Технология • 04 Ақпан, 2019

Шымкентте «U:hack» инновациялық идеялар фестивалі өтті

1081 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «U:projects» қоғамдық бірлестігі және «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ұйымдастыруымен  «U:hack» инновациялық идеялар фестивалі өтті. Жастар жылы аясында бастау алған шараға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және елімізден жалпы саны 700-ден астам адам қатысты.

Шымкентте «U:hack» инновациялық идеялар фестивалі өтті

Екі күнге жалғасқан фестивальде айти, контент пен медиа, кино және видео, кәсіпкерлік тақырыбында секциялар ұйымдастырылып, спикерлер арнайы тренинг өткізді.

«U:hack» инновациялық идеялар фестивалінде әр секцияда өте өзекті мәселелер қозғалып, жастар тәлімгерлерді тапжылмай тыңдады. Әсіресе, контент және медиа, кәсіпкерлік бөлімдеріне қызығушылық танытқан жастардың қарасы қалың болды. Дәріс барысында кәсіп бастау мен медиа салаларын дамыту бойынша елімізге белгілі медиа-маман, блогер  Әлишер Елікбаев WOWtayotacamry70 жобасын мысалыға ала отырып, жастарға қалай қызықты мәтін жазуға болатынын айтты. Зәуре Розмат «The steppe» жастар порталының жетекшісі ретінде бүгінгі онлайн журналдар туралы кеңінен әңгімеледі. Ал, «Давай сходим» сайтының маманы Жәнерке Баубекқызы smm және копирайтертинг жайында толыққанды мағлұмат берді. Жас бизнесмен Фархат Әбдіқадыр болашақ кәсіпкерлерге қалай бизнес жүргізу керек екеніне тоқталып өтті. Сұрақ жауапқа жалғасқан кездесу соңында  тыңдаушылар спикерлермен өзара пікір алмасты.

Сондай-ақ, Шымкентте өткен «U:hack» инновациялық идеялар фестивалінде қалалық N65 мектептің оқушыларынан құралған INO командасы қазақша сөйлейтін робот таныстырды. Мобильді қосымшамен басқарылатын сервистік робот өздігінен қозғалып, қазақша қойылған сұрақтарға жауап бере алады. Жоба авторы Елдос Тұранның айтуынша, бұл робот құрастыруға 1 апта уақыт жұмсаған. Оны Ino.Lab инновациялық зертханасында  жасап шыққан. Жас өнертапқыштар бүгінде аталған зертханада ақпараттық технологияларды меңгеріп жүр. Олар болашақта жасанды интеллектпен жұмыс істейтін осындай роботтарды көптеп жасамақ.

Осылайша бір жетіде құлтемірді қазақша «сайратқан» жасөспірімдердің еңбегін елге ктаныстырған  фестиваль мәресіне жетті. 48 сағаттық бәсекеде үздік шыққан жоба авторлары анықталып,  жас жеңімпаздарды Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов марапаттады.

Іс-шараға қатысқан шаһар басшысы алғаш рет ұйымдастырылып отырған байқауға оң бағасын беріп, қаланың жалынды жастарына сәттілік тіледі.

«Республикалық маңызы бар қалада барлық жағынан бәсекеге сай болуы керек. Бүгінгі байқауға еліміздің үздік жастары қатысып отырғанына сенімдімін. Біз жастарға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Биыл Жастар жылы аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылады», - деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Сонымен IT бөліміне ұсынылған 50 жұмыстан үздік үш жоба іріктелді. Нәтижесінде бірінші орынды ақылды арба ойлап тапқан «Jastar-INOLAB» командасы, екінші орынды «Solvet team» тобы, ал, ақылды жылыжай жобасын ұсынған «Creat IT» үшінші орынды иеленді.

Контент және медиа секциясында 30 жоба ішінен  білім беру саласын дамытуға бағытталған «Doge komek» командасының жұмысы үздік деп танылды. Екінші орын «Speak Up» тобына, ал үшінші орын заманауи граффит бейнелеу өнерін қолға алған «Steet art» қыздар командасына бұйырды.

Кәсіпкерлік бөлімінде 74 жоба әділ қазылардың назарына ұсынылды. Сабын өндіру бизнесін қорғаған «Tean dream» тобы бірінші орынды жеңіп алса, ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар орталықтарын жандандыруға ниетті «Шашбау» командасы екінші орынға ие болды. Ал, жастар арасындағы ажырасу індетін емдеудің оңтайлы жолын ұсынған тараздық «Kelin Master» командасы үштікті қортындылады.

Кино және видео секциясына 50 әлеуметтік ролик келіп түскен. Алғашқы орнынан «Cross crew» командасы көрінсе, «Hucking perfect» тобы екінші, елордалық команда үшінші орынды еншіледі.

Бұл реткі озық идеялар байқауының ерекшелігі  өте қысқа уақыт ішінде ойда жүрген дүниелерді жобаға айналдырып, оны дамытуға қаржылай қолдау алуға мүмкіндік беріп отыр. Осы ретте жоба жеңімпаздары мен үздік инновациялық жұмыстар ұсынған 3 командаға жүлде қоры 2 миллион теңгені құрайтын ақшалай сыйлық табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылына екі рет өткізу жоспарланған фестиваль кез келген жастың креативті идеясын жоба прототипіне айналдыратын жастар алаңына айналмақ. Аталған алаңда ең үздік әлеуметтік жобаларға баса назар аударылып, бастамашыл жастардың тың ұсыныстарына қолдау көрсетілетін болады.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент