Отанымыз – ортақ үйіміз
Сейсенбі, 23 қазан 2012 7:26
Нұрсұлтан Назарбаев:
Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті.
Сейсенбі, 23 қазан 2012 7:26
Нұрсұлтан Назарбаев:
Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті.
Бұл ретте байтақ мекенде баршамызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар.
Ол – біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз.
Ол – біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз.
Біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуге тиіс.
Сондықтан, біз тамырын тереңге тартып, тәуелсіздікпен бірге мәуесін жайған тарихи танымды ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет.
Ел бірлігін еселейтін бұл құндылықтар отаншылдық сезімін орнықтырады. Сонда тәуелсіздігіміз мәңгі, ұлысымыз ырысты болады.
Бұл ретте тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы біз үшін мерейлі меже ғана емес, болашаққа бағдар болатын байыпты белес.
Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінен.
Көп тілегі қабыл болсын!
Корей этносының Қазақстанда тұрып жатқанына биыл 75 жыл болыпты. Қостанай жеріне күздің қара суығында арып-ашып, жүк вагоныменкелгенін, қазақ халқының бір үзім нанын бөліп беріп, бауырынабасқанын корейлер ұмытқан жоқ. Сол сұрқай, арқаның суығына шыдамай қырылған күндердің куәгерлері арамызда әлі жүр. Қостанайқаласының сыртында бір қыстың ішінде ғана үлкен корейлер бейітіпайда болған екен. Содан бергі жылдарда қазақтармен қиындықтарды да,қуаныштарды да бірге көрдік. Соғыстан кейінгі жылап-сықтаған, тыңкөтеру жылдарындағы күні-түні тыным көрмей еңбек еткен уақыттыңбарлығында қазақтармен бірге болдық. Кеңқолтық, бауырмал, төзімдіхалық ұлтымызды, тілімізді бөлектеген жоқ.
Қазақстан Тәуелсіздігін алғанда қазақтармен бірдей қуанған корейлерміз. Қазір осы бауырмал халықпен тату-тәтті тұрып қана қоймаймыз, тіпті құдандалы болып кеттік. Алысқа барып қайтейін, өзімнің туған немерем қазақтың қызына үйленді. Келінім тамаша! Ал туған сіңлімнің қызы қазаққа тұрмысқа шықты. Барлығы да өсіп-өніп жатыр. Құдалармен бөтендігіміз аса біліне де қоймас. Өйткені, барлығымыздың көзіміз, шашымыз, тәмпиіп мұрнымыз да ұқсап тұр.
Күні кеше ғана Қостанайда корей этномәдени бірлестігі Қазақстанда тұрып жатқанымыздың 75 жылдығын атады және қарттарымызға дастарқан жайдық. Осы шараға арнап ұйымдастырылған концертте корейдің әншілері қазақтың әндерін сызылтып салғанда құлақтың құрышын қандырды. Көптірмей-ақ айтайын, біздің корейдің әуейі әншілері Шәмшінің әндерін қазақтардың өзінен бір де кем салмайды.
Қазақтарда «көрпеше салсаң, өзіңе саласың» деген мақал бар. Қазақ пен корейдің сыйластығында шек жоқ. Жыл сайын Құрбан айт келгенде мұсылмандарды осы діни мейрамымен құттықтаймыз. Қазақтар дастарқан жайып, құрбылар мен көрші-қолаңнан «айт шайын» ішеміз. Мұның барлығы да қазақтардың, жалпы мұсылмандардың дініне деген құрмет болып табылады. Жаратқан иеміз жұмыр жердің амандығын, еліміздің тыныштығын берсін! Құрбан айтта көп тілегі қабыл болсын!
Людмила НАМ,
Қостанай облыстық корей этномәдени бірлестігі
төрағасының орынбасары.
ҚОСТАНАЙ.
Асыл қазынамызды ардақтайық
Облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің құрылып,жұмысқа кіріскеніне бір жылдан енді асты. Осы уақыттың ішіндеқоғамдық ұйым мемлекеттік тілді дамыту мен оны қолданудың аясынкеңейтуді және Қазақстан Республикасының тілдер және мәдениет туралызаңдарының орындалуын бақылауға алып, тілге қатысты мәселелердіреттеудің мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға едәуір ықпал етіпкеледі.
Адамның жаңғыруы – қоғамның жаңғыруы. Сана жаңғырмай, тіл де жаңғырмайды. Біздің қоғам мүшелерінің атқарып жатқан жұмысында мемлекеттік тілге деген оң көзқарасты қалыптастыру басымдық алады. Қазақстандық азаматтың адами капиталының өсу көрсеткіші елжандылық, рухани бірлік болса, оған мемлекеттік тілді меңгеріп барып жетуге болады. Бұл кәсіби біліктіліктің де, мәдениеттіліктің де өнегелі тұғыры деп білеміз.
Егеменді ел болып, тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Одан бұрын да өзге ұлттың өкілдерімен ынтымақты бірлікте, берекелі түсіністікте қатар жүрдік. Бәріміздің жүрегімізге жылылық ұялататын қарапайым қағидат бар. Ал бүгінгі күні өзің тұрған ел халқының тілін білу адамдар арасындағы қарым-қатынастағы бұлжымас заңдылық екендігі барынша айқындала түсуде. Бұл – бәрімізге керек қажеттілік. Мұндайда жергілікті халықтың жауапкершілігі де, үлгі-өнегесі де еселене түспек. Өкінішке қарай, өзіміздің кейбір жастар өзінің ана тілін білмегенді кемшілік санамайды. Біз жастарға ұлттық тәрбие беруде адамның рухани дамуына, жетілуіне Абай ойларының философиялық тәлім түйінінің маңыздылығын насихаттай алмай жүрміз. Қоғамымыздың қазіргі даму сатысында қазақ жастарын олардың ішкі әлеміне үңіліп, адами қасиеттерді жетілдіру негізінде тәрбиелеу айрықша маңыз алмақ. Өйткені, ұлт пен ұлыс талғамайтын осынау моральдық философия жүрегі елім деп соққан, қайратын адамзат бақытына жұмсайтын, ақылын асыл істерге бағыттайтын толыққанды адам тәрбиесіне негізделген. Мұндағы басты түйін – адамшылықты сақтай отырып, халықпен бірге болу, бірге өсу.
Жұмысымызды осы бағытта құра отырып, ортақ іске өзге де қоғамдық ұйымдарды тартуға тырысудамыз. Біздің бірлестікке мұсылман әйелдері лигасынан, гуманитарлық зерттеу қорынан, білім ордаларынан, театр мен кітапханадан мүшелер тартылған. Қоғамдық ұйымымызда «Ақсақалдар», «Асыл әжелер», «Имандылық», «Жалынды жастар» топтары құрылып, жұмыс істеуде. Ал жетпістің жотасындағы Нығмет Ерханұлы тастанды балалардың аналарымен жұмыс істеп жүр.
Қазақ халқының дәстүрлі той-мереке, сауық-сайран және ұлттық ойындарының шығу тарихы мен оның мәніне сипаттама берген белгілі ғалым-этнограф Биқұмар Кәмалашұлының мектеп оқушыларына, балабақша жеткіншектеріне арналған кітабын білім ордаларында әдістемелік құрал ретінде пайдалану жөнінде облыстық білім басқармасына хат жолдағанбыз. Ұсынысымыз қабылданып, облыс мектептеріне нұсқау жіберілді. Қазіргі заманда теледидар мен компьютерге қадалып, көзін ауыртып, қозғалмай отыру денсаулыққа зиян, психикасына кері әсер ететінін БАҚ айтып та, жазып та жатыр. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, асық ойынының әлеуметтік және педагогикалық маңызы зор. Ол үшін күрделі спорт алаңының қажеті жоқ. Кез келген тегіс жерде ойнай беруге болатын, әр балаға қолжетімді ойын. Біздің ұсынысымыз Көкшетау қалалық әкімдігі тарапынан қолдау тауып, 4 мектептің қатысуымен қанатқақты жоба шеңберінде асық ойынынан жарыс өткізілді. Оны дәстүрге айналдырып, ұлттық ойындардың басқа түрлерімен бірге жалғастыратын боламыз.
«Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігін аралас мектептер проблемасы қатты толғандырады. Осы мақсатпен облыс орталығындағы №11 және №13 мектептердің немесе №17 және №19 мектептердің негізінде тағы бір таза қазақ мектебін ашу жөнінде мәселе көтердік. Ол жергілікті атқару органы тарапынан қолдау табады деген үміттеміз.
Мейрамбек КИІКОВ,
Ақмола облысы Қазақстан халқы
Ассамблеясының мүшесі, «Қазақ тілі мен мәдениеті»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Ақмола облысы.
Қазақтың келіні, хакас қызы – Раиса
Адам тағдыры қызық. Өзің ойламаған жайлардың бәрі күтпеген жерден болады. Қазақ жеріне ғұмырлық болып бауыр басып қалған Раиса апаның тағдыры да дәл сондай. Ойламаған жерден махаббаты күтіп алды.
– Біздің аудан орталығында өз ағамызға тұрмысқа шыққан хакас апамыз бар еді, – деп аудан әкімі Жанат Шұғаев келген сайын құлаққағыс етіп жүретін. Әрі қазаққа келін болып түскен орыс, украин, неміс қыздарын, я болмаса керісінше бізге күйеубала болған өзге этностың жігіттерін жиі кездестіреміз.
Ал хакас сияқты аз ұлт өкілдерімен отбасын құрған қазақтарды сирек естисіз. Сондықтан, біздің қазаққа келін хакас апамызды көргіміз келді.
Қазақстанда бұл күндері 400-дей хакас тұрады екен. Ал Раиса апаның айтуынша, облыс бойынша өзі жалғыз болса керек, сұрастырып көргенде, еш дерек кездеспепті.
– Ойбу, қызым-ай, 70 жасқа келіп қалдық. Елім, жерім – Қазақстан, Железинка ауылы, аудан орталығы, бала-шағам үбірлі-шүбірлі, бәрі де ержетті, немерелерім қасымда, отбасым, отағасы Есімжан, міне, жанымда, олар менің бүкіл ғұмырым, бақытым ғой, – дейді Раиса апа. Қазақ тілінде өзіміздей сөйлеп отыр. Бір көрген адам хакас қызы деп ойламайды да. Тілі, болмысы, тынысы-тіршілігі түгелімен қазақ болып кеткен. Бауырсағын пісіріп, етін асып дастарқан жайып, кеңпейіл өз апа-әжелеріміздей-ақ. Иә, қазаққа келін болып түскен өзге ұлт өкілдері қыздарының бәрі отағасының ұлтына қарай қазақы болмысқа сіңіп, ұл-қыздарын да қазақ етіп өсірсе деген ойға қаласың.
– Мен 1943 жылы Красноярск өлкесінде тудым. Әкемді Андрей, шешемді Евдокия деп атайтын. Сол жерде мектепте оқыдым, бойжеттім, Абакандағы музыкалық шағын оқу орнын бітірдім. Сол 60-жылдардың кезі. Омбыда аялдамада тұрған жерімде қазақ жігіті Есімжанмен таныстым. Тағдыр деген сол. Аталарың ол кезде Омбыдағы дәрігерлік училищені бітіріп, Алматыда дәрігерлік оқуын әрі қарай жалғастырмақ болып жүрген екен. Жастық шақ, албырт кездеріміз ғой. Бір-бірімізді ұнаттық. Ойымызда сен қазақ, мынау хакас деген бөліну, бұл қалай болар екен деген ой болған жоқ.
– Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?
– Ауылға келін болып түссең, қалайша қазақша үйреніп, сөйлемейсің, қызым-ау. Есімжанның шешесі Мәкен енем мен келін болып түскенде Райхан деген ат берді. Райхан болған соң, қазақтың үйіне келін болған соң сол халықтың тілін, дінін, болмыс-бітімін қабылдауға міндеттісің деген сөз. Ол уақытта келіндер ибалы, үлкен кісілерге орысша сөйлеп жүрген де ұят. Хакас тілінің қазақ тілінен айырмашылығы ж-ч, й-з, ұ -о дыбыстары ауысып келеді. Мысалы, чыл – жыл, наа – жаңа, азах – аяқ, сол – ұл. Хакас тілі, жалпы алғанда, қазақ, қырғыз тіліне ұқсас, жақын, бәріміз де тарихы, тағдыры даламен байланысты түркі тегінен шыққан халықтармыз ғой, – дейді Раиса апа. Хакастың, музыкалық көне аспабы – чатхан қазақтың жетігені тәрізді. Екі ішекті шертіп ойналатын хомыс деген аспап бар. Оның сопақша келген ағаш шанағы қойдың немесе бұғының терісімен қапталады. Ішегі жылқының қылы, перне тағылмайды. Хомыс қазақтың шертеріне ұқсас.
– Сіз Алматының Жамбыл атындағы филармониясында хор капелласында ән салыпсыз ғой?
– Есімжан дәрігерлік оқуын оқыды, отбасын құрдық, мен өнер жолын таңдап, филармонияда қызмет жасадым. Ол бір өнермен, әнмен өткен жылдар еді ғой. Содан кейін, қазақ жолы бойынша, елде қалған ата-енемізге оралу керек болды. Есімжан екеуміз Железинка қайдасың деп Алматыдан жолға шықтық. 1970 жылы біздерді оқу бітіріп келген жас мамансыңдар деп әуелі осы ауданның шалғайдағы Новокузьминка, одан кейін Киров деген деген ауылдарына жіберді. Ол дәрігер, мен мәдениет үйінде қызмет істеуді бастадық.
– Хакас тілінде бір ән орындап берсеңіз кәне, – деп едік, Раиса апамыз хакастар арасында, Абакан жақта өткен балалық шағы, жастық күні есіне түсіп кетті ме, тебірене толқи айтып берді. Хор капелласында ән айтқан апамыздың дауысы әлі күнге дейін өткеннен бір белгі ретінде сақталғанын байқадық.
– Ал, ата, қанша ұл-қыз, бала-шағаңыз бар? – деп манадан бері біздің әңгімемізді бұзбай, үнсіз тыңдап отырған отағасына бұрылдық.
– Рахмет, қызым, Раиса 45 жыл ауылдың, облыстың сахнасында ән салды. Бірнеше рет байқаулардың лауреаты атанды. Мен өзім талай жылдар бойы аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін атқардым. Мен Раисаны қалжыңдап, «декабристка» деп атаймын. Үйленген соң, ауылға, елге алып кетемін, әке-шешем ауылда тұрады дедім, бұртиған, бәлсінген де жоқ, ауылға келін болып түсті, анамнан көп нәрсе үйренді, кәдімгі қазақ келіні, қазақ әйелі болып қалды осында, – деп атамыз бір рахаттанып күліп алды.
Міне, Раиса-Райхан апа мен Есімжан Әбілғазиндердің қазақ пен хакас қызы құрған отбасы бүгінгі күннің жастарына үлгі-өнеге боларлықтай. Өздері айтқандай, күтпеген жерден кездестірген тағдырларына риза.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Железинка ауданы.
Суреттерде: ерлі-зайыпты Есімжан және Раиса Әбілғазиндер; бала-шаға ортасында.
Жақсылыққа жақсылық
Еліміздің қай өңірінде де тұрғылықты халықпен бірге сан алуан ұлтөкілдері өмір жарастырып отырса, Қазақстан өндірісінің қара шаңырағыәрі көшбастаушысы саналатын аймағымызда да сондайлық тұрмыс көркіқалыптасқан. Осынау мәуелі бәйтеректің бір бұтағы еврейлер қауымыекенін мақтан тұта айта аламын. Біздің қазақтармен тағдырымызтамырласқанына 100 жылдай болып қалыпты. Ал көбірек сіңісіп, етенеараласуымыз өлкеде кен көздері игерілуі, білім беру мен мәдени ошақтарпайда болуымен басталады.
Сталиндік озбырлықтың шеңгеліне ілігіп, Қарлаг азабын шеккеннен кейін барар жер, басар тауы болмай қалып қойған қандастарымыз да аз болмады. Осылайша таралып, тамыр жайған еврейлер бүгінде бауырластық пен бірліктің арқасында облысты мекендеген барша ұлт өкілдерімен бірдей жаңарып, жаңғырудағы Қазақстанымыздың одан әрі өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып келеді.
Биыл, дәлірек айтқанда, осы жазда еврейлердің облыстық этномәдени бірлестігі құрылғанына 20 жыл толды. Басқа да бірлестіктер сияқты ұлттық салт-дәстүрді сақтау, ана тілді қадірлеу, бауырына басып, ынтымаққа ұйыстырған Қазақ елінің мерейін өсіру, мақсат-тілегіміз ортақ барлық ұлттармен достықты нығайтуды басты парыз санаймыз. Қазір әлемдегі жағдай әртүрлі екені белгілі. Сондықтан біз татулық пен түсіністіктің қадірін жақсы білеміз. Одан қымбат ештеңе жоғына көзіміз жетіп отыр. Сондай орта қалыптастыруға, тілдері бөлек болса да тілектерін түйістіруге барша отандастарымызды біріктіруші Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз.
Мен тарихи отанымда болып тұрамын. Ол жақта бұрынғы қазақстандықтар аз емес. Кездесе қалсаң, қай-қайсысы да қазақ халқының кеңпейілдік, туысқандыққа тарту қасиетіне ризалықтары шексіз екенін, соны жеткізуді өтініп жатады.Оның құндылығы, әсіресе, басқа жерлермен салыстыра қарағанда айрықша байқалатындығын айтады. Солардың бірі облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде ұзақ жыл фототілші болған, өлке өмірінің фотошежірешісі атанған Юрий Хейфиц байырғы ұжымымен байланысын үзбей келеді. Белгілі сұрапыл соғыстан соң жасөспірім шағында Қарағандыға тап болған ол осы газет журналистерінің құшаққа алуы арқасында өмір қуанышына бөленгенін әсте ұмытпайды. Қиын тағдырлары осылайша қазақ бауырларының шынайы қамқорлық шуағымен шырайланып, соның ізгі ізі Қазақстанға деген сүйіспеншілікті тереңдеткен сезім, бауырлас халықтардай ұлттық құндылықтарды қастерлеуге барынша жағдай жасалуына құрмет жаппай еврей қауымына тән дер едім.
Қаладағы жексенбілік еврей мектептерінде балалар ана тілдерін үйренумен қатар, мемлекеттік тілді де меңгеруге ықыласты. Тұрғылықты жұрттың мәдениеті мен әдебиетін, тарихын білуге құмар. Өмірдің өзі жақындастырған, жүрек үнін үйлестірген осындай бауырмалдық жақсылыққа жақсылық жасаудың ниеті.
Шындығын айтқанда, қазір «Біз – қазақстандықтармыз!» деу бәрімізге үлкен мақтаныш. Солай бола түсуін тілеймін. Және еліміздегі барша мұсылманды келе жатқан Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын.
Вилен Молотов-ЛУЧАНСКИЙ,
Қарағанды облыстық еврей этномәдени бірлестігінің
жетекшісі.
Қарағанды.