Президент сондай-ақ әр Жолдауында басты назардағы мәселе ретінде «Еліміздің ертеңгі болашағы – ұстаздардың қолында» деп ел ұстаздарына сенім артып отырады. Ол сенімге жету, яғни, өркениетті елдер қатарынан көріну үшін, заман талабына сай білім қажет екені білгілі.
Қай елдің де өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орнын алуы ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – қазіргі уақыттың басты талабы. Әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалімнің рөлі ерекше.
Бүгінде ұстаз алдына қойылатын талап ерекше. Сондықтан мұғалім әрдайым ізденіп, білімін жетілдіріп, жаңалыққа әуес болуға тиіс. Ғылым мен білімге қояр талап артып, оқу жүйесі де күрделенген шақта жаңа қоғам мұғаліміне жүктелер жұмыс еселене түспек. Білім беру мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды.
Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс істей білуге баулу. Жаңа білім беру бағдарламасы сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықты қолдана білуге және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті оқыту әдіс – тәсілдерін үйретеді.
Елбасымыз ұсынып отырған қазіргі ғаламдық жаңартулар мен заманауи өзгерістер шеңберіндегі білім берудің мақсаты – әлемдік сапа деңгейіндегі жаңа инновациялық білім кеңістігін кұру және жас ұрпақты абсолюттік жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде адамгершілікке тәрбиелеу. Қоғамдық қажеттілік пен тарихи кезең жүктеп отырған бұл мақсаттың жүзеге асырылуы білім алушылардың өзіндік ұлттық санасы, азаматтық айқындамасы, интеллектуалдық ой-өрісі, жауапкершілік сезімі, жалпы мәдениеті және шығармашылық қабілеттеріне байланысты екендігі сөзсіз.
Бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгеруге назар аударылып, жан-жақты жол ашылып отыр. «Келешекке кемел біліммен» деп Елбасы Н.Назарбаев ұстаным еткендей, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр. Сондай-ақ үштілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар баспалдақтардың бірі. Осы орайда мектебімізде семинарлар, түрлі коучингтер, жарыс сабақтары өткізіліп отыратындығын айта кеткеніміз жөн.
Негізінен оқу мен білімдегі тың серпілістердің мақсаты – ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында, яғни мұғалімдер алдындағы үлкен міндет ғылым мен техниканың дамуына сәйкес оқушының білімі терең, ойы ұшқыр, қабілетті, әлемдік стандарт деңгейінде жұмыс істей алатын, құзырлы тұлғаны қалыптастыру болуы керек. Осы тұрғыда мұғалім үздіксіз ізденісте жүруі тиіс.
Қарлығаш ҚАРАБАСОВА,
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы