Міндет пен талап
Полиция жұмысының негізгі бұлжымас мақсат-міндеті – қоғамды заңсыздықтардан қорғау және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Демек, полицияның әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қоғамдық пікірдің ықпалы зор. Бүгінгі талапшыл әлемде полиция іс-әрекетінің екі қағидасы қалыптасқан. Біріншісінде, полиция – жазалаушы, екіншісінде – ынтымақтастық пен өзара түсіністіктен құралған әлеуметтік әріптес. Міне, бағалаудың қарапайым қағидаларының елегінен өткізер болсақ, Қазақстан полициясы қазір осы екі көрсеткіштің бел ортасында шырмалып қалғанға ұқсайды. Оған дәлел – қоғамдық пікір. Өйткені «полицияның беделін қалай көтереміз?» деген сауалға әлі нақты жауап айтылар емес. Оның үстіне Елбасы тапсырмасынан соң Ішкі істер министрлігі реформалауды полицияның арнаулы киімін жаңартудан бастағандай әсер қалдырды. Сондықтан да алдымен сыртқы пішіннен бұрын ішкі мазмұн мен пиғылды өзгертуге байланысты сын-ескертпелер орынды айтылып жатқан сияқты.
Әрине Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың командасының жоспары нық, бағыттары – айқын. Осыған қарап-ақ құқық қорғау реформаларының оң нәтиже береріне сенгіміз келеді. Ал бұл жолдан өткен өзге мемлекеттер қандай таңдау жасады?
Қандай жолды таңдадық?
АҚШ. Әлем елдері Америка Құрама Штаттарындағы қылмыспен күресті мысал еткенде Нью-Йорктегі әуелі қабырғалардағы жазбалармен күрес, содан кейінгі «сынған терезе» реформалары нәтижелерін баяндап, оның авторлары мен жүзеге асырушыларын көкке көтереді.
Іс жүзінде Құрама Штаттарда қылмысқа «нөлдік төзімділік» қағидасы қалыптасқан. Құқық қорғау жүйесі үш деңгейлі: федералдық, жекелеген штаттар және жергілікті болып жіктеледі. Олардың ішінде желілік деңгейдегі жергілікті полицияның үлесі басым (60%).
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап қылмысқа қарсы күресте заманауи тәжірибелер түгелге дерлік қолданылды. Оған қоса, біріншіден, тұрғындармен байланысқа баса назар аударылды. Екіншіден, заңды күшейтіп, жекелеген ауыр қылмыстардың жазасын ұлғайтты. Үшіншіден, бұқаралық ақпарат құралдары қылмыстың барлық түріне «нөлдік төзімділік» қағидасын насихаттады.
Қазіргі уақытта АҚШ қылмыс деңгейі төмен елдердің алдыңғы қатарында тұрғанымен қоса, түрмедегі жазасын өтеушілердің саны бойынша да бірінші келеді. Мәселен, халқының саны 327 млн деп алсақ, түрмеде отырғандар саны – 2,3 млн. Салыстырмалы түрде Қытайдың деректерін келтірсек, онда 1 млрд 400 млн адамның 1,4 миллионы ғана түрмеде отыр.
Айта кетерлігі, 1980-2000 жылдар аралығында сақтандыру төлемдері, сот және қылмыскерлердің түрмеде ұстау шығындарын қоса есептегенде, АҚШ-та қылмыстың экономикалық зардабы айтарлықтай өсіп кетті. Мәселен, АҚШ әділет министрлігінің деректеріне қарағанда, егер 1989 жылы кісі өлімінің шығыны 2,4 млн доллар болса, 2007 жылы бұл сома 7 млн долларға дейін өскен.
Швеция. Еуроодақ құрамындағы бұл елде полиция қызметкерінің әлеуметтік-психологиялық, кәсіби сапасымен қатар, тұрғындармен тығыз байланысы есепке алынады. Бұл талаптар немесе басымдықтар қызметкердің жақсы кәсіби даярлығы, базалық университеттік білімі, қызметкерлерді іріктеу сапасы, әдептіліктің қарапайым қағидаларын меңгеру деңгейімен өлшенеді. Сондықтан да Швецияда «заңды сыйлау – азаматты сыйлау» деген қағида қатты сақталады. Полиция еңбегінің ой-санамен негізделуі, жоғары жалақы полиция қызметкерінің оң имиджін қалыптастырып, қоғамда жоғары әлеуметтік мәртебеге ие болуына септігін тигізді. Дәл осы Скандинав елдерінде полиция қызметкерлерінің білім және мәдениет деңгейінің индексі жоғары болған сайын, қылмыспен күрестің тиімді жүретіндігі дәлелін тапқан.
Полиция қызметін «ізгілендіру» нәтижесінде құқық бұзушыларға деген көзқарас жұмсарып, қылмыскерлер «құқықтық іс әрекеті бұзылған» деген желеумен түрлі шектеулермен қатар, көмекке де ие бола бастады. Осының арқасында Швецияда түрме «тұрғындарының» саны 100 мың адамға шаққанда 60 адамға дейін төмендеді. Қазіргі уақытта бұл елде компьютерлік алаяқтық, материалдық шығын келтіру мен велосипед ұрлығы кең таралған. Сыбайлас жемқорлық жоқтың қасы. Статистикалық деректерге қарағанда, Швеция полициясына халықтың әлеуметтік сенімі ең жоғары деңгейде – 98 пайыз, бұл – әлемдегі ең үздік көрсеткіш. Полицияға сенім азаматтардың заңды сыйлауынан, полицейлерге жедел қылмыстық іздестірулерге көрсетілген көмектен, сот отырыстарына куәгер ретінде қатысудағы белсенділіктерінен көрінеді.
Франция. Тоқсаныншы жылдардың басында Франция полициясын реформалау өзге мемлекеттердегі тәрізді қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы және халықпен өзара іс-қимылға жаңаша көзқарас қалыптастырып, «жақын полиция» атауымен жүрді. Бұл ұғым полицияны тек қылмыспен күресуші емес, халыққа қауіпсіздік саласында, тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ететін қоғамдық қызмет көрсетуші тұрғысында қалыптасуға әкелді. Алайда, АҚШ, Ұлыбритания, және Жапонияда кең таралған халықты қоғамдық тәртіпті қадағалауға жұмылдыруға бағытталған әлеуметтік әріптестік формасы франциялық саяси-құқықтық дәстүрлерге сыйыспады. Оған қоса, тарихи тұрғыда қалыптасқан қос жүйе: Ұлттық полиция мен жандармерияны біріктіру де оң нәтиже бере қойған жоқ. Сондықтан да француздарға «жақын полиция» жүйесі сіңіп кете алмады. 2002 жылдан бастап Франция үкіметі дәстүрлі «қатал полиция» және «нақты нәтиже» жолын таңдап, ауыр қылмыстардың бетін қайтара алды. Мәселен, адам өлтіру қылмысын ашу көрсеткіші 88 пайызға жетті. Бірақ бұл таңдау халық пен биліктің ара-жігін ажыратып жіберді. Сөйтіп 2008 жылдан бастап «өзара сенім» жүйесіне қайта таңдау жасалғанымен, елдегі қылмыс та, түрмеде жазасын өтеушілер саны да жылма-жыл артып келеді.
Жапония. Күншығыс елі ғасырлық дәстүрлер мен инновациялық технологиялардың интеграциясында алдарына қара салмай келеді. Жапония конституциясына сәйкес, полиция үкіметке бағынышты болғанымен, қандай да бір министрліктің немесе ведомствоның құрамына кірмейді. Ел астанасы мен префектураларда полиция құзыреті округтер мен аудандарға бөлінеді. Олардың әрқайсысында 1874 жылдан бері жүйеге енген «стационарлық үйшіктер» («Koban») бар. Мәселен, Токионың өзінде 12 мыңдай «Koban» орналастырылған.
Сонымен қатар Жапон полициясы әлемдегі ең жарақтандырылған құрылым болып есептеледі. Оған қоса, Жапонияда полицияның әрбір қызметкеріне шаққанда әлем бойынша ең ауыр жүктеме артылған. Мұнда бір қызметкерге 556 адамнан (АҚШ – 379, Франция – 268) келеді. Жапондықтардың өмір салты мен тәрбиесіне байланысты заң бұзушылықтарды негізінен ұлттық құндылықтарды әлі түйсіне қоймаған жасөспірімдер жасайды. Сондықтан жалпы қылмыстың ішінде ұсақ ұрлықтың үлесі басым. Ал Жапония полициясының басты проблемасы трансұлттық сипатқа ие ұйымдасқан қылмыс болып отыр.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»