Әлем • 04 Ақпан, 2019

Климаттың суытуы мен Американы жаулап алуда қандай сабақтастық бар?

1138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ХV ғасырда Американы жаулап алуға деген талпыныс климаттың өзгеруіне алып келді. Миллионға тарта адам қаза тауып, ормандардың қаулап өсуі нәтижесінде парниктік газдардың атмосфераға бөлінуі күрт азайды.

Климаттың суытуы мен Американы жаулап алуда қандай сабақтастық бар?

Лондон университетінің ғалымдары осындай шешімге келген. Олар Орталық және Оңтүстік Америкаға испандықтар келе бастағанда ормандармен қатар өсіп келе жатқан ауыл шаруашылық өнімдері жойылғанын айтады. Нәтижесінде атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшері азайып, бұл жер шарында суық климаттың қалыптасуына алып келген. Еуропалықтардың жазбаларында ХV ғасыр «Кішігірім мұз дәуірі» деп аталған. Ол кезде Голландия каналдары қар жамылып, Лондондағы Темза өзеніне де мұз қатқан. Ал Шығыс Еуропада егін шықпай, аштық белең алған еді. «Төртінші ғылыми пікірлер» журналына жарық көрген мақалада: «Америкалық байырғы халықтардың жаппай құрып кетуі егістік жерлердің жойылуына әкеліп соқты. Нәтижесінде ормандар көбейіп шыға келді. Бұл атмосферадағы көміртегі диоксиді мөлшерінің өзгеруіне алып келді. Осылайша жаһандық температура өзгерді», дейді Александр Кох пен оның әріптестері.

Зерттеушілер 1492 жылға дейін Америка халқының саны қанша болғандығын есептеді. Осы жылдан кейін қызылша, шешек, басқа да инфекциялық аурулардан, әскери шабуылдан, құлдықтың әсерінен, сондай-ақ өркениеттің құлдырауынан адамдар саны күрт кеміген. Лондон университеті ғалымдарының пікірінше, XV ғасырдың соңында Америкада 60 миллионға жуық адам өмір сүрген. Бұл – дүниежүзі халқының 10%-ы. Ал 100 жылдан соң бұл сан 10 есеге дейін қысқарып, 5-6 миллион адам ғана қалған.

Ғалымдар жергілікті тұрғындар өсірген қанша гектар егістік жер жойылғанын және бұл климатқа қалай әсер еткендігін анықтады. Басқыншылардың кесірінен қазіргі Францияның жер көлемімен шамалас 56 млн гектар жер иесіз қалған. Бұл өңірдегі тропикалық, субтропикалық климат орманның тез өсуіне әкеледі. Осыдан соң атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіру мөлшері едәуір ұлғайды.

 «Осы екі ғасырда әлемде «Кішігірім мұз дәуірі» деп аталатын дәуір болды. Оны табиғи себептермен түсіндіру қиын. Мұның негізгі себебі - геноцид нәтижесінде CO2 деңгейінің төмендеуі», дейді профессор Марк Маслин.

Адам қолымен әлемге жасалған қастандық осындай тарихтағы ұлы оқиғалардың тууына себеп болды. Шектен шыққан озбырлықтың кесірінен өзгерген климат табиғаттағы тепе-теңдіктің сақталуға тиіс екенін еске салатындай.

Салтанат ШЫНӘДІЛ