Қазақтың келіні – Ляна
Жұма, 5 қазан 2012 7:21
Біз өзі қызық халықпыз. Қазақтың қыздары өзге ұлт өкілдеріне, тіпті шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатыр деп кәдімгідей қынжыламыз. Бұл қынжылысымыз орынсыз емес, әрине. Өйткені, жүрекке әмір жүрмейді дегенімізбен одан ұлтымыздың саны өспейді. Керісінше, сәл де болса кеми түседі. Қалай десек те, мұндай үрдіс кездесіп тұрады. Мүмкін, өмір болған соң тағдырдың өзі солай жазатын да шығар. Оған не істерсің?! Бақытын тапқанына шүкіршілік етеміз де.
Жұма, 5 қазан 2012 7:21
Біз өзі қызық халықпыз. Қазақтың қыздары өзге ұлт өкілдеріне, тіпті шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатыр деп кәдімгідей қынжыламыз. Бұл қынжылысымыз орынсыз емес, әрине. Өйткені, жүрекке әмір жүрмейді дегенімізбен одан ұлтымыздың саны өспейді. Керісінше, сәл де болса кеми түседі. Қалай десек те, мұндай үрдіс кездесіп тұрады. Мүмкін, өмір болған соң тағдырдың өзі солай жазатын да шығар. Оған не істерсің?! Бақытын тапқанына шүкіршілік етеміз де.
Сонымен бір мезгілде, өзге ұлт өкілдерінің, атап айтқанда орыс, украин, неміс, кәріс, татар қыздарының қазаққа келін болып түсіп жатқан көріністері де жиі кездеседі. Мұның өзін халқымыз үшін теріс емес, жағымды, оң үрдіс деп қарастыруға болатын секілді. Осылай санағымыз келетін себебі, ол келіндер мемлекет құраушы ұлттың ұрпағын өсіретін адами және аналық ізгі миссияны атқаратынында. Әрі өмір мен тұрмыста мұндай некелердің көп жағдайларда берік болатыны да байқалып жүр. Ал мұндай сүйіспеншілік сезім жөнінде жұмған аузымызды аша бермейміз. Әңгімеміздің басында айтылғандай, қызық екеніміздің басты мәнісі де осында.
Расында да осындай терең сезім мен махаббат иелері жөнінде неге айтпасқа, неге жазбасқа. Халқымыздың арғы-бергі тарихында қазаққа келін болып түсіп, қазақтың ұрпағын өсіріп, ежелгі салт-дәстүрін дәріптеуге өз үлестерін қосқан аналар аз емес. Сәл әріректен қозғасақ, есімі елге танымал айтыскер ақын Надежда Лушникованы мысалға келтіре аламыз. Сәл берірек келсек, өзін қазақтың келіні екенін әркез мақтан тұтып жүретін Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенконың есімі ойға орала береді. Бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері кәріс қызы, қазақтың келіні, Ақжайық елінің алғысын арқалап жүрген іскер әйел Ляна Тұрсынованы да дәл осы қатарға қосуға болады.
Сөзі мен ісінің арасында алшақтық болып көрмеген Лянамен кездесіп әңгімелесіп, пікірлесудің өзі бір ғанибет. Адам өзінің ішкі сырын кез келген жанға жария жасай бермейді. Дегенмен, қойған сауалымызға ақжарқын қалтқысыз көңілден ашық жауап қайтарғаны үшін де жеңгемізге бір құшақ гүл сыйлауға да әзір едік. Қазақтың келіні айтқан ашық сырдың кейбір нобайы төмендегідей.
Ол Өзбекстанның астанасы – Ташкентте дүниеге келіпті. Тұлымшағы желбіреген он үш жасынан бері Орал қаласында оқып тәрбие алып, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын аяқтапты. «Мен өз бақытымды қазақ жерінен таптым. Менің құт мекенім де, Отаным да – Қазақстан. Оған қызмет ету, қазақ жерінің бір кәдесіне жарау – менің перзенттік парызым. Кәріс қызы бола тұрсам да, қазақша ойлауға дағдыланып кеткенмін. Менің бүкіл бітім-болмысым қазақ халқымен етене жақындасып, бітісіп кеткен. Осындай қасиеттерді орнықтыруға арқа сүйер азаматым, сүйікті жарым, қазақ халқының нар ұлдарының бірі Серік Тұрсынов, қоғамдық орта мен өз ұжымым ықпал жасады», – дейді Ляна Алексеевна.
Сондай-ақ кәріс қызы бізбен әңгімесінде әлемде көңілі мен ниеті өзінің кең даласындай дархан, қонақжай, мейірімді де қайырымды әрі кешірімді халық жоқ деп есептейтінін айтып берді. Егер Қазақстанда бүгінде достық пен татулық, бауырластық салтанат құрып отырған болса, оның басты дәнекері мен кепілі – қазақ халқының өзі деп тұжырымдады бір сәтте өз ойын Л.Тұрсынова.
Отбасында апалы-сіңлілі төрт қыз болып өсіпті. Өзін қоса есептегенде, оның үшеуі қазаққа келін болып түсіп, өз бақыттарын қазақ жігіттерінен тауыпты. «Қазақ халқы бар мейрімі мен қамқорлығын немерелеріне төгіп, оларды арқалап жүріп өсіріп, ауыздарына барын тосып елжіреп жатады ғой. Немереге деген сондай сүйіспеншілік сезім менің жанымды да жылы нұрға бөлейді. Серік екеуміздің үш немереміз – ошақтың үш бұтындай. Үлкен немереміз Әділ он үш жасқа келді. Тимурымыз биыл мектеп есігін аттады. Әзеліміз төртке толады. Оның балдай тәтті қылықтарына тоя алар емеспіз. Сонымен бірге, отағасы екеуміз қызымыз Файнаның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Ол қазір АҚШ-та оқып жүр, – дейді асыл ана, абзал әже.
Ол – бүгінде Орал өңірінде асханалар мен ресторандар жүйесінің дамуына, қолжетімді қоғамды тамақтандыру орындарының орнығуына мол үлесін қосып жүрген жаңаша тұрпаттағы орта бизнес өкілдерінің бірі. Инновация – тек өндіріске ғана емес, сонымен бірге, аспаздық іске де аса қажет екенін біз жеңгеміздің аузынан естідік. Осы мақсатта ол Оралға шығыстық ас үйлеріне негізделген жапондық қондырғылар мен жабдықтарды әкеліп орнатыпты.
Аспаздық шеберлік жөнінен бұған дейін оралдықтардың аты шығып көрмеген болса, соңғы жылдары бұл жүйедегі республикалық және халықаралық байқаулардағы жетістіктерді Л.Тұрсынованың есімімен байланыстыруға болады. Оның бүгінгі басты қызметінің бірі облыс орталығындағы мектеп асханаларын ыстық тамақпен және өзге құнарлы да жұғымды, экологиялық тұрғыдан таза өнімдермен жабдықтауға бағытталған. Бұл мәселе жөнінде үкіметте бекітілген арнайы санитарлық нормалар мен ережелер бар. Оның талабы өте жоғары. Біріншіден, мектеп оқушыларына ұсынылатын тағам түрлері сапалы әрі буы бұрқыраған ыстық күйінде болуы керек. Әрі жеткіншектер тағамы қатаң түрде іріктелген, сұрыпталған, жас та өскелең ағзаға зиянын тигізбейтіндей болуы шарт. Олардың тамақтан уланып қалуының бетін әрі қылсын деңіз. Міне, іскер жан ұзақ жылдар бойы әлеуметтік маңызы жоғары осы міндетті мінсіз атқарып келеді.
Ел-жұрт «Тұрсынова» асханалар мен ресторандар жүйесі жеке кәсіпорнының қызметін пайдалануға неге құштар? Өйткені, бұл өнімдер жоғары кәсіби мамандардың қолымен әзірленеді. Ең бастысы – кәсіпорын ұжымы аспаздық өнімдерін сатып алып, оны қайта өңдеп тұрғындарға ұсынумен айналыспайды. Оны өздері өндіреді. Өздері әзірлейді. Бұл үшін мүмкіндігі облыс орталығындағы мектептерді қамтуға жететіндей үлкен цех құрылған. Оған жоғарыда айтылғандай, әлемдік деңгейге жауап бере алатын жаңа қондырғылар қойылған.
«Ел өңірлерінде қоғамдық тамақтандыру жүйесін оң жолға қою үшін де оған кәсіби кадрлар қажет. Сөз жоқ, мұндай тапшылық республиканың кез келген аймағында кездеседі. Бұл мәселеде жоғары жаққа өкпе айтып, міндетси беруге болмайды. Қажет жағдайда оны өзіміз әзірлеуге тиіспіз. Осыдан бес жыл бұрын кәсіпкерлер конгресінде сөйлеген сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бізге осындай талап қойып еді. Қазір біз сол талап үдесінен шығуға ұмтылып келеміз. Біздің жүйеде шеберлік мектебі жұмыс істейді. Қажет кезінде шеф-аспаздарды Астанадан, Алматыдан және Мәскеу мен Ташкенттен шақырып отырамыз», – дейді ол.
Мамандықтың үлкен-кішісі, қажетті-қажетсізі болмайды. Аспазшы мамандығына да осындай көзқарас тұрғысынан келген орынды. Осы орайда газет тілшісіне елдегі асханалар жүйесі секілді халыққа қызмет ететін саланың кәсіби шебері төмендегідей ұсыныс -пікірін айтты.
Республикадағы барлық кәсіптік мектептердің жанында аспазшы мамандығын беретін бөлімдер бар. Бұл тек сыртқы, алдамшы көрініс үшін ғана ашылған деп санаймын. Негізінен оған келетін жас жеткіншектер аспазшы мамандығын алу үшін емес, орта білім жөніндегі аттестатқа қол жеткізу үшін келеді. Әрі көп жағдайда олардың сабақ үлгерімі төмен, ең нашар оқыған оқушылар болып саналады. Оның үстіне аталған мектептерде аспаз мамандығының қыр-сырын үйрететін маман кадрлар мүлдем жоқтың қасы. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі аспаздық мамандық беру жүйесін бұлай қосақтамай, дербес, мақсатты түрде оқытуға көңіл аударса, одан бәріміз де тек ұтар едік.
Әрине, бұл құптауға тұратындай ойлы пікір деп есептейміз.
Құдайға шүкір, бүгінгі отандық бизнес өкілдері арасында тек өзінің табысын күйттей бермей, өзі өмір сүріп отырған орта мен ел-жұртқа көбірек пайдамды тигізіп, қайырымдылық көрсетсем екен деп ойлайтындар жеткілікті. Солардың бірі Л.Тұрсынова екендігі талассыз. Өйткені, біз білетін Ляна Алексеевнаның табиғи жаратылысы мен жомарт жүрегі осындай. Ол қашанда адамдарға жақсылық жасауға әзір, бейім тұрады. Орал қалалық мәслихаты депутатының мандатына бірнеше адам таласқан кезде, тұрғындар қазақтың келінін таңдаған болса, оны шуағы мен жүрегінің жылуы мол іскер әйелге көрсетілген үлкен сенім әрі мойындау деп бағалағанымыз жөн.
Ең бастысы – ол бүгінде осы сенім үдесінен шығып келеді. Көңілі қашанда сергек, сезімтал, ойы жаңашыл, қайырымы мол кәсіпкер, алғыс арқалаған жан, қазақтың келіні Ляна Тұрсынова халыққа қызмет көрсетуден асқан мерейлі міндет жоқ деп санайды. Оның осы пікіріне біз де қол қоямыз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.