Қазақстан • 04 Ақпан, 2019

Алдағы уақытта салыққа қатысты мәлімет SMS-хабарламалар арқылы таратылады

578 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов Primeminister.kz ресми ресурсының алаңында берген сұхбатында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмалары аясында елімізде салық төлеушілерге жасалып жатқан жеңілдіктер туралы айтып берді.

Алдағы уақытта салыққа қатысты мәлімет SMS-хабарламалар арқылы таратылады

Мемлекет жеке тұлғалардың салықтарды уақытылы төлеуіне түрлі қолайлы жағдайлар жасап отыр. Мәселен, бүгінгі таңда әрбір жеке тұлға ешқайда бармай-ақ, үйінде отырып Электронды үкімет порталы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында өздерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері арқылы қандай салықтарының бар екенін, оның қашан пайда болғанын, қашан төлеу керектігі туралы ақпараттарды біле алады. Бұдан өзге, қаржы вице-министрінің айтуынша, оңтайландыру шаралары осымен тоқтап қалған жоқ, қызметтер сапасы біртіндеп жақсартылып жатыр.

«Биылдан бастап жеке тұлғалар egov.kz порталы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің сайты арқылы алдағы уақытта қандай салықтар төлеу керек болатыны туралы ақпаратты көре алады. Сондай-ақ, осы жылдан бастап SMS-хабарламалар арқылы қандай салық берешектері бар, қандай салықтар алдағы уақытта төленуі керек деген хабарламалар тарататын боламыз», — деді қаржы вице-министрі Қ. Баеділов. 

Бұдан өзге, вице-министрдің айтуынша, Сингапур және Еуропа мемлекеттерінің озық тәжірибелерін ескере отырып, 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, жеке кәсіпкерлер, жеке тұлғалар қандай салық берешегі бар екені туралы ақпаратпен қоса, кеден және салықтар туралы басқа да сұрақтарға жауап ала алады. Осыған орай тиісті біліктілігі бар мамандар даярланып жатыр. Аталған жұмысты да 2-3 айдан кейін іске асыру көзделген.

Қаржы вице-министрі салық төлеушілердің салық мәдениетін де арттыру қажеттігін, салық төлеушілермен арадағы кері байланысты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап көрсетті.

Сонымен қатар, Қ. Баеділовтың айтуынша, 2018 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап Қаржы министрлігінде аппеляциялық комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына тек Қаржы министрлігінің қызметкерлері емес, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ҰКП өкілдері кіреді.

«Аппеляциялық комиссия отырыстарында салық және кеден даулары қарастырылып, әділ шешімдер қабылданады», — деді қаржы вице-министрі.

Өз сұхбатында қаржы вице-министрі Қ. Баеділов, аталған шешімдер Қаржы министрлігінің сайтында жарияланатынын айтты және осы шешімдер салық төлеушілер өз қызметтерін жүзеге асыру барысында жіберетін қателіктерді болдырмаудың алдын алуға үлкен көмегін тигізеді деп кеңес берді.