Зураб БОБОХИДЗЕ: «Қазақ елінде бақытты күндерімді өткізудемін»
Бейсенбі, 25 қазан 2012 7:18
– Менің Қазақстанда тұрғаныма 40 жылдан асты. Осы жылдар ішінде қазақ жерін мекен еткен этностардың өзара достығы қайран қалдырып келеді. Қазақстанның әр өңірінде болып жүргенде ұлтаралық татулыққа, достық пен кең пейілге әлденеше рет куә болдым. Өзінің ана тілі болмаса, жанына жақын тартқан достарының ана тілін меңгеріп, сол халықтың тарихы мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін терең білуге ұмтылған өзге ұлттарды көбірек кездестірдім. Менің де сырымды айтатын, қиналғанда жанымнан табылатын достарымның арасында өзге ұлттар өте көп. Әсіресе, қазақ пен орыстың, армян мен тәжіктің жігіттерінен достыққа адал, сөзіне берік, жолдастықтың қадірін сезіне алатын жақсы достар тапқаныма қуанамын. Біз бір-бірімізді ұлтқа бөлмейміз. Сол себептен болар, бір-біріміздің ұлттық салт-дәстүрімізге құрметпен қарап, мерекелік шараларда ғана емес, басқа уақыттарда да балаларымыздың ұлттық әндеріміз бен билерімізді жетік меңгеруіне қолдау білдіріп келеміз.

Осы орайда Қазақстанда өзге ұлттардың ана тілі мен салт-дәстүрін, төл өнері мен мәдениетін жаңғыртуына қолайлы жағдай жасалғанын айрықша атар едім. Қазақстанда, соның ішінде, Атырауда тұратын менің қандастарым да «Иверия» грузин этномәдени бірлестігін құру кезінде еш кедергіге кезіккен жоқ. Қандастарым бұл бірлестікті басқару міндетін маған жүктеді. Әрине, қай істің де бастауында қиындықтар кездесетіні баршаға мәлім ғой. Алайда, біз этномәдени бірлестіктің жұмысын жолға қою барысында мемлекеттің қолдауын анық сезіндік. Қазір балаларымыз өз тілінде сөйлейді, ұлттық өнеріміздің қайнарынан терең сусындай бастады. Бірлестік жанынан жастардың би ансамблін құрып, оның мүшесі болуға тілек білдіргендердің ұлтына шектеу қоймадық. Қазір ансамбль құрамында 8-9 ұлттың өкілі би билейді. Олардың арасында қазақтың, орыс пен осетиннің жастары бар. Осының өзінен біздің жастарымыздың арасында да достықтың туы биік көтерілгенін ұғуға болады.
Қазақстандағы ұлтаралық достықтың алтын діңгегін қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі барын айрықша айтуымыз қажет. Өйткені, Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы өзінің жемісін берді деп ойлаймын. Бұл – ұлтаралық достықты нығайтудың қазақстандық моделі. Мұндай модель бұрын әлемдегі бірде-бір елде болмаған ғой. Қазір көптеген елдің басшылары мен саясаткерлері Қазақстандағы ұлттардың берік достығы мен татулығына қызығып та, қызғанып та қарайды. Қазақстандық модельдің ұтымды тұстарын өздерінде қолдануды қалайды. Демек, біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың достықтың мекеніне айналғанына бәріміз де сүйсінеміз, бәріміз де марқаямыз.
Мен Қазақстандай татулық, ынтымақ ұялаған елде тұрғанымды, осы мемлекеттің азаматы болғанымды бақытқа санаймын. Егер басқа бір елде тұратын болсақ, өміріміз алаңсыз боларына сене алар ма едім? Себебі, күнбе-күн бұрын бір Одақтың бодауында болған мемлекеттердің біразындағы, сонымен бірге, жаһан елдеріндегі болып жатқан алауыздық пен тұрақсыздықтың теріс әсері неге соқтыратынын естіп те, көріп те жүрміз. Осы тұрғыдан айтқанда, өз тағдырымның, балаларымның болашағы Қазақстанмен байланысты болғанына үнемі шүкіршілік етемін. Басқаша айтар болсам, қазақ жеріндегі күндерімді өмірімнің ең бір шуақты сәтіне балаймын.
Біз, Қазақстандағы өзге ұлттың өкілдері өзіміздің салт-дәстүрімізді, тіліміз бен өнерімізді дамытып қана қоймай, елдегі татулық пен достықтың қадірін кейінгі буынның санасына терең сіңіруге үлесімізді қосып келеміз. Осы мақсатпен аудандарды аралап, бірлестік құрамындағы би ансамблінің концертін өткізіп жүрміз. Біз әрбір шарамызға өзге этномәдени бірлестіктердің мүшелерін шақырамыз. Бәріміздің ортақ Отанымыз – Қазақстан болғандықтан, біз бір-біріміздің өнерімізге қолдау көрсетуіміз қажет деп ойлаймын.
Ал барша мұсылман үшін ұлық мереке – Құрбан айттың жөні бөлек. Бұл күні еліміздегі ынтымақ пен берекенің маңызы арта түскенін, ұлтаралық достық пен татулық нығая бергенін қалаймын. Баршаға амандық, елімізге тыныштық тілеймін.
Жазып алған Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.