Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша республикада алдыңғы орындарда. Әйтсе де, егіншілік мәдениетін жетілдіруде шаруа қожалықтарының олқылықтарға жол беріп жататыны да бар. Оралымсыздықтың басты себептерінің бірі – тыңайтқыштарды орынсыз қолдануда. Алдағы уақытта осы бір кемшіліктің алдын алу үшін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары орталық Қазақстан мен солтүстік өңірлерде көшпелі семинарлар өткізуде. Семинарға қатысушылар топырақ құнарлылығын арттырып, өнім өнімділігін жоғарылату бойынша практикалық дәріс алды.
– Ақмола облысының 150-ге жуық шаруа қожалықтарының басшыларын жинап семинар өткізіп жатырмыз. Цифрландыру бойынша қандай жаңалықтар еніп жатыр, келер жылы ауыл шаруашылығы саласында қандай ерекшеліктер орын алмақ? Осы төңіректе әңгіме өрбітіп, мамандарды соған бейімдеуге атсалысатын боламыз,–дейді С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің проректоры Қайрат Айтуғанов.
Агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін анықтау үшін, оның мақсатын, қоғамның материалдық жағдайының оңтайлануын және әлеуметтік факторларды қамтамасыз етуді ескеру керек. Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары мен сарапшылары геоақпараттық жүйесі технологиясын қолдану және ауыл шаруашылығында жерді қашықтықтан бұрғылау туралы толық ақпарат ұсынып, егіншілік жүйесі бойынша топырақ құнарлылығын мақсатты түрде басқару әдістерін, тыңайтқыштарды дифференциалдау, арамшөптер мен зиянкестердің фитосанитарлық мониторингі жайында сөз қозғады.
– Қазір жаңа технологияларды да қолдану үстіндеміз. Қарапайым тілмен айтсақ, цифрландыру салаға айтарлықтай серпін берудк. Дронмен топырақ жамылғысының жай-күйін тез анықтай аламыз. Өсімдіктану, геоақпараттық жүйе, агроном, экономист мамандар болып былтырдан бері өңірлерде жұмыс істеуде,–дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Тілекқали Тұрғынбаев.
Біліктілікті арттыру курсына қатысушыларға аталған дәрістерден бөлек, агроөнеркәсіптік өнімдерді ақпараттандыру және цифрландыру жағдайында экономикалық шешімдерді талдаумен оңтайластыру үрдістері жайында да ақпараттар берілді.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»