07 Ақпан, 2019

Ұлт руханиятына ашылған кең өріс

798 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Тарих таразысы мен уақыт өлшемі арғы-бергі кезеңді, кеше мен бүгін ара қатынасын айқындайтыны анық. Ақиқаты осылай болғанымен, егемендіктің елең-алаңынан бермен қарай ғана ел мен жер, тарих, дәстүр, дін, тіл, тәлім-тәрбие, оның белгі-ерекшеліктері мен мән-маңызы, басқа да құндылықтар қайнары хақында барынша байыпты, жан-жақты, кең түрде айтылып, жазыла бастады.   

Ұлт руханиятына ашылған кең өріс

«Мәдени мұра» (2004), «Халық тарих толқынында» (2013), «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» (2017), «Ұлы даланың жеті қыры» (2018) сынды бағ­дарлама мен жобалар жүйесі, ма­қа­лалар топтамасы, сөз жоқ, өткен тарих­қа құрмет пен тағзым, сондай-ақ ежел­гі ескерткіштер мен жәдігерлерді, мә­дени-рухани құндылықтарды тану мен бағалау ісінде, қысқасы, Ұлы дала­ның әлемдік өркениет алдындағы жауап­кер­шілік жүгін біліми арналар мен ғылы­ми деректер негізінде нақты да жүйелі қарастыруға мол мүмкіндіктер береді. Бастысы, ел тарихы мен даму үрдістерін кең түрде танып-таразылап, жіті айқындайды.

Осы орайлы тұста: «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаланың табиғаты мен тағылымына ден қойсақ, алдымен бізді қоршаған Кеңістік пен Уақыт мәні мен сыры ашылады. Анық аңғарылатын жайт: ұлт мүддесі мен тарихқа, дәстүр мен руханият өрісіне, арғы-бергі кезеңге қатысты айқын бағыт, берік ұстаным екенін терең тануға болады. Бастысы, Ұлы даланың әлемдік тарихтағы орын-үлесін айқындауға, оған қазіргі кезеңнің талап-талғамдары тұрғысынан жаңаша қарап, іргелі ізденістер жасап, осының негізінде соны бағыт, тың көзқарас қалыптастыруға мүмкіндіктер береді, тамырлы тарих бедерін айқындап, руханият өрісіне кең жол ашады.

Анығында, бұл еңбек екі бөліктен, әрі бірнеше қосымшадан тұрады. Ұлттық тарих пен елдік ұстанымды арқау еткен еңбектің бастапқы бөлігінде («Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт») ел мүддесі мен тарихына негізделген материалдық мәдениетке, оның ішінде ежелгі адамдар ойлап тапқан, әр кез­де қолданылған көне бұйымдар мен жаңа құралдар, техникалық жаңалықтар мәні кең түрде айқындалып, бүгінмен байланысы көрсетіледі. Оның ішінде Қазақстанда, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтеріне ден қойылады. Бізде кездесетін мәдени жетістіктер мен тарихи жәдігерлердің Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралу жолы, мәнді қыры, сипаты ашылады. «Қазақ» этнонимі, ру-тайпалар мәні, әртүрлі этностар сипаты да Ұлы даланың әлемдік тарих пен өркениеттен алар орнына қатысты сөз етіледі. Оның мән-маңызы, қазіргі бағыты мен көрініс-сипаттары ашып көрсетіледі. Бұл тұстан, сөз жоқ, төл тарихымыздың мәні, ондағы оқиғалар өрімі, қоғамдық жағдай, аласапыран кезең, қуғын-сүргін сипаттары кең түрде көрініс береді. Көпқырлы һәм тамырлы тарихымыздың бұрыс-дұрыс тұстары, қилы көріністері біліми-ғылыми тұрғыдан байыпты бағаланады. Бүгінгі бағыты айқындалады.

Осы орайда «Ұлт тарихындағы кеңіс­тік пен уақыт» атты алғашқы бөлім­де Еуразия құрлығындағы қазақтар­дың өмір-тұрмысы, тарихы мен тағдыры көне жылнамалар шежіресімен, материалдық мәдениет мәйектерімен, техникалық жаңалықтармен байланыс-бірлікте көрсетіледі. Олар негізінен бірнеше құрамдас бөліктен тұрады (мысалы, атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан - алма мен қызғалдақтың ота­ны). Ұлт тарихындағы орны, кеңістік пен уа­қыт аралығындағы қыр-сыры мен мәнді тұстары да ашылады. Ұлы дала­ның жаһандық тарихтағы орын-үлесі, сыр-сипаттары да көрсетіледі. Бастапқы тұстан-ақ, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы – ұлы даладан тарағаны, «Ботай» қонысындағы қазба жұмыстары жылқының Қазақ­стан­да қолға үйретілгені, автокөлік қозғалт­қыштарының қуаты – аттың күшімен өлшенетіні қатпарлы да тамырлы тарих тағылымы, уақыт өлшемі негізінде барынша байыпты да дәлелді, жүйелі сөз етіледі. Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі, деп киім үлгісін, етік мәнін, шалбар сипатын жан-жақты ашады. Сондай-ақ берен сауыт, өткір қылыш, садақ тарту сынды соғыс құралдары да Еуразия көшпенділеріне тән екендігі атты әскер мен сарбаздар сипатымен сабақтастықта жүйелі өріс алады. Бұл жайттар, сөз жоқ, қазақ тарихымен, өмір-тұрмыстағы, дүниетаным арналарындағы, дәстүр өнегелеріндегі эволюциялық көріністер мен тәжірибе тағылымымен сабақтастықта сөз етіледі. Ата тарих мәні, өмір-тұрмыс шындығы кең түрде көрініс береді. Кеше мен бүгін байланысы, қыр-сыры ашылады.

Дала өркениетіне тән технология – металлургияның пайда болуы­мен, тау-кен өндірісінің (алтын, күміс, қола, мыс, мырыш, темір, т.б.) қа­рыш­ты дамуымен қатар көрсетіледі. Металл өндірудің амал-тәсілдері де тілге тиек етіледі. Қазба жұмыстары, берік металл мәні, тұрмыстық заттар сыры, оның қолданыстағы орны да ел өмірі, кәсібі мен дәстүр тағылымы, тұрмысы төңірегінде жүйелі сөз болады. Дала өркениетіне қатысты мәдениет үлгілері қатарында дүниетаным мен құндылықтар қайнары, жазу өнері мен мифология мәні алдымен аталады. Адам мен табиғат байланысы – «аң стилі» негізінде өріс алып, көшпенділердің рухани әлемін айқын­дайды. Егемен Қазақстанның символ­дарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес.

Әлемдік өркениетте, білім-ғылым жүйесінде айрықша жарқын жаңалық, сенсация саналған – «Алтын адам» (1969) ғалам ғажаптарының құпиясын, тамырлы тарихтың қырлы-сырлы мәнін, жаңа беті мен соны өрісін ашты. Ал кейінгі кезеңде жұртшылық назарын аударған – Көне Тараздың жауһарлары, Жетісу жеріндегі «Таңбалы» петроглифтер кешені, Шығыс өңірінің даңқын асқақтатқан Берел мен Шілікті қорымдарындағы ар­хео­логиялық ескерткіштер, сөз жоқ, тамыр­лы тарихымыздың бедері, руханият қайнарының кең өрісі. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежел­гі бабаларымыздың зияткерлік дәс­түр­лерінен де мол хабар береді. Жауын­гердің жанынан табылған күміс кесе­лердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұ­рын-соңды табылған жазу атаулының ішін­дегі ең көнесі деп айқындалады. Ел тари­хы, батырлар болмысы, жауынгер бей­­несі мен ерлік мәні, жазу таңбалары да та­рих еншісі, өмір өнегесі ретінде аталады. Ата ­тарихтың ең қымбат қазынасы саналады. 

Еуразия халықтары тарихында, әсіре­се қазақ жерінің тәжі мен шоқтығы санал­ған Алтайдың айрықша мәні бар. Түркі дүниесі, дала өркениеті Алтай өңі­рін мадақ сезіммен ерекше атайды. Ақи­қ­атында, Атақоныс Алтай қасиеті мол, қасіреті де көп, сартап сағынышқа да толы. Оның үстіне: «Өр Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» (Ш.Мұртаза). Арда Алтай, Өр Алтайдың табиғаты мен тағылымы, кең өрісі мен өрнекті тұстары, қыр-сыры да мол. Алтай мәні мен табиғаты, оның қыр-сыры, көр­кем де өрнекті тағылымы арғы-бергі кезеңдер шындығымен, тамырлы тарих шежіресімен байланыс-бірлікте өріс алады. Бастысы, осы өңірде Түркі дү­ниесі, Ұлы дала төсінде жаңа дәуір бастал­ғаны, отырықшы өркениет өнегесі мен өрнектері болғаны байыпты баяндалады.

Бұдан басқа, дала өркениетінің адамзат тарихында өрнекті өрістері көп-ақ. Еске түсірсек, әрине: «Орасан зор кеңіс­тікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және оты­рық­шы өркениеттің өзіндік өрнегін қалып­тастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан», деп ұнамды үрдістерін, кеше-бүгін байланысын айқындап, көпке үлгі-өнеге етеді. Маңыздысы, Отырар өңірінен әлемдік өркениетке сүбелі үлес қосқан ойшылдар өнегесі (әл-Фараби, Қ.А.Ясауи, т.б.), ұлт руханиятының көшбасшыларының шығуы айрықша фактор, ерекше құбылыс ретінде мәнді сөз етіледі. Ұлы даладағы көшпелі және отырықшы өркениет өрісіне кең орын беріледі. 

Еуразия құрлығында, Ұлы дала тарихында мәдениет және сауда саласы дамыған болса, бұл байланыстың берік те даңғыл желісі – Ұлы Жібек жолы жү­йе­с­і­мен сабақтастық сипатта өріс алға­нын аң­ғарар едік. Бұл ретте, әрине Шы­ғыс пен Батысты, Солтүстік пен Оң­түс­тікті, бас­қа да құрлықтар арасын Жібек жо­лы жал­ғап, мәдениет арналарын, сау­да-сат­тық саланы дамытқаны қазір­гі кезең­де алыс-жақынға кеңінен таныс. Аны­ғында: «Бұл жол халықтар ара­сын­дағы жаһан­дық өзара тауар айналым­ы мен зият­­кер­лік ынтымақтастықтың қалып­тасып, дамуы үшін орнықты платформа болды.

Қазақ жерінің құдіреті мен қасиеті, табиғи байлығы мен топырағының құнарлылығы танымал жемістер мен өсімдіктер дүниесінен де танылады. Әлемге мәшһүр Сиверс алмасы мен Реге­ль қызғалдақтарының түп-тегі қа­зақ то­пырағында, терең тамыры мен әуел­гі бастауы, «тарихи отаны» екен­дігі кө­ңілді кернеп, мақтаныш сезімге бө­лей­ді. Алатау баурайынан, Жібек жолы бағытымен көкті-жерді шарлап, тұтас әлемге тараған алма мен қыз­ғал­дақ адамзаттың жүрегін жаулап, қызы­ғу­шылығы мен құмарлығын артты­­рып, тіл үйірер дәмділігімен, әсем де хош иісті сыр-сипаттарымен, әсер-ық­­п­алы­­мен баурап келеді. Бұл да ұлт мұ­ра­тын асқақтатып, ел дамуы өрістерін кеңейтіп, мерейді үстем ететін айшуақ әлем, мәнді-нәрлі ұнамды үрдіс, көркем көріністі көкжиектеріміздің бірі. 

Тұжырымдамалық мақаланың «Тари­хи сананы жаңғырту» бөлігінде ұлт мұраты мен дүниетанымында, дәстүрі мен ру­ханиятында айрықша мән-маңызы бар тұстарға көп көңіл бөлінеді. Ел мүд­десі, тарихы мен тағылымы, даму үр­діс­тері кең орын алады. Негізгісі, ұлт­тық мұ­ратты асқақтатып, тарихи сананы жаң­ғыр­тып, дүниетаным арналарына кең өріс ашу қажеттілігі қозғалады. Бұдан бас­қа, әрине арғы-бергі кезеңдердегі өр­ке­ниет үлгілері мен деректі құжаттар жүйесі әлі де қа­лың көпшілікке жетпей, ғылы­ми айна­лым­ға толық түспегені назарға алы­н­ады. Әлемдік тарихта, мұрағат жүйе­лерін­­де «өз іздеушісі мен зерт­теушісін» күткені де тілге тиек етіле­ді. Бұл ретте Ел­­ба­сы іргелі зерттеу­лер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жыл­дық бағдар­ла­ма­­сын жасауымыз қажет деп санайды. Бұл жобаны жүзеге асыру бары­сында та­рих­шылардан, деректанушы­лар мен мә­де­­н­иет­танушылардан құрылған арна­йы топтардың отандық және шетелдік ірі ар­хив­термен өзара жүйелі әрі ұзақ ме­р­зімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерт­­теу жұ­мыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.

Ұлт тарихын байытып, зерт­теп-зерделеп, сананы жаңғырту ісін­де мектеп жүйесінде атқаратын жұ­мыс­тар көп. Осы орайда мақаладағы: «Өз та­ри­хына деген мақтаныш сезімін ұяла­тып, отан­шылдық тәрбие беру мек­теп қабыр­ғасынан басталуға тиіс. Сон­дық­­тан мектептер мен барлық өңір­дегі өлке­тану музейлерінің жанынан тари­хи-архео­логиялық қозғалыстар құру ма­ңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру бар­ша қазақ­­стандықтардың бойында өз бас­тау­ла­рына деген ортақтық сезімін қалып­тас­­тырады», деген сөздер бұл бағытты да да­мытып, жүйелі жетілдіруді қажет ете­тінін атап көрсетеді. Жас ұрпақ бойына отан­шылдық сезім ұялату ел мен жерді қорғауға, ерлік сипаттарына адалдық танытатын басым бағыттар қатарына жатады. Әрі ел тарихын жіті зерделеп, әр дәуір­­лердегі ақтаңдақ беттерді қалпына кел­­тіріп, таныс-бейтаныс жайттардың шын­­ды­ғын ашу, деректі құжаттар арқылы ғылы­­ми айналымға түсіру – кәделі де сауапты іс. 

Еуразия кеңістігі мен әлемдік тарихта Қазақстан түркі халықтарының байтақ отаны, қарашаңырағы саналады. Алайда, қазақ даласынан әлемнің түкпір-түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтардың болғанын ойға алсақ, олар да басқа елдердің даму үдерістеріне үлес қосқанын аңғарар едік. Бұл да назарда болар, ойда жүрер жайттардың бастыларының қатарына жатады. Осы жерде Елбасы атап өткендей, «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заман­ға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды».

Біздіңше, дала фольклоры мен көне сарындар әуені, өркениеттер өрісі, сөз жоқ, мәдениет мәйегі болса, оны жинап-жүйелеп, жариялап-наси­хат­тап, аражігін айқындап, талап-тал­ғам тұрғысынан зерттеп-зерделеудің қажеттілігі қазіргі кезеңде де анық сезіледі. Жас ұрпақ жаңа технологияға батыл бет бұрды. Кеше мен бүгіннің байланысы мен сабақтастығына мән беріп, еркін ене бермейді. Ендеше, кәсіби маман мен осы бағытта жүрген ізденушілерге, зиялы жұртшылыққа назар аударған жөн. Заманауи бағыт-талапты, уақыт рухын да ескеру артық емес. Ортақ мұрат, кәделі іс көптің пайдасына қызмет етеді.

Негізінен, бұл еңбек ұлт тарихын терең танып-біліп, зерттеп, зерделейді, ел дамуы мен үрдістерін жіті саралап са­лыс­тыруды, руханияттың бірегей үлгі-өр­нектерін байыпты меңгеру мен наси­ха­ттауды кең түрде көрсетеді. Ендеше, мақаланың ұлт мұраты мен тарихын, дәстүр мен таным арналарын, кеңістік пен уақыт мәнін, өркениет өрісінің арғы-бергі кезеңдерін, түркі әлемінің дүниетанымдық қырларын, елдік сананы жаңғырту жолдарын жан-жақты айқындағандықтан, әлеуметтік бағыты дара, мәдени-рухани нәрі мол, тәлім-тәрбиелік тағылымы зор екенін айту ләзім. Маңыздысы, әрине, ұлт руханиятына ашылған кең өріс.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор