12 Қазан, 2012

ҚАЗАҚСТАНЫМ – ҚАРАШАҢЫРАҒЫМ!

585 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

ҚАЗАҚСТАНЫМ – ҚАРАШАҢЫРАҒЫМ!

Жұма, 12 қазан 2012 7:05

Біз талайы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. 

Бүгін Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдықмерейтойы аясында екі күнге созылатын мерекелік іс-шаралар басталып, «Ғылым ордасында» Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетініңқолдауымен «Мемлекеттік көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретіндеэтностық қазақтарды Қазақстанға бейімдеужетістіктермәселелер жәнеоны шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалықконференция өтедіЕртең бұл алқалы жиын шетелдік отандастардыңқатысуымен М.О.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драматеатрында «Атамекен және шетелдегі қазақ жастары» атты өнерфестиваліне ұласпақЕл Президентінің Алматыдағы резиденциясындаМемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед шетелдегі қазақ мәдениорталықтарының басшыларын қабылдайды деп күтілуде.

 

 

Жұма, 12 қазан 2012 7:05

Біз талайы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. 

Бүгін Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдықмерейтойы аясында екі күнге созылатын мерекелік іс-шаралар басталып, «Ғылым ордасында» Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетініңқолдауымен «Мемлекеттік көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретіндеэтностық қазақтарды Қазақстанға бейімдеужетістіктермәселелер жәнеоны шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалықконференция өтедіЕртең бұл алқалы жиын шетелдік отандастардыңқатысуымен М.О.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драматеатрында «Атамекен және шетелдегі қазақ жастары» атты өнерфестиваліне ұласпақЕл Президентінің Алматыдағы резиденциясындаМемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед шетелдегі қазақ мәдениорталықтарының басшыларын қабылдайды деп күтілуде.

Ұлт ұйысқан ұлы сәт

Уақап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қауымдастықтың құрылуына негіз болған әрі шеттегі қазақ­тарға тұңғыш мем­ле­кеттік сапар Түркиядан басталды десем артық айтқан­дық емес. Бұл 1991 жылғы 25 қазанда болып еді. Ыстамбұл әуежайындағы ресми қарсы алған топтан оңаша тұр­ған жүз жас­тағы Хамза Жақия­ұлы­ның (ту­ған жері – Қазақ­станның Зайсаны, кезген жері – Моң­ғолия, Шыңжаң, Шанхай, Гансу, Тибет, Үндістан, Пәкстан, Түр­кия) Пре­­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың  алақанын қос қолдап ұстап, үні күбірлеп, маң­дайына ұмсынып бара жатқаны көңілді бір тол­қытып жіберді. Әуежай алдын­дағы үлкен алаң құжынаған халық. Бәрі қазақ. Бізді көре сала шапалақ соғып, қол созып, ұрандап кетті. Әуе­жай есігінің алдындағы гүл газо­нының жие­гінде мүйізде­ріне қы­зыл жібек байлаған үш қошқарды көлде­нең тартып, үш жігіт тұр. Есіктен шыға берген Нұре­кеңді қауіпсіздік оғланда­рының қақ­пай­лауына қарама­с­тан, үш қазақ (Мәжит, Мәнсүр, Құлан­бай) қол­тығына кіріп, қаумалап, гүл­ді көгалжай жие­гіндегі мүйіз­деріне қызыл жібек байлаған үш қошқардың алдына әкелді.

– А, Құдай. Ақсарбас!

– Аумин. Бата беріңіз!

– Аллаһу акбар!

«А, Құдайлаған, Абылайла­ған, Алаш, Алаш, Ақжол!» деп ұран­даған, қазаққа қуат, патшаға парасат, ұлтқа рух тілеген ұран­дар мыңдардың үнімен ұлас­қан­да мидың мыңғы-дыңғысын шы­­ға­рып, жүректі жұлқынды­рып жі­бер­ді. Сілкінбеген сезім, тасы­маған тамыр жоқ. Тіпті, Алматыда азан естісе құлақтарын басып алатын біздің «құдайсыз» құр­дас­­тарымыз алақандарын ас­пан­ға жайып, анау мыңдармен бірге мінәжат етіп тұрды. Жүй­кесі бе­рік­тердің жүйкесін босатып, жү­регі жылылардың жанарына жас толтырған осынау ұлы тебіреніс менің әріптестерімнің есінде қан­ша қалғанын біл­меймін.

Ертесінде «Мәрмәра» мей­ман­­ханасының әдемі залында Түркия қазақтарымен кездесу болды.

– Ал, ағайындар, әңгіменің аузын ашайық, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Бұл біздің ресми емес, туыстық табысуымыз болсын.

Манаураған мұң, өкінген өк­сік, өзеуреген өтініш жоқ, сали­қалы сұхбат жүріп жатты. «Тә­уел­сіздік неге тез жарияланбайды?». «Сырттағы ағайындардан не күтесіз?», «Бар қазақтың басын құрап, ақыл қосатын кез жеткен жоқ па?», «Қос азамат­тық, бос­қындық, көші-қон қа­лай, қашан шешіледі?» деген сұрақтар туды.

– Сырттағы ағайындардан күтетініміз – бауырмалдық, береке, ұлттық біртұтастық. Сіз­дер­де бізде жоқ бірталай артық­шы­лықтар бар. Ол – сауда, іс­кер­лік, кәсіпке бейімділік. Аға­йын болып қайта орал, мейлі, бірлесіп кәсіп құр. Елім дейтін азамат­тардың көмекке келетін кезі жетті. Қазақстан азамат­тығын беру – менің ісім. Қос азаматтық, босқындық зерттеп, зерделеуді қажет етеді. Тәмам қазақты түгел көшіріп аламын дей алмаймын. Біртіндеп келе беріңіздер. Ал, бар ағайынның басын құрап, ақыл қосуға біз де асығып жүр­міз. Оған қам жасалып жатыр. Алла тағала алдымыздан ақ жол ашсын!..

Осыдан бастап, қазақ диас­порасының мәселесі мемлекет­тік заң аясына алынып, тәуел­сіз мемлекет құрудың қат-қабат шаруасымен қатар жүріп жатты. Сол жылғы қараша айының 18-і күні Қазақстан Үкіметі алыс-жақын шетелдерден келіп жұ­мыс істеуге тілек білдіруші ба­йырғы ұлт адамдарын Қазақ­станда орналастыру тәртібі туралы қаулы қабыл­дады.

16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздік туралы Конститу­ция­­лық Заңның 7-бабында қан­да­с­тарды қара шаңыраққа қайта оралту, оларға мемлекеттік қам­қорлық аса жылы сезіммен, ай­рық­ша айқын жазылды. Желтоқ­санның 30-ы күні Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ радиосы арқы­лы шетелдердегі ағайындарға сөз арнады. Ел тәуелсіздігімен құт­тықтады. Атамекенге ша­қыр­ды барша отандастарды.

1992 жылдың 26 маусымында отандастардың Қазақстанға кө­шіп келуі туралы 1991 жылғы қаулыны жетілдірген жаңа қарар алынды.

Құрылтай шақырудың дәл қарсаңында (23 қыркүйек. 1992 ж.) «Шетелдердегі қазақ диаспо­расының өкілдерін Қазақстанда болған кездерінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» арнайы қаулы қабылданды…

1992 жыл, 26 қыркүйек. Алматы әуежайы. Бірер сағат бұрын бастарында керей ты­мақ, бел­дерінде кемер белбеу, кісесіне күміс сапы іліп, иығына бұлғын салған үлкен-кішісі бар Моң­ғолия қазақтары ұшақтан «Елім-айлап» түсіп, Алатаудың бөктерін бір сіл­кіндіріп еді. Іле-шала келіп қонған «Түрік әуе жолдары» лайнерінен төгілген қалың қазақ траптан түсе, аға­йынға аман-сәлем жасамастан, атаме­кеннің қасиетті топырағын құ­шып жатты. Қолдарында кө­гілдір жалауша, төстерінде Қа­зақстан картасын бедерлеп құй­ған төсбелгі. Міне, енді үсте­рінде ақ жібек шапан, бастарында ақ сәлде, қол­дарында Құран, ауыздарында иман – Иран қазақ­тары түсіп жатыр.

1991 жылғы 29 қыркүйек. Дүниежүзі қазақтарының тұң­ғыш құрылтайында әлемнің 33 елінен келген 800 қандаста­рымыз отырды. Осы ұлы бас­қосуда Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы құ­­ры­лып, оның төр­аға­лығына Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев сайланды.

Ағайындар Арқаны аралады. Қазақ ұлысының керегесін кө­тер­ген Алаша ханның, Алтын Орда уығын шанышқан Жошы­ның зираттарына зиярат жасады. Түр­кістанға тәу етіп, Қожах­мет Ясауидың рухына хатым тү­сірді. Соңы Алматы облысының Дегерес жайлауындағы ұлы дү­бір тоймен тарады.

Бұл құбылыс Тәуелсіздік тарихына ұлт ұйысқан ұлы сәт және елдіктің ең алғашқы тойы болып жазылды.

Алматы.

 

Қазақстанмен мақтанамыз!

Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ,

Қытай Халық Республикасындағы ШҰАР Білім комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Достық» орденінің иегері.

Қазақстан қолына қайта алған тәуелсіздік жылдарында ерекше қарқынды даму үлгісін көрсетті. 20 жыл ішінде өзге елдер үшін одан да көп жылды қажет ететін ұзақ та табысты жолды басып өтті. Тиімді на­рықтық экономика құрды. Әлеуметтік мәселелердің көбі біртіндеп шешімін табуда.

Талай елмен салыстырсақ, Қа­зақстанның жетістігі – керемет зор табыс! Қазақстан мем­лекеті өзінің Ұлт көш­бас­шысы бастаған ұлы халқының арқа­сында көр­кейіп, әлемнің бар­лық еліне танылды. Осы ретте Қауым­дас­тық­тың және ол ты­ғыз байланыс ор­натқан қазақ диаспорасының ат­қарған рөлі де аса зор. Дү­ние­жүзі қа­зақ­тарының қауым­дастығы Қы­тай мен Қазақ­станның арасын­д­а­ғы достық­ты, мәдени байла­ныс­­ты, диаспорамен ба­рыс-келіс­ті жан­­­дандыруда көп жұмыс тындырып, өзі өтеуге тиісті мін­дет­тер­ді тыңғылықты атқарып келеді.

Қазір 7000-нан астам Қазақ­стан жастары Қытай жоғары оқу орындарында білім алуда. Олар­дың 2000-ға жуығы Бей­жіңде. Қазақстанда білім алып жатқан Қытайдағы қандастар да аз емес. Екі ел басшыла­ры­ның биылғы келісімі бойынша Қа­зақстанның мәдениет күн­дері 2013 жылы Қы­тайда, Қытайдың мәдениет күн­де­рі 2014 жылы Қазақстанда өтпек.

2011 жылғы Қазақстан хал­қына Жолдауында Президент Нұр­­­сұлтан Назарбаев: «Тәуел­сіздік – біздің басты жетіс­тігіміз, баға жетпес жеңісіміз. Тәуелсіз­дік алумен жас ел тарихында жа­ңа кезең басталды. Бұл жасампаз­дық, сенімді әрі серпінді даму кезеңі болды», деген еді. Рас айтады. Қазақ диаспорасын елге тартатын басты күш те осы басты жетістік, баға жетпес жеңіс – қай­та оралған тәуелсіздік. Елба­сы­ның «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», дегені де бар. Біз қазақ тілінің мемлекеттік мәрте­беге қарай ілгері басқан әр қада­мына қуана қараудамыз. Қазақ диаспорасын Қазақ­стан­ға қарай тартатын ең алып күш – осы екеуі.

 

Алыстағы ағайын хаты

Әбдірахман ШЕТИН,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының

Төралқа мүшесі (Германия).

Біз атажұрттан алыста жүр­сек те Қазақстанның жаңалық­тарынан үне­мі құлағдармыз. Бұл ретте ше­т­ел­дегі отандастарға арналған “Cas­pіo­net” телеарнасына рах­­ме­тіміз мол. Осы ар­қылы Еуропадағы бар­лық қазақтар атажұртта болып жатқан саяси, экономикалық, мәде­ни оқи­ғалардан хабардар болып, қуанып жатады.

Қай кезде болмасын өзіміздің қазақстандықтармен қанымызбен бірге жанымыз бен тілегіміз де бір екенін айтқым келеді. Мәселен, осы жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар алып шаһардағы қазақ ауылына жай­ғасты. Ел намысын қорғауға келген інілерімізге барып сәлем беруді, олардың жанында болып қолдау көрсетуді парызым деп білген әрбір Еуропа қазағы сол жаққа қарай атбасын бұрды. Ол жерге күллі Еуропа, соның ішінде Германия, Швеция, Франция, Австрия мем­лекет­терінен қазақ жас­тары жиналды. Біздің қазақ жас­тары олимпиа­дашылардың ал­ғаш­қы жеңістеріне, қуанышты көз жастарына, өкініш­теріне, батыр­лық­тарына куә болды. Ойынның ал­ғашқы күні Қазақ­станның көк байрағы көкке көте­рілген кезде бізді мақтаныш кер­неді. Бәріміз: «Бұл – қазақтың байрағы, менің байрағым!» деп жар салдық сү­йіншілеп тұрып.

Мұндай мерейлену Еуропа қазақтарының құрылтайы кезінде, сонау 2008 жылы Парижде өткен айтыс кезінде де болғаны есімде. Еуропа қазақтары осындай шара­лардың басы-қасында жүрген­де­рін мәртебе тұтады, сондай-ақ жыл сайын Қазақстанға баруға да асығады. Оған, әрине, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жыл сайынғы басқосуы себеп. Әлем­дегі қазақ атаулыны бір атажұрт­тың шекарасына өтуге ықпал ете­тін Қа­уымдастық – күллі қазақтың қара шаңырағы.

Биыл да сондай торқалы той жыл сайынғы дәстүр бойынша Данияның Аархус қаласында өтті. Бұл жолы біздің Кіші құ­рылтайға Қазақстанның «Самұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қаржылай демеушілік жасап, ағайынның ар­қасына түсетін ауыр жүктің біраз бөлігін көтеріп алды. Осы қордың тізгінін ұс­таған азамат­тарымызға Қауым­дас­­тықтың торқалы тойы үстінде алғыс айтуды жөн көріп отырмын. Алдағы уақытта да Қа­зақ­стан тарапынан осындай де­меу­шілік танытушылар игі іске мұ­рын­­дық болады деген үмітіміз бар.

Біз, Еуропа қазақтары, жанымызбен, жүрегімізбен Қазақстан үшін болысамыз. Әрдайым елдің жетістігі мен жеңісіне қуанамыз. Қауымдастықтың 20 жылдық мерейтойы құтты болсын, ағайын!

 

Оралмандар – еңбек қоғамында

Базарбай ИМАНОВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының

Ақтөбе облысы филиалының төрағасы.

Ақтөбе облысына 2002 жылы отбасыммен көшіп келіп қоныс­тандым. 2005 жылғы III құрыл­тайға, 2011 жылғы IV құрыл­тайға делегат ретінде қатыстым.

Президенттің тапсырмасымен 2008 жылы желтоқсанда Қазақ­стан Үкіметінің «Нұрлы көш» бағдарламасы жасалды. Бауырларымызды құшақ жая қарсы алған еліміздің бірден-бір өңірі Ақтөбе облысы болды. Бұл өңірде тә­уелсіздік жылдарында Өзбек­с­таннан 31 857 адам, Ресейден 2777 адам, Түркіменс­та­н­­­­нан 2356 адам, Моңғолиядан 3098 адам, Қытайдан 701 адам, Ираннан 46 адам, Тәжікстаннан 33 адам, Қырғызстаннан 23 адам –бар­лы­ғы 8178 отбасы, 40 891 адам ке­ліп қоныстанды.

Мемлекеттік және өңірлік «Нұр­лы көш» бағдарламасы­ның жүзеге асырылуына сәйкес Хромтау ауданы, Көктау ауылында 2010-2011 жылдары жал­пы сомасы 1 256 981,6 мың.тең­геге (300 пәтер, әрбі­реуі 4 238,6 мың. тең­геден) 75 төрт пәтерлі тұрғын үй салынды. Әрбір 4 пәтерлі тұрғын үй­ге жалпы аумағы 40 сотық жер телімі (бір отбасыға 10 сотық) беріліп, абат­танды­рылды. Бар­лық үйлер­ге электр қуаты, жылу-газ, су құ­быры және ағын-су құбырлары тартылды. Ауылда 600 орындық мектеп және ин­женерлік-ком­муника­ция­лық инфрақұрылым қатарға қосылды.

Елбасымыздың «Қазақстан­ның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақа­ла­сына орай Отанға оралған қан­дас­тары­мыздың еңбек тынысын, елді дамытудағы үлестерін, же­тіс­тік­те­рін сарапқа салу мақ­сатында Қауымдастықтың об­лыс­тық филиалы мен облыс әкімшілігі бір­лесіп Ақтөбе қа­ласында қыр­күйектің 14-і күні аймақтық «Жал­­­пыға ортақ еңбек қоғамына қандастарымыздың қарышты қадамы» атты конференция өткізді. Конференцияда Ақтөбе облысының әкімі А.Мұ­хам­бетов және Қауымдастық төр­ағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев баяндама жасады. Батыс Қазақстан, Атырау, Маң­ғыстау облыстарынан келген делегаттар жарыссөзге шы­ғып, сөз сөйлеп, нақты ұсыныс­тар айтып, алдағы міндеттер мен мақсаттарды ортаға салды.

Көп балалы оралман ана Дүр­дан Мұстафаева Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың Жар­лы­­ғымен «Алтын алқа» мем­лекет­тік марапатына ие болды. Сон­дай-ақ «Жұ­мыспен қамту – 2020» бағ­дарламасы негізінде орал­ман Қа­рабалиева, Құсна­заров және Қа­рабаев отбасыларына пәтер сертификаттары тапсырылды.

«Кеңес дәуірінде қазақтар республиканың өзінде 40 пайызды ғана құраған еді. Бүгінде елімізде қазақтар үлесі 65 па­йызға жетті.

 

Қайда жүрсек те – қазақпыз

Шынай РАХМЕТҰЛЫ,

ақын, жазушы (Моңғолия).

Моңғолия жерінде тұратын қазақтармен саяхатшы-ғалым Григорий Потанин 1876 жылы жолығыпты. 1924 жылы Моңғолия елінің тұңғыш Ата заңын бекітіп, рес­публика мәртебесін баянды етіп, астанасын белгілеген алғашқы құрылтайын басқарып өткізуге Мәскеуден жіберілген Тұрар Рысқұлов осы жердің қиыр баты­сындағы қазақ уәлаятының өкілі болып қатысқан Дә­уітбай Таудан­бекұлымен жүздесіп, әңгімелесіпті. Мұн­дағы қандас­тарымыздың 1920-1930 жылдары кеңестік Қазақстан­мен жалғаса бастағандығы ұлттық құндылық­тарын сақтап қалуға шешуші ықпалын тигізді.

Тағдыр тепкінімен жер шарының сан тарабына бытырап кетіп «көзі мөлдіреген» қандастарымыз Алла қолдап, Қазақстан Президенті, Дүниежүзі қазақтары­ қауымдастығының Төрағасы, әлемдік біртуар саясаткер Н.Ә.Назарбаевтың ұлтжанды кемең­гер­лігінің шарапатымен 90-жылдардың басынан тарихи Ота­нымызға қоныс аудара бастады. Егемен Қазақ елінің барыстай қарымды, қарышты дамуына, атамекен топырағына оралып, орналасқан ағайын­дардың алаң­сыз­дығына, осы ұлы іске ұйытқы болған Қауым­дастықтың жанқиярлық қызметіне, Қазақстан мемле­кетінің біздерге деген жан-жақты көмектеріне разымыз. Тек қана онда барған жерлестеріміз «пәлен елде өсіп-өнген қазақ» дегізіп ат ататып, сүйек сындырмай, Отанына адал, абыройлы болса екен-ау деп тілейміз.

Қазақ баласы қайда жүрсек те Қазақстанды Отанымыз деп біліп, өзімізді Қазақстан азаматы санаймыз. Бұл шетелде жүрген қандастарымыздың баршасына ортақ жүрекжарды сөз. Ұлттық асыл қасиеттерімізді тарих кешулерінен аман алып өтіп бүгінге жеттік. Бұл жақта білім, мамандық алған жас буындардың үлкен легі атамекенге барып орын тепті, Қазақстанда білім игергендер тарихи Отанымызда қалуда. Менің біраз жерлестерім зерттеу еңбектерімен ғылымға, қаламдас­тарым ұлттық әде­биетімізге тамшыдай болса да үлес қосты, моңғол әде­биетін қазақ оқырмандарына таныстырды. Қазақ әдебие­тінің таңдаулы көптеген үлгіле­рін тәржімалау арқылы ұлтымыздың ұлылығын моң­ғол жұртына  танытқан  Ш.Жәмлиха, О.Қаһар, Ж.Хайрулла, Х.Жүкел қатарлы жер­лестеріміз өз талантын ұлт мүддесіне арнады.

Қазақ диаспоралары ортасындағы мәдени орталық­тардың ілкімді жұмыстары сан мыңдаған қандас­тарымыздан қолдау табуда. Менің өз еңбегім де еш кетпеді деп есептеймін. Себебі, маған берілген атақ «Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер» болғанымен де менің қырық жылғы еңбегім қазақ мәдениетінің еншісінде. Ұлтыма әлі де қызмет етуге пейілдімін.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жыл­дық мерейтойына бір ұсынысымды айта кеткім келеді. Былтыр Астанада өткен ІV Құрылтайда Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев: «Шетелдерде өтетін кіші құрыл­тайларды қол­даймыз, оған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» қолдау көрсетеді», – деген болатын. Еуропадағы Кіші құрыл­тайлар сияқты, Моң­ғолия қазақтарының да Кіші құрыл­тайы жылда өткі­зіліп тұрса, оған «Самұрық-Қазына» қоры қолдау көрсетсе деген тілегімді жеткіземін.

Баршамыздың ең ізгі тілегіміз – егеменді елімізді сақтайық, мейлі қайда нендей күйде жүрсек те ұлттық тәуелсіздігіміздің қырағы қарауылы бола білейік!

Мерейтой құтты болсын, ағайын!

Беттің материалдарын әзірлеген Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».