Президент бүгін тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді.
«Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация және жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды.
«Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, креативті индустрия өкілі, кәсіпкер Камиль Байрамов, белсенді жастар Ержан Хамитов пен Нұрбол Серікбай сөз сөйледі.

Жастар бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 1,5 миллионнан аса азамат қатысқанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде қолға алынған өзгерістердің барлығын қолдайтынын айтты.
Айта кетейік, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне арналған республикалық референдум өтті. Елдің барлық өңірінде, сондай-ақ шетелдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінде дауыс беру учаскелері ашылды. Қазақстандықтар «конституциялық реформаны қолдай ма, әлде қолдамай ма» деген сұраққа жауап берді.
Аумақтық комиссиялардың деректеріне сәйкес, елдің барлық өңірінде референдумға 9 126 850 қазақстандық келіп дауыс берген. Алдын ала мәлімет бойынша, референдумдағы жалпы қатысу деңгейі 73,24% болды.