Жиырма жыл – жиырма белес
Сенбі, 13 қазан 2012 7:12
Азат елдің іргесін бекітіп, саясат пен экономика тұрғысынан ілгері қадам басқан еліміз сонау тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан-ақ сыртта жүрген қандастарымызды іздеп, олармен тонның ішкі бауындай байланыс жасап келе жатқанына жиырма жылға жуықтапты. Кеше Алматыдағы Ғылым ордасында Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығы шеңберінде «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері мен оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Сенбі, 13 қазан 2012 7:12
Азат елдің іргесін бекітіп, саясат пен экономика тұрғысынан ілгері қадам басқан еліміз сонау тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан-ақ сыртта жүрген қандастарымызды іздеп, олармен тонның ішкі бауындай байланыс жасап келе жатқанына жиырма жылға жуықтапты. Кеше Алматыдағы Ғылым ордасында Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығы шеңберінде «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері мен оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
– Осыдан 20 жыл бұрын, 1992 жылдың қыркүйегінде, Қазақстан Президентінің бастамасымен, ұлт тарихының сындарлы тұсында мемлекеттік шекарамен алшақталып, саяси жүйемен бір-бірінен қол үзіп қалған қазақ халқының өткенін екшеп, келешегін анықтауға, ел тұтастығына шақыруға бағытталған міндеттерді мақсат еткен Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы Алматыда алғаш рет шақырылды, – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.
Тұңғыш Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құру, оның жарғысын қабылдау, басшы органдарын сайлау мәселелері талқыланды. Бұдан кейін де, Елбасының тікелей қамқорлығымен, әлемнің 35 елінен қандастарымыз қатынасқан үш Құрылтай – Түркістанда және Астанада болып өтті. Төрт құрылтайда да Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы болып Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қоғамдық ұйым ретіндегі мақсаты әлем картасында белгіленген жаңа егемен мемлекет – Қазақстанның халықаралық беделінің артқанын, мемлекеттік ұйымдарда отырған басшыларға қазақ диаспорасының мәселелерін, өзекті өртеген мұңдарын, қазақтардың тарихи отаны – атамекен жерлеріне деген ниет-тілектерін жеткізу. Біздің байқауымыз бойынша, шетелдердегі отандастарымыз қай жерде өмір сүрсе де олардың өзінің ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалуға, басқа ұлтпен тату-тәтті өмір сүруге деген ұмтылысы, тарихи отаны – Қазақстанмен байланысын нығайту оларға тән ерекше қасиет. Қауымдастықтың ықпал етуімен Қытайдан, Сауд Арабиясынан, Ираннан, Түркиядан және де басқа елдерден қазақтар Қазақстанға көптеп көшіп келді. Шет елден елге оралуды ұйымдастыруда оралман ғалымдардың ерен еңбектерін атап көрсеткеніміз жөн. Олардың ерлігі көптеген қазақ отбасыларының азаматтығының өзгеруіне үлгі болды. Ол ғалымдардың бір бөлігі шетелдерден кәсіби маманданып келген болса, екіншілері мемлекет қолдауымен аспирантура мен докторантурадан өтіп, қазақстандық ғылым ордаларын толықтырды. Мысалы, Моңғолияның бұрынғы Премьер-министрінің орынбасары, сол елдің Парламент төрағасының орынбасары, докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғаған Зардыхан Қинаятұлы, сонымен қатар, Қытай қазақтары арасынан алғашқы тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлы қазіргі кезде Шығыстану институты бөлімінің және біздің Қауымдастықтың Диаспорология орталығының меңгерушісі. Мұндай тізімді одан әрі де жалғастыра беруге болады.
Шынымен де, тәуелсіз жиырма жыл ішінде Қазақстан сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Еліміздің осы оңды өзгерістеріне ата-бабалар жеріне келіп, өмірдің сан-саласына біте қайнасып кеткен этникалық қазақтардың үлесі мол. Алдағы жоспарымыз бұдан да күрделене түспек. Өйткені, заман талабы солай. Шетелдердегі диаспорамен мәдени, ағартушылық, рухани, ақпараттық байланыстарды орнатуда жаңа әдістер керек. Қазақстан жоғары мектебі арқылы диаспораның ұлттық интеллигенциясын қалыптастыру, оларды қолдау саясатын жүргізу қажет…
Конференцияда талқыланған мәселелердің ауқымы кең. Филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов шет ел қазақтарының әдебиеті мен өнері жөнінде келелі әңгіме өрбітті.
– Әлемдік жаһандану үдерісі жағдайында ұлттық әдебиет пен өнер мәселелерін тереңірек зерттеудің мән-маңызы зор, – деп бастады әңгімесін Уәлихан Қалижанұлы. – Осы ретте Қазақстаннан тысқары елдерде өмір сүретін қазақтардың әдебиеті мен өнерін арнайы зерттеу аса маңызды. Қазір әлемнің қырықтан астам мемлекетінде 5 миллионға жуық қазақ диаспорасы тұрып жатыр. Олар шетелдердегі аз этникалық топ болғандығына қарамастан, әрдайым өздерінің атамекені Қазақстанмен рухани-мәдени және шаруашылық байланыста болуға тырысады. 2011 жылдың 25 мамырында Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Елбасы, Қауымдастық Төрағасы Н.Назарбаев «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы» атты баяндама жасаған болатын. Елбасының осы құрылтайда сөйлеген сындарлы сөзінен туындайтын бүгінгі күн талаптарын негізге ала отырып, қазақтар тығыз қоныстанған көрші елдер – Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан қазақтарының әдебиеті мен өнерін біртұтас ұлттық құндылықтар тұрғысынан жан-жақты зерттеудің маңызы зор. Бұл елдерде тұратын қазақтар әдебиеті мен өнері осыған дейін диссертациялық еңбектер ауқымында ғана қарастырылып келгенімен, мемлекеттік бағдарлама деңгейінде кең ауқымда зерттелген жоқ еді. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 2012-2014 жылдарға жоспарланған «Шетелдердегі қазақ әдебиеті мен өнері» атты бағдарлама дайындады. Оның басты мақсаты – отандастарымыз тығыз қоныстанған көрші елдердегі қазақ әдебиеті мен өнерінің бір жарым ғасырлық тарихына терең барлау жасап, дүние жүзі қазақтары әдебиеті мен өнерінің негізгі даму бағыттары мен мақсат-міндеттерін айқындау барысында шығармашылық үндестік, сабақтастық принциптерін негізге ала отырып ілгері ғылыми еңбек жазу.
Ғылыми жиында әлемге тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың көптеген мәселелері күн тәртібіне қойылды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Зардыхан Қинаятұлы Қауымдастықтың құрылуын қазақтың тағдырынан туған тарихи құбылыс деп бағалады. 1990 жылдары атамекеніне атбасын бұрған қазақтарды құшақ жая қарсы алып, ағайынды ағайынмен қауыштырған алтын көпір болды. Қауымдастық осылайша атажұртын аңсап келген қазақтардың ат байлайтын ақ отауына айналды.
– Біздің қазақ отаршылдық саясаттан жапа шеккен халықтардың бірі, – деді Зардыхан Қинаятұлы. – 1990 жылдары атажұртқа бет бұрған қазақ көші қазақты этнодемографиялық және рухани құлдыраудан құтқару жолында жасалған игі қадамдардың бірі болатын. 1989 жылы Кеңес одағы көлемінде жүргізілген жан санағының ресми қорытындысына жүгінсек, қазақтар республикадағы 16 199,2 мың халықтың 40,1 пайызын құрайтын. Ұлттық құлдыраудың мұндай көрсеткіштері әлемде соншалықты көп болмаған. Оқиғаны дұрыс бағамдау үшін көш үдерісін бірнеше кезеңдерге бөліп, талдап көрсетті көрнекті ғалым.
Зерделі әңгімесін аяқтай келе Зардыхан Қинаятұлы шетелдегі қазақ ағайындарды тығырыққа тіреп отырған мәселені де тілге тиек етті. 2011 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа Заңында кейбір ілгерілеушіліктермен бірге қателіктердің де кеткенін ашық айтты. Бұл заң азаматтық, меншік және басқадай заңдармен үйлестірілмегендіктің салдарынан қателіктерге ұшыраған. Мысалы, атажұртқа келемін деушілер және келіп алса да азаматтық ала алмай жүргендер үшін ендігі жерде бұрынғы тұрған елінің азаматтығынан біржола шығып келу немесе анықтама әкелу міндеттелген. Бұл БҰҰ Бас Ассамблеясы 1948 жылы 10 желтоқсанда қабылдаған «Адам құқығының жалпы ережелерін» былай қойғанда, азаматтардың конституциялық құқығына қайшы келеді. Сонда ҚХР, Моңғолия, Өзбекстан Республикасы өз азаматына «Бұл біздің елдің азаматтығынан шығарылды» деген анықтаманы қалай бермек?! Осыдан болып, әзірге квота және азаматтық алу мәселесі тоқтап тұр. Меніңше, осы мәселелерді реттемей қазақ көші көлікті бола алмайтын түрі бар…
Батыс Еуропадағы бірқатар елдерде қазақ диаспорасының өкілдері өмір сүріп келеді. Мұндағы қазақтардың алғашқы легі 1961 жылы Германия мен Түркия арасында қол қойылған «Еңбек миграциясы» туралы келісім шарт бойынша 1962 жылдан бастап Түркиядан Германияға қоныс аударған. Түркиямен сондай келісім-шарттар ол кезде еңбек күшіне мұқтаж басқа Еуропа елдерімен де жасалған. Сол еңбек миграциясы келісім-шарттары негізінде қазақтар Германияға қоса Швеция, Франция, Австрия, Норвегия, Дания және Швейцария сияқты елдерге көшіп барған. Сондай-ақ Түркиядағы қазақтардың өз беттерінше Голландия, Франция, Ұлыбритания және Австрия сияқты елдерге қоныс аударуымен толыға түскен.
Саясаттану ғылымдарының докторы, Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы Кесижи Абдулқаюм өзі басқарып отырған ұйымның жұмысына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Еуропа қазақтары қоғамдық ұйымдар құрып, солардың айналасына топтаса бастаған. 1980 жылдардың басында тұңғыш рет Германияда құрылған қазақ мәдениет қоғамдарының қатарына басқа Еуропа елдерінде құрылған қазақ қоғамдары да қосылған. Осы орталықтары өзара байланыстарын, жұмыстарын белгілі бір жүйеге келтіріп, үйлестіріп отыру мақсатына орай «Үйлестіру кеңестері» ұйымдастырылып сол арқылы бәрінің басын қосатын бір шаңырақ ұйым құруды қолға алған. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, Еуропадағы он қазақ қоғамы 2009 жылы ресми түрде «Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясын» құрған.
Қазірге дейін атқарылып отырған ізгі ниетті іс-әрекеттерге, шараларға қарамастан, Еуропа қазақтары арасында қазақ тілінің жағдайы жыл өткен сайын нашарлап бара жатқанын, әсіресе, жас буынның ана тілін мүлдем білмей, ұмыта бастағанын мойындауға мәжбүрміз, – дейді Кесижи Абдулқаюм, – Дегенмен, мұндай ұнамсыз беталысқа қарсы қол қусырып, жайбарақат отырған жайымыз жоқ. Мысалы, Лондон, Париж, Кельн, Мюнхен және Вестерос сияқты қалаларда курстар ұйымдастырылды. Аптасына бір рет оқытылатын қазақша үйрену курстарына қызығушылық көп болды. Өйткені, ол курстарға балалар, жастар, ересек кісілер де қатысады.
Еуропадағы қазақтардың ұлттық салт-дәстүрлерді қаншалықты сақтағандығына келетін болсақ, жағдай жаман емес. Құда түсу, қыз ұзату, үйлену тойлары, шілдехана, бесік той, тұсау кесу рәсімдері, азан шақырып, балаға ат қою дәстүрлері, баланы сүндетке отырғызу салты, қайтыс болған кісіге жетісін, қырқын беру, жыл айналғанда асын өткізу, ораза айында құран-хатым түсіру сияқты жоралғылар, салт-дәстүрлер азды-көпті өзгешеліктермен бұрынғысынша орындалып келеді. Конференцияда сөз алған филология ғылымдарының докторы Ислам Жеменей, тарих ғылымдарының докторы Серік Әжіғали, Ресей қазақтары ұлттық мәдени орталығының төрағасы, Ресей Федерациясы президенті жанындағы ұлтаралық қатынастар кеңесінің мүшесі Тоқтарбай Дүйсенбаев, өзбекстандық қоғам қайраткері Үсен Асқаров, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Дүйсен, философия ғылымдарының кандидаты Әлжан Қуаныш, философия ғылымдарының докторы Серік Нұрмұратов сияқты ғалымдар және қоғам қайраткерлері өз ойларымен ортақтасты.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Елбасының шынайы қолдауы мен қамқорлығының нәтижесінде қазақ диаспорасымен байланыс жасауды барынша нығайтып, жиырма жыл ішінде биік белестерге көтеріліп, айтарлықтай табысқа жеткені атап айтылды.
Конференция жұмысына Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров қатысты.
Бүгін М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына жиырма жыл толуына арналған салтанатты мерекелік шара өтеді.
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.