Аймақтар • 06 Ақпан, 2019

Ақжайық өңіріндегі музейлер

2568 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары бірнеше музей жаңадан ашылды. Бұрын мүлдем музейі болмаған аудан орталықтары жедел осы іске кірісті. Тіпті Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көрген соң көп ұзамай Орал қаласында «Рухани жаңғыру» музейі пайда болды.

Ақжайық өңіріндегі музейлер

– Біздің өңірде музей қозға­лысы­ның жандануына дәл осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы серпін берді. Еліміз бойынша тұң­ғыш рет Орал қаласында осы аттас музей аштық. Біздің «Ру­хани жаңғыру» музейіміз қа­зір­­дің өзінде облыстың мә­дени өмірінен өз орнын тауып үлгерді. Көрермені көп, көр­сет­кіші жақсы, – дейді Батыс Қа­­зақстан облыстық тарихи-өл­ке­тану музейінің директоры Мир­болат Ерсаев.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін жергілікті музейлердің де екінші тынысы ашылып, жаңа бастамалар туындаған. Биыл Орал музейі Ресей Федерациясының Мәскеу, Орынбор, Уфа, т.б. қалалардағы архивтермен әріптестік байла­нысын жалғастыруға ниет­ті.­ Осы жылы Қазақстан Рес­пуб­­лика­сының Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Ұлт та­рихын­дағы кеңістік пен уақыт» бағытының «Ұлы ­даладағы ежелгі металлургия», «Аң сти­лі», «Атқа міну мәдениеті» тар­мақ­­тары бойынша Ақжайық өңірінің археологиялық алтын бұйымдарындағы аң стилі және Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музей қорындағы ат әбзелдері жиынтығын каталогтарын шығару жоспарланған. Ресей Федерациясының шекаралас бес облысында жылжымалы көрмелер ұйым­дастырылмақ. 

Батыс Қазақстан облысында бүгінде 22 музей бар. Олардың көп­шілігі, яғни 17 музей бір орта­лыққа қарайды, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану му­зейінің филиалы болып тіркел­ген. Еліміздегі жаңа тәртіп бо­­йын­ша өңірлердегі, аудан-ауыл­­дар­дағы шағын музейлер об­лыстық музейдің құрамына топтастырылып жатыр екен.

«Бұдан ол музейлер жапа шекпейді. Керісінше қаржылан­дыру мәселесі шешіліп, кәсіби тұр­ғыдан да күшейеді», дейді Мирболат Ерсаев.

Тарихи ғимарат тартып тұрады

Орал қаласындағы Батыс Қа­зақ­стан облыстық тарихи-өлке­тану музейі еліміз бойынша ең көне музейдің бірі саналады. Оның тарихы 1832 жылдан бас­тау алады. Бүгінде музей қорында филиалдарымен қоса алғанда 193 186 жәдігер сақ­тау­лы. 

– Біз жақында 2018 жылдың қоры­­тындысын шығардық. Бір жыл ішінде біздің үлкен ұжым 118 455 келушіні қабылдап, 7793 мәр­те экскурсия өткі­зіпті. Одан бөлек жоспарлы түрде ұйым­дас­тырған 500-ге жуық мәдени шарамыз, 336 көрмеміз, 260 дәріс тағы бар, – дейді музей директоры.

Облыстық музей ХІХ ғасыр­дың ескерткіші – орыс-қазақ қолөнер мек­­те­бінің ерекше әсем ғимаратына орна­ласқан. Жал­пы, Жайық жағасындағы кө­не шаһардың өзі тарихи орын, қастерлі үйлерге толы. Мысалы, батыр қыз Мәншүк Мәметованың мұражайы оның әкесі Ахмет Мәметов тұрған үйде орын тепкен. Емельян Пугачев, Пушкин му­зейлері де осы тұлғалардың табаны ти­ген тарихи ғимараттарда тұр. Сәкен Ғұмаровтың музейі орналасқан шағын үй де сурет­шінің шеберханасы болған еді. Жымпитыдағы Алашорда музейі, Хан Ордасындағы Бөкей ордасы тарихи кешені де ғасырдың ғаламат оқиғалары өткен киелі шаңырақтар. Осының өзі бұл музейлердің бәсін биіктетіп, ке­лу­­шінің көңіліне ерекше әсер сый­­лайды. 

Жаңа музейлерде жаңалық көп

Соңғы бірер жылдың өзін­­­­де Жаңа­қала, Қазталов, Шың­ғырлау, Бәйтерек аудандарында жаңа өлкетану музейі ашылды. Теректі ауданында жаңа музей ашу­ға дайындық қызу жүріп жа­тыр. 

Бір қызығы, Кеңес өкіметі кезінде әр өңірдің жергілікті тарихын, әсіресе қазақ ұлтының өткенін баяндайтын жәдігерлер мүлдем насихатталмаған екен.­ Оралда Пугачев, Чапаев ауы­­лын­да Василий Чапаев, Дариян­да Шолохов музейі ғана жұ­мыс істеген. Ал жоғарыдағы Шың­­­­­­ғырлау, Теректі, Бәйтерек (бұ­рынғы Зеленов), Тасқала аудан­дарында мүлдем музей бол­ма­ған. Осыған қарап-ақ кеңестік идео­логияның қазақ жерінің те­рең тарихын тануға мүлдем ықы­лассыз болғанын көруге болады.

Мысалы, Шыңғырлауда аудан­­­дық тарихи-өлкетану му­зейі­нің ашылғанына бір жыл ға­на уақыт болды. Шынтуайтына кел­генде бұл топырақта сонау сақ-сармат заманындағы кө­не қорғандардан бастап, одан бер­гі Қазақ хандығы мен тарихи тұлғалардың ізі әлі сайрап жатыр. Бірақ өңірде 1960 жылдардан бері археологиялық қазба жұмыстары жүргізілгенмен, бір­де-бір жәдігер тарихи ота­нын­да қалмаған. Әрісі Мәскеу, бе­рісі облыс орталығына кетіп отыр­­ған. Шыңғырлау музейінің ди­ректоры Тілеген Қалиев осы музейді жасақтаған кезде құнды жәдігерлерді қайтара алмай қи­нал­­ғанын айтады. 

Тәуелсіздіктің арқасында дү­ниеге келіп жатқан жаңа музей­лердің негізгі лейтмотиві – ел мен жер, тәуелсіздік тарихы екендігі түсінікті жайт. Бұл жерге келген адам Ұлы дала тарихын, оның жар­қын дәстүрлерін, азаттық жо­лында күрескен тұлғаларының тағы­лымды ғұмырын көреді. 

Әр істі алға сүйрейтін – адам

Музей ісі жан-тәнімен беріл­генді сүйе­ді. Батыс Қазақстан облысындағы түр­лі музейлердің тарихына қарап отыр­саңыз, олар­дың дамып қалыпта­суына жекелеген тұлғалардың өлшеусіз ең­бек сіңіргенін байқайсыз.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейін көп жыл басқарған, бүгінде зейнет демалысына шықса да қатардан қалмаған, өңір тарихы, музей жәдігерлері туралы таңды таңға ұрып әңгіме айтуға бар Сара Тана­баева апайды жерлестері «Орал­дың Музей-апасы» деп атайды.

Бөкей Ордадағы бірнеше тарихи ғима­раттың басын қосқан үлкен кешен­нің қалыптасуына бүкіл өмірін арнаған Темірболат Махимов пен Көктерек ауыл­дық музейін тақыр жерден құ­рып, облысқа әйгілі мәдениет оша­­ғына айналдырып кеткен Төлеген Сейіткереевті батыс­қазақ­стан­дықтар мақтаныш тұтады. Бұл кісілер өмірден өткенімен, олар­дың ісін ұрпақтары Ғайса Темір­болатұлы мен Жайсаң Тө­ле­ген­ұлы жалғастырып, аталған музей­лерді басқарып отыр. 

Өз ауылында тарихи-өлкетану музейін ашу үшін 7,5 млн теңге қаржысын жұмсаған ақпәтерлік Кәрім Өтеғұлов ағамыз туралы «Егемен Қазақстан» газеті ар­найы мақала арнаған болатын (https://www.egemen.kz/article/161674-tughan-zherin-tulet­ken).

Күні бүгін ғұмырын музей ісіне арнап, білек сыбана кіріскен өлкетанушы Аманжол Сәлімов пен Жәнібек Әбілпейісовті ерекше бөліп айтуға болады. Мысалы, Аманжол ағаның жеке қорында 1 мыңға жуық құнды жәдігер бар. Жоғарыда айтылған Теректі аудандық тарихи-өлкетану му­зейін жасақтауды қолға алған Аман­жол Саясатұлынан мамандар көп үміт күтіп отыр.

Ал қарапайым мектеп мұға­лімі Жәнібек Әбілпейісов Ақ­жайық ауданы Алмалы ауылдық округіне қарасты Атамекен ауылында «Жерұйық» мұражайын жасақтап, алыс-жақын жерлес­теріне танымал болып үлгерді. Бұл музей, әсіресе «Бес қару» экс­позициясымен әйгілі. Қазақ баты­рының қару-жарағын Жәні­бек­ түрлі шеберге тапсырыс бе­ріп, өз қаржысына жасатқан. Ал торғайкөз кіреуке сауытты оқу­­­­­­шы­­ларымен бірге өзі тоқып шы­­­ғыпты. 

Айтпақшы, Қазталов ауданына қарасты Қошанкөл ауы­­лында еліміздегі тұңғыш жыл­қы музейін ашқан ауылдық ақса­қалдар кеңесінің төрағасы, ат бап­­кері Меңдіхан Халықұлының ең­бегі де өз алдына бір бөлек әңгіме.

Жаңа ереженің талабы қатал

– Қошанкөлдегі жылқы му­зейін ашар кезде біз Меңдіхан ағаға барынша қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесімізді аямадық, – дей­ді Батыс Қазақстан облыстық тари­хи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев. – Әрине шағын елді мекенде музей ашып, оны тұрақты ұстап отыру ауылдықтар үшін өте қиын. Олар бұл мекемені облыстық музей өз қолтығына алып, филиалы ретінде ұстағанын қалайды. Бірақ елімізде қабылданған Музей туралы заңға сәйкес, жаңа музей ашу­дың талаптары бар. Яғни, музей кемінде 5 мың тұрғыны бар елді мекенде ашылуы және он­дағы жәдігер саны 1 мыңнан аз болмауы тиіс. 

Қошанкөлдегі жылқы музейі де, Атамекендегі «Жерұйық» му­зейі де бұл талаптың үдесінен шы­ға алмайды. Сондықтан олар әзірге өз қотырын өзі қасуға мәж­­­­бүр. 

– Меңдіхан аға Қошанкөлде шаруа қожалығын ұстап, жылқы өсірумен, қымыз өндірумен ай­­­­­­­налысып отыр. «Сәйгүлік» му­зейінің бір ерекшелігі – мұнда балаларды, мектеп оқушыларын, әсіресе сал ауруына шалдыққан сәбилерді атқа мінгізіп, иппотерапиямен емдеуді жолға қойғысы келеді. Қазталов ауданы әкімдігі де бұл іске барынша жанашыр болып қолдап отыр, – дейді Мирболат Ерсаев. 

XVIII-XX ғасырлардағы казачество бекінісі болған, Сырым батыр, Махамбет Өтемісұлы қамал­ған абақтысымен әйгілі бұрынғы Антоново, қазіргі Атамекен ауы­­лында тарихи ғимаратқа ор­наласқан «Жерұйық» музейіне де жергі­лікті билік орындарының қам­қор­лығы қажет-ақ. Өйткені музей ғимаратының төбесі әбден тозған, жауын-шашын болса, ш­а­тырдан су кетеді. Құнды жәді­герлер бүлінеді. Ақжайық ауда­ны әкімдігі ғимараттың шатырын жөндеуге қаржы бөлуге уә­де бергенімен, оны орындауға асығар емес. 

Сақтық пен тәртіп маңызды

Сонда қалай, халық саны 5 мың­ға жетпейтін ауылдарда музей ашуға болмай ма?!

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің дирек­торы қызметіне қоса Халық­аралық музейлер кеңесі (ICOM) Қазақстандағы өкілдігінің вице-президенті міндетін атқарып жүр­ген Мирболат Бижанұлы ауыл мектептері жанынан ашылған мектептердің болашағы зор деп санайды. Бірақ бұл істе кейбір мәселелерді ескеру керек.

Елімізде «Қазақстан Респуб­лика­сын­дағы білім беру меке­ме­лерінде жұмыс істейтін музей­лердің ережелері» бекітілген. Ережеде мектеп музейінің жұмы­сының мазмұны мен түрі, басқару және ұйымдастыру жүйесі, қорды сақтау және есепке алуды қамтамасыз ету түрлері ашып көрсетілген. Және мұнда мектеп музейлері тарихи-өлкетану, экологиялық бағытта бола алатыны да аталған.

– Алайда көптеген мектеп му­зей­лерінде жиналған жәді­герлер мен оның сақталым жүйе­сі жалпы музейлердегі зат­тар сақталымы бойынша Не­гізгі ережеге сай емес. Мәсе­лен, археологиялық са­ла бойынша табылған заттар: қыш құмыралар, сынықтары, жебе ұш­тары, мамонттың тісі, қару-жарақ түрлері сияқты құн­дылықтар мектеп музейінде бала қолына ұстатпас бұрын зерттеу мен зерделеуден өтуі керек. Мы­салы, облыстық музейдің археологиялық залындағы әрбір экспонат бізге «Батыс Қазақстан облыстық археология орталығы» арқылы түседі. Ғалымдар оны зерттейді, зерделейді, қоюға болатын археологиялық заттарды ғана музей қорына тапсырады. Содан кейін ғана ол экспозицияға шығарылады, оның өзінде жабық витрина астынан көрсетіледі. Музей ішін бірқалыпты температурада сақтауға әрқашан көңіл бөлініп отыруы керек. Қыста +10 градустан төмен, ал жазда 25 градустан жоғары болмауы керек. Түрлі кеміргіштерден, шаң­нан сақтауға үлкен мән беріліп отырады. Шаңды жұмсақ тері щеткамен сүртіп отыру қа­жет. Түрлі кеміргіштерден қор­ғану үшін арнайы құралдар қол­да­нылады. Тағы бір мәселе, мек­­теп музейінде қарудың неше түр­­лі бөліктерін кездестіруге болады. Ал музей заттарының сақ­­та­лым тәртібі бойынша садақ, қы­лыш, мылтық түрлері міндетті түр­де дабыл қосылғыш астында сақ­талуы қажет. Сигнализациясы жоқ жерде оларды қойып, көр­се­туге болмайды, – дейді Мир­болат Ерсаев.

Мектеп музейінің мүмкіндігі

Сонда мектеп музейлері қан­дай бағытта болуы мүмкін? – де­ген ой туары анық. «Қазір әр аудан­­да сол өңірдің табиғаты, тарихы туралы баян ететін тарихи-өлке­тану музейлері бар. Әр мектеп өлкеге қатысты жинаған жә­ді­герлерін сол ауданның музейі­не табыс етсе, онда бүкіл аудан тұрғындарына көру мүмкіндігін берер еді», деп санайды Мирболат Бижанұлы.

Облыстық музей басшысы мектеп музейі өлкеге қатысты ма­те­риалдық емес мұра жинау­мен айналысқаны жөн деп са­найды. Материалдық емес мұ­раға аңыздар, мақал-мәтелдер, ер­тегілер, қиссалар, тұлғалар туралы әңгімелер жатады. «Көнекөз қариялар аузынан жазып алған деректерді мектеп музейі арқылы жинақ етіп шығарса қандай ға­нибет!» дейді ол.

Мектеп музейі ең алдымен­ мек­теп тарихын жинап сақ­тау үшін құрылуы қажет. Өйткені әр мектептің өзіне тән тарихы, қызықты шежіресі бар. 

Міне, бәзбіреуге тозығы же­тіп, тот басқан көне жәдігерлер жиын­­тығы сияқты көрінетін музей ісінің осындай сан-салалы міндеті мен жауапкершілігі бар. Батыс Қазақстан облысында музейлердің саны ғана емес, сапасы да көтеріліп келеді. «Музей – қорда бар жәдігерлерді жұртқа көрсетіп отыратын ғана мекеме емес, ол ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарымен де айналысуы керек», бұл Батыс Қазақстан облыс­тық тарихи-өлкетану музейі бас­шысының ұстанған пікірі. 

«Егер сіз көне дәуірлерден басталған бабалар тарихын баян етер маңызды дүниелер мен құн­­ды деректерді өз көзіңіз­бен кө­­ріп, қолыңызбен ұстап, сол дәуірге саяхат жасап, ерекше әсер алып, қажетті мәліметтерді кө­­­ңі­ліңізге тоқығыңыз келсе, му­зейге келіңіз», дейді батыс­қа­­зақ­стандық музей қызмет­кер­лері. 

Иә, музейде өткен әр мину­тыңыз мағыналы болатыны сөз­сіз.

­Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы