06 Ақпан, 2019

Медициналық білімнің болашағы Алматыда талқыланды

1207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін 4-6 ақпан күндеріне белгіленген Алматы қаласындағы «Заманауи медициналық білім беру саласындағы сапа, үздіксіз жетілдіру және бенчмаркетинг» халықаралық семинары аяқталады.  

Медициналық білімнің болашағы Алматыда талқыланды

Бүгінгі таңда болашақ дәрігерлерді оқытуды  жаңа сатыға көтеру – заман талабына айналды. Сондықтан оның бірден бір тәсілі – емхана, ауруханалармен бірігіп жұмыс істеу.

– Семинардың басты мақсаты – ХХІ ғасырдың жаңа сұранысына сай, елімізде медициналық білім беру ісін дұрыс жолға қою. Сондай-ақ дәрігелердің жаңа технологияны игеруі, емделушілермен жұмыс істеуі, жаңа технологиялар мен әдістерді қолдануы және олардан қандай нәтиже күтетінімізді де талқылап алайық дедік. Осы жолда университеттер мен ауруханалардың интеграциясын күшейтуіміз керек, содан соң еліміздің үздік ғылыми институттары базасында университеттік клиникалар құруға көшеміз. Осы жолда біз дәрігерлер дайындауды бұрынғы әдістен қазіргі  заманауи стандартқа көшіру үшін медицинасы жақсы дамыған Малайзия, Литва елдерін таңдадық. Бұл елдер бұрыннан-ақ біздің стратегиялық әріптестеріміз болып табылады. Алайда енді біз олармен біріге отырып болашақ медицина мамандарын даярлайтын ортақ бағдарлама жасауды жоспарлап отырмыз. Сол бойынша алдағы 2-3 жылда медицина мамандарын 7-9 жыл емес, 6 жыл оқытатын жүйеге көшкіміз келіп отыр, – деді ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.

– Бенчмаркинг дегеніміз – міне, осы. Яғни, бір емес, бірнеше елдің тәжірибесін салыстыра отырып, жақсысын, қолайлысын алу. «Мысалы біз Франция медицинасының тәжірибесін Қазақстанға енгізе алмаймыз.  Себебі Францияның көлемі шағын, біз одан төрт-бес есе келеміз. Соған байланысты бізде дәрігерлер басқаша даярлануы керек. Фельдшерлік ашық пункттер десек, олар Австралия, Канада сияқты үлкен елдерге тән нәрсе. Шағын елдерге оның қажет жоқ. Сондықтан біз көптеген елдердің тек жақсы деген тәжірибелерін ала отырып, бенчмаркинг арқылы ерекше өз моделімізді құрғымыз келеді» – деді вице-министр журналистерге берген арнайы сұхбатында.

Үш күнге созылатын семинар-тренинг аясында қазіргі заманғы білім берудің өзекті мәселелері – сапа философиясы, оқытушының рөлі мен құзыреттілігі, бағалау әдістері және т.б. қарастырылды. Сонымен қатар, семинар спикерлері, профессор Vishna Devi Nadaraja және Доктор Azizi Ayob фокус-топтарда жұмыс істеу кезінде медициналық жоғары оқу орындарында жеке кеңестер мен кездесулер барысында сапаны қолдау мәселелерінде әдістемелік және іс жүзіндегі тәжірибелік көмек көрсетті.

Халықаралық жиынды ұйымдастыруға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті ұйытқы болды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ