Қоғам • 06 Ақпан, 2019

Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын қала сыртына жол жүрмеуге және ауа райы күрт нашарлаған жағдайда мүмкіндігінше үйден шықпауға шақырады деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
 

Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты 5-7 ақпан аралығында жедел штаб ұйымдастырды.

5 ақпанда «112» қызметіне әртүрлі сипаттағы 6638 қоңырау (жолдардың жабылуы – 2211, сабақтың болмайтыны туралы - 2307) келіп түскен. 5 ақпанда сағат 20:00-ден бастап Департамент бөлімшелері «Астана-Қорғалжың», «Астана-Қосшы», «Астана-Көкшетау», «Астана-Атбасар», «Астана-Павлодар» және «Астана-Қарағанды» бағыттары бойынша жоғары өтімді автомобильдермен (КУНГ) патрульдеу жұмыстарын жүргізді, 60 адам (оның ішінде 9 бала) 19 бірлік техника қар құрсауынан шығарылды.

 «01 сағат 10 минутта Қоянды кентінің ауданында ішінде жүкті әйел бар автокөліктің қар құрсауында қалып қойғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Департаменттің бөлімшесі жіберілді, босанатын әйелді №1 перинаталдық орталыққа жеткізді және акушерлерге тапсырды», деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.

«Астана-Павлодар» тасжолынан басқа барлық бағыттар бойынша жолдар ашық, бірақ жүк және қоғамдық көлік үшін шектеулер бар.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын қала сыртына жол жүрмеуге және ауа райы күрт нашарлаған жағдайда мүмкіндігінше үйден шықпауға шақырады.Қазіргі таңда қаладағы жағдай тұрақты және бақылауда.

Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына:

- мұқият болыңыз, ауа райының өзгеруі туралы ақпаратты және енгізілген шектеулерді жіті қадағалаңыз;

- көшеде бағандардан, ағаштардан, жарнамалық тақталардан, ЭЖЖ және сымдардан алыс жүруге тырысыңыз;

- жеке автокөлігіңізді ағаштар мен ескі құрылыстардан алыс қойыңыз;

- құрылыс объектілері халықты және аумақты қолайсыз ауа райы жағдайларының әсерінен қорғау жөнінде қосымша шаралар қабылдасын; мүмкіндігінше құрылыс объектілеріндегі құрылыс-монтаж жұмыстарының қызметін шектесін.

Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне қоңырау шалыңыз!