Қазақстан • 06 Ақпан, 2019

Әскерилер деструктивті діни ұйымдар туралы дәріс тыңдады

724 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жеке құрамы деструктивті діни ұйымдарға тән ерекшеліктер туралы дәріс тыңдады.

Әскерилер деструктивті діни ұйымдар туралы дәріс тыңдады

Әскерилермен әңгіме өткізген Талдықорған гарнизоны әскери полициясы бөлімінің аға офицері, әділет майоры Ержан Мадимаров еліміздің аумағында заңмен тиым салынған ұйымдарға мүше болу «Қылмыстық Кодекстің» 255, 256, 257, 259, 260 баптарына сәйкес жауапкершілік жүктейтінін түсіндірді.

- Деструктивті діни ұйымдар төндіретін қауіп-қатер нашақорлықтан кем түспейді. Ғалымдар секталық жиналыс кезінде қан құрамынан бөлініп шығатын эндорфин гормондары адам ағзасына есірткі және психотропты заттың әсерімен бірдей болатынын дәлелдеген, - деді кездесуде әділет майоры Е.Мадимаров.

Әділет майорының айтуынша, сектаға жаңа кірген адамның көзқарасы онда ұзағырақ болғандарға қарағанда мүлдем бөлек болатын көрінеді. Оның ұйымға тезірек үйреніп кетуі үшін басқа мүшелері барын салып, жаңа мүшені барынша қолдаумен болады. Мұндай қарым-қатынасқа зәру адам өзге қажеттіліктері мен тілектерінен бірден бас тартып, жаңа ортаға тез бейімделе бастайды. Осылайша отбасының орнын секта алмастырады екен.

- Жалпы, әлемдегі секталық ұйымдардың санын дөп басып айту қиын. Америка әлеуметтанушылары өз еліндегі сектаның санын 3 мыңнан асып жығылатынын, ондағы адам саны 11 млн шамасына жеткенін айтып дабыл қағуда. Өкініштісі сол, Қазақстанда да астыртын жұмыс жүргізіп, қатарларын толықтырып жатқан секталық ұйымдар аз емес. Алаңдатарлығы, олардың құрамына кіретін 2 млн-ға жуық адам 25 жасқа дейінгі жастар екені анықталды. Әсіресе, үлкен қалаларда дәстүрлі емес дін өкілдері белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Біздің есебіміз бойынша, Алматы облысында әскери қызмет өткеретін қызметшілер арасында экстремистік, террористік ұйымдарға қатысы бар адамдар анықталмады, - де   йді Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы Жанар Әміржанова.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы