Аймақтар • 04 Ақпан, 2019

Атырау облысының әкімі бірқатар кадрлық өзгеріс жасады

1080 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыс активіне Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жаңа басшысын таныстырды.

Атырау облысының әкімі бірқатар кадрлық өзгеріс жасады

- Бұл лауазымға Қамидола Серік Қамидоллаұлы тағайындалды. Ол бұған дейін Жылыой ауданы Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы лауазымын атқарды, - деді Нұрлан Ноғаев. – Ол тәжірибелі жетекші, алдына қойылған міндеттерді сапалы орындауға қажет қасиеттердің бәрі бойында бар. Осы жұмысты ауданда істедіңіз, енді одан да ауқымды міндет жүктеліп отыр. Орталық органдармен, аудандармен өзара қарым-қатынаста болу керек.

Серік Қамидолла С.Бәйішев атындағы университетті, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйелері университетін бітірген. Құқық бакалавры, халықаралық экономикада шетел тілдерін меңгерген жоғары білікті экономист.

Еңбек жолын 1995 жылы Құлсарыдағы орта мектеп директорының орынбасары қызметінен бастап, 1999 жылға дейін сол жерде жұмыс істеді. 2000-2004 жылдары жеке фирмада экономист болды. 

2004 жылдан бастап Жылыой ауданы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде әлеуметтік төлемдер бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы болды.

2008 жылы Жылыой аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде сектор меңгерушісі қызметін атқарды.

2010 жылы аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды.

2011 жылы Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ардагерлермен және мүгедектермен жұмыс бөлімінің басшысы болып тағайындалды.

2012 жылдан күні бүгінге дейін Жылыой аудандық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы болды.

Активте облыс әкімі Атырау облыстық Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы болған Ғибрат Сүлейменовке атқарған жұмысы үшін ризашылығын білдірді.

- Зейнеткерлік жасына жетуіне байланысты Сүлеймен Ғибрат Еркінұлы лауазымынан босатылды. Жасаған жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді. Ол ұзақ жылдар бойы әкімдікте түрлі  басқармаларды басқарды, аймақтың дамуына үлкен үлес қосты, - деді Нұрлан Ноғаев.

Сонымен қатар, Мақсот Мұқанов Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымынан босатылды. Ол енді Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссиясын басқаратын болады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan»

Атырау