...Біз барғанда әжей ұйқысынан жаңа тұрып жатыр екен. Шамасы, қарттық кірген соң, ұйқының да мезгілі ауысатын шығар деп шамаладық. Жүз бес жасқа келсе де, Қамида әжей тың, денесін тік ұстайды, тістері қаладай. Көзі де шырақтай жанып тұр екен, іс тігуден әлі қол үзбепті. Тек, құлағы сәл нашар естиді екен. Біздің бөліп-бөліп айтқан сөзімізді естиді де, тез-тез сөйлесек, ұқпай қалып, қайталап сұрап отырды. Онысын жуып-шайып:
– Е, шырақтарым, жүз бес жылдан бері бұл құлақ та шаршаған шығар, қайтсін енді, – деп бізді бір күлдірді.
Айтпақшы, тоғызыншы мүшелін толтыруға жақындаған кейуанаға сәлем беруге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин де арнайы келген еді. Ғасыр-әженің шөбере-шөпшегімен жасты «балалар» туған күн иесіне сый-сияпатын ұсынып, тілектерін айтты. Әңгіме арасында көп жасаудың сыры да сөз болды.
– Жарықтық әке-шешем өмірден ерте кетті. Қазақта марқұмның туыстарына көңіл айта келгенде «Топырақ астындағы жасын берсін» деген жұбату сөз бар ғой. Сол тілек қабыл болып, Алла тағала әкеміз бен анамыздың топырақ астындағы жасын бізге берген шығар. Өзіммен бірге туған әпкем 80-нен асып қайтты. Менің отырысым осы ғой, – дейді санасы тұнық, ойы сергек кейуана.
Қамида әженің жастық өмірі қиындықпен өтіпті. ХХ ғасырдың басында дүниеге келген ол аласапыран заманның адамзат басына салған сынағын түгел көрді десе де болғандай. Тоғыз жасында жетім қалыпты. Жалғыз апасы Қалила бас-көз болып, қос жетім жылай жүріп жетіліпті. Балалығы жетімдіктің, жастығы соғыстың жалынына шарпылған Қамида ауылда ердің де, әйелдің де жұмысын қатар атқарып, тыным таппапты.
1942 жылы, КСРО соғыстан қирай жеңіліп жатқан ең қиын кезде колхоз жұмысшыларын тізімдеп, темір жол салуға жолданыпты. Әрине, «жұмысшылардың» дені – әйелдер ғой. Жымпитыдан шыққан бригада Атыраудан әрі асып, Жем, Ойыл, Сағыз бағытындағы темір жол құрылысына қатысты. Түйеге жүк артып, жайдақ атқа мінгесіп, арып-ашып, жадап-жүдеп жүретін жұмысшылар биіктігі үйдей қара топырақты қолдап тасып, шойын жолдың жанына төгеді. Бұл жұмыста әйелдер еркектердің орнында жүрді.
Қамида әже кейін колхоздың сиыры мен жылқысын бақты. «Көктемнен күзге дейін шашау шығармай баққан малды күзде әскерге көлік, азық ретінде алып кететін» деп еске алады кейуана.
Қамида әже сұрапыл соғыс аяқталған соң, 1946 жылы ғана тұрмыс құрды. Құдай қосқан қосағы Ырыспен некелесіп, бес ұл, үш қызды өмірге әкелді. Бүгінде сол ұрпақтарынан 28 немере, 34 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр екен.
Әжей бүгінде ұлы Талап пен келіні Бақытмаралдың қолында тұрады. Бақытмарал апайдың айтуынша, енесі тек табиғи, құнарлы тағамдарды ұнатып жейді екен. Тағы бір ерекшелігі, ғасыр-әже синтетикалық матадан тігілген киімді кимейді. Тек табиғи матадан, жүн-теріден тігілген киімді ғана тұтынады.
Қамида апайдың айналасына, ұлы мен келініне жиі қоятын бір сауалы бар: «Осы мен сөзден шатасып, әңгіме арасында басқа нәрсе айтып кетпеймін бе?! Мені қарап жүріңдерші! Алла тағала ақыл-есім дұрыс тұрғанда, алжастырмай-шатастырмай алса, содан басқа арманым жоқ» дейді екен.
Небәрі біржарым кластық білім алып, сауатын латын әліпбиімен ашқан Қамида апамыздың қолына алғаш түскен басылым – «Социалистік Қазақстан» болыпты.
– Ол кезде теледидар болмады, бертін келе де некен-саяқ кездесті. Халықтың көзі мен құлағы – газет пен радио болды ғой. Елдің басты үнқағазы саналатын «Социалистік Қазақстан» газеті латын әліпбиімен шығатыны есімде. Кейін әліпби ауысқанда, ежіктеп отырып кириллицаны да меңгеріп алдым, – дейді Қамида әже.
Үлкен өмірге, жер-жиһан жаңалықтарына еліміздің бас газеті арқылы жалғанған Қамида әже әлі күнге дейін біздің газетімізді қадағалап отырады екен. Көзәйнегін киіп алып, газетте жарияланған мақалаларды, тіпті эксперимент ретінде басылып жүрген латын әрпіндегі жазбаларды да оқып тұрады.
– Мал соңында күнұзақ далада жүргенде «Социалистік Қазақстан» газетін күтеміз. Жаз күндері пошта, хат-хабар, газет қолға бір-екі күнде тиетін. Ал қылышын сүйреткен қыста пошташы ат-шанасын қарға омбылатып, үш-төрт күнде әрең жететін. Пошташыны атынан танып, «қандай жақсы жаңалық келді екен?!» деп, газетті таласа-тармаса оқитын едік. Әріп танымайтындарға газетті өзіміз оқып береміз. Ол кезде газетті жырту деген жоқ. «Социалистік Қазақстанды» тегістеп бүктеп жинап қоямыз, – деп еске алады кейуана.
Осыдан бес жыл бұрын, «Алтын алқалы» ана 100-ге толғанда ұрпақтары Жымпитыда ат шаптырып той жасаған еді. Құдайға шүкір, ұрпақтарының бәрі – білімді, педагог, заңгер, кәсіпкер. Қолындағы Талап ағайдың өзі шаруа қожалығын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ақаулы көлік, сынған техниканы жөндеуде алдына жан салмайтын шебер.
– Иә, Алла, менің көргенімді ұрпағым көрмесін, оларға бейнетімді емес, жасымды берсін! – дейді ғасыр-әже.
– Әумин! – дейміз біз бетімізді сипап.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
Батыс Қазақстан облысы