Қоғам • 06 Ақпан, 2019

Үсік шалғанда не істеу керек

6293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы үсіктен сақтану бойынша кеңес берді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Үсік шалғанда не істеу керек

Үсік шалған кездегі алғашқы көмек. Ең алдымен, үсік шалу белгілері бар науқасты жылы жайға жеткізіп, аяқ киімін, шұлығын және қолғабын шешу керек. Дереу жедел жәрдем шақырту қажет. І дәрежелі үсік шалғанда үсіген тері қабатын қызарғанша жылы алақанмен жылытып, уқалау қажет, жүн матамен, демнің жылуымен жылытып, соңынан мақта-дәкемен таңады. Зардап шеккен жанға ыстық ас, ыстық шай беруге болады. Және аспирин мен анальгин берген жөн ол қан тамырларын үлкейтіп қанның жүруін жақсартады.

Науқасты жылыту мақсатында ішімдіктер беруге, сонымен қатар, үсуге ұшыраған тері аумақтарын интенсивті түрде қармен, маймен, спиртті ерітінділерімен уқалауға мүлдем болмайды. Үсіген адамды алдын ала жылы температурада жылытып алмай, ыстық сулы ваннаға салуды әрекет етпеңіз. Науқасты жылыту мақсатында лаулап тұрған отты пайдалануға тыйым салынған. ІІ-ІV дәрежелі үсік шалғанда тез жылыту, массаж немесе уқалау жасаудың қажеті жоқ. Зақымдалған жерге жылу шығармайтын дәке таңу қажет (қабатталған мата, қалың мақта қабаты, тағы да мата, үстінен клеенка немесе резеңке мата).Сол себепті де бірден жедел жәрдем шақырыңыз.

Көбінесе қорғалмаған қол, бет, құлақ үсікке шалынады. «Үсіктен қорғану мақсатында кең және жылы киінген жөн. Аяқ киім кең болғаны жақсы, егер бақайларыңыз аяқкиім басына тиіп тұрса, ауа айналмайды да, аяғыңыз тоңып, үсіп кетуі мүмкін. Және су өткізбейтін, табаны қалың аяқ киім киген абзал. Аязда темір, күміс, алтын әшекейлер тақпаған дұрыс. Құлақ пен бетіңізді міндетті түрде жауып жүріңіз. Мұрын тез тоңып, үсіп кетуі мүмкін. Қатты суықта тек мұрынмен демалыңыз» деп кеңес береді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы. 

Ішімдік ішпеңіз, ол дене жылығандай әсер етеді, бірақ олай емес. Дұрыс тамақтанған жөн. Ас жылу береді. Тоңсаңыз, ыстық шай ішіңіз немесе ыстық ас ішіңіз. Темекі тартпаңыз, әсіресе, аязды күні. Темекі қан айналымын нашарлатады.