғыз баласы да бір-бір мамандықтың иесі. Бірі инженер, бірі бухгалтер, бірі мұға­лім дегендей. Қара шаңырақтың мұра­гері Бейқұт та белді қызметте. Үлкендері тұс-тұстан жеке отау құрып жатқанда, бұлардың «қайсысы қара шаңыраққа ие болады, қан­дай келінге күніміз қарай­­ды?» деп тол­ғанғандары бар. Ақыры Люба анамыз алысқа көз сүзбей-ақ, көршісі Мәді­бектің бесіктегі күнінен көз алдында өскен қызына көңілі құлады. Екі үйдің тел қызын­дай сыралғы, «шіркін, келінім осындай болса», дейтіндей ибалы жан бір. Сөйтсе, ұлы­­ның да көңілі сол қызда екен ғой. Онда не тұрыс, Баянды мектеп бітірген жылы келін ғып түсірді, сырттай оқытып білім алғызды. Қазір Бейқұт екеуі тату-тәтті жанұя, ата-анасын әлпештеп ба­ғып отыр. Біз әңгімелесіп отырғанда тұлым­­шағы желбіреген жеті жасар бүлдіршін қайта-қайта ата-әжесінің мойнына асылып та, алдарына көлденеңдей жатып та еркелігі басылмады. Бұл осы үйдегі немерелерінің әзірге кенжесі Асхат екен.
– Соғыста өлген әкемнің ең болмаса есімін тірілтейінші деп атын осылай қойдық, – дейді Любовь Асхатқызы.
– Туған жеріңізге, Кавказға кейін жолы­ң­ыз түскен жоқ па? – деп сұрадым мен.
– Жастау кезімде төрт-бес мәрте барып қайтқанмын, соңғы рет 1986 жылы болдым. Көз көргендерден ешкім қалмаған, тек үлкен­­дердің айтуымен алыс-жақын туыстар­дың бала-шағаларымен кездестім. Кейіннен самолетке денсаулығым жарамас деп амалсыздан қойдым…
– Мен туған жерімде жоғалтып алған ба­қытымды қазақ жерінде қайта тапқан адаммын, қарағым, – деп біраз тұнжырап отырды да қайтадан серпілді әжей. – Балаларым бақытым болса, олардың туған жері менің де туған жеріме айналмай ма? Қазір Қазақ­­станға дүниежүзі қызыға қарайды. Қаншама ұлт өкілдерінің басы бір шаңырақтың астында қосылған. Бәрі ынтымақты тату-тәтті өмір сү­руде. Мұның бәрі былтыр ғана 20 жыл­дығы тойланған Тәуелсіздіктің арқасы. Ең бастысы – еліміздегі дұрыс ұлттық саясат­тың жемісі, мемлекет басқарып отырған Нұрсұл­тан Назар­­баевтың арқасы. Мұны мен Нұре­­кең­мен кездескенде өзіне де айтқан болатынмын…
Любовь Асхатқызы Жаманкөзова 2008 жылы 23 қазанда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының VII сессиясының делегаты болған-ды. Ең алдыңғы қатарда отырыпты. Сессия біткесін Елбасы төменге түсіп, алдыңғы қатардағылармен жағалай қол алысып амандасып келе жатқанда алдын кес-кестеп қос қолынан бірдей ұстап тұрып алғыс сезімін ақтарып салған ғой:
– Біз, балқарлар тағдырдан теперіш көріп қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған ха­лық едік. Соғыстың сұрапыл дауылы бізді жан-жаққа ту-талақай шашыратып жіберді. Бі­рақ, қазақ халқының кең құшақ бауырмал­дығына бөленіп, өшкеніміз жанды. Ал, бүгін егеменді Қазақстанның өзіңіз жүргізіп отыр­ған сарабдал саясатының арқасында бақытқа кенеліп отырмыз. Сол үшін рахмет, өзіңізге. Мен мұнда Қордай халқының ыстық сәлемін де ала келдім, – деп жөпелдемелетіп айтып үлгеріпті. Президент сонда әжейге жайдары кейіпте ықылас білдірген екен. Осы сәттің фотосуреті ертеңінде бірқатар республи­ка­лық басылымдарда жарық көрген болатын.
…Қарттар кенже немересін кезек-кезек еміреніп, өбектеумен босатар емес. Біреуінің өзі осынша қуанышқа бөлегенде, қара ша­ңыраққа барша немере, шөберелері жиналатын мереке-тойларда қуаныш шіркін кеме­рінен асып төгілердей-ақ екен. Той демекші, Жаманкөзовтер әулетінде өткен жылғы Же­ңіс күні ерекше жағдайда, ата-анала­рының отау құрғандарына алпыс жыл толған Лағыл тойлары атап өтілді. Еліміздің Тәуел­сізді­гінің шапағаты бұл да.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жамбыл облысы.