Таным • 07 Ақпан, 2019

Құнанбайды кім ұмыт қалдырды?

72 реткөрсетілді

Профессор Арап Еспенбетов осы уақытқа дейін Абайдың әкесі Құнанбайдың еңбегі дұрыс баға­лан­бай, назардан тыс қалып отырғандығын айтады. 

– Халықаралық дәрежеде Абай брендке айналуы керек, бұл өте дұрыс. Бірақ Абай бар да, оның әкесі Құнанбайдың бар екендігін түсіндіру қиын боп тұр бұл заманда, – дейді Арап Сіләмұлы. – Қазақстанның киелі жерінің жағрафиясы дегенге  Құнанбайдың мекені, қорымы кірмей қалуы деген не сұмдық?! Неге Мәдениет және спорт министрлігі мұны қарамай отыр. Алда Ұлы Абайдың 175 жылдығы келе жатқан жоқ па?! 

Шынын айту керек, Арап Еспенбетов Қазақстандағы маңдайалды ғалымдарымыздың бірі. Құнанбай қоры­мын назарға алу қажеттігін айтудай айтып, жазудай жазып-ақ келеді. Телерадио саласын былай қойғанда, басылым беттерінде, атап айтқанда, респуб­ликалық «Egemen Qazaqstan» газетінде бірнеше рет ма­қала жариялады. 2016 жылдың 11 наурызында «Құ­нан­бай қорымына қамқорлық қажет»,  2018 жылдың 8 маусымында   «Хәкім Абайдың ұлдарын неге ұмыт қал­дырдық?», тағысын тағы жалғастыра беруге болады.

– Абайдай алыптың, қазақтың ұлы ақынының туған әкесі Құнанбай бүгінде ескерусіз қалуда, – деді профессор Арап Еспенбетов. – Құнанбайды толық танып, тиісті бағасын бере білмедік. Туғанына 200 жыл толғанда мерейлі мерекені өз дәрежесінде ұйымдастыра алмадық, ұйымдастыруға құлық-ниетіміз болмады. Тұтас Қазақстан көлемінде демей-ақ қоялық, Семей өңірінде Құнанбайға арналған ескерткіштің бой көтермеуі, көше атының берілмеуі кімге абырой әпермек?! Сонда ұлы Абай қоғамнан, ел-жұрттан бөлек жеке өмір сүрген бе? Семей қаласында қасиетті шаңырақ бар. Ол сексен жылдық тарихында небір тұлғалар: мемлекет, қоғам қайраткерлері, шетелдік меймандар, ғалымдар, жазушылар, өнер қайраткерлері, спорт саңлақтары, қарапайым халық, студенттер мен мектеп оқушылары соқпай өтпеген киелі мекен – Абай музейі. Толық атауы Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы. Қорық-мұражай құрамына Семей қаласындағы бас мұражай, «Алаш арыстары – М.О.Әуезов» мұражайы, Абай ауданындағы Абайдың мұражай-үйі, Бөрлідегі М.Әуезовтің мұражай-үйі, Жидебайдағы Шәкәрімге арналған «Саят қора» экспозициясы, Көкбай Жанатайұлының Тақырдағы мешіт-медресесі, Құндыздыдағы Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі, Әсет Найманбайұлының Мақаншыдағы әдеби-мемориалдық мұражайы, сондай-ақ сәулет өнерінің тамашасы «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені енген. Әр нысан алдына қойған мақсатына сай халыққа қызмет көрсетуде. Осылардың бәрі кіргенде Абайдың әкесі Құнанбайдың кірмеуі деген сұмдық қой. Абайға арналған мемориалдық кешен шеңберінен Құнанбай қорымының тыс қалуы тіпті ақылға сыймайды. 

Арап ағамыздың сөзіне орай, Ақшоқыдағы Құнанбай қорымына кіретін нысандарды нақты атап кетейік: 

Құнанбай Өскенбайұлы (1804-1886), Жақып Өскенбайұлы (1814-1906), Ысқақ Құнанбайұлы (1847-1902), Тәңірберді Құнанбайұлы (1834-1906), Смағұл Құнанбайұлы (1852-1932), сәл төменірек ұлы ақынның зор үміт күткен перзенттері Әбдірахман Абайұлы Құнанбаев (1868-1895), Мағауия Абайұлы Құнанбаев (1870-1904) мәңгілікке жер қойнауына берілген. Жалғастыра салынған құлағалы тұрған зиратта қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің атасы Әуезхан Бердіханұлы (1830-1917), Абай кітабын 1909 жылы Санкт-Петербургте бастырушы, алғашқы биографтарының бірі Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев (1870-1915) мүрдесі жатыр. Бәрінің Құнанбай, Абай ұрпақтары, ет жақындары екені сөзсіз. Абай шөберелерінің өсиеттері орындалып, бұл қорымға 2011 жылы Ғазел Жағыпарқызы Мағауина, 2014 жылы Ишағы Жағыпарқызы Мағауина жерленді. 

Былтыр Өскеменнен берілген 30, Семейден берілген 20 көшенің ішінде Құнанбай қажы атына бірде-бір дұрыс көше берілмеген. Семейдің орталық көшелерінің атауы  кімнің айғайы күшті, кімнің іздеушісі бар соның ықпалымен кеткенін көзіміз көрді. Мәдениет және спорт министрлігі Арап Еспенбетов ағамыздың бір- ауыз өтінішін назарға алады деп үміттенеміз. Қысқасы, Құнанбай ұмыт қалмауы тиіс. 

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

журналист

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар