«10 жыл көлемінде көптеген жобаларды жүзеге асырдық. Бүгінде мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тілін де үйретіп жатырмыз. Бізде бәрі тегін. Бұл мақсатта жергілікті бюжеттен жыл сайын қаржы бөлініп отырады. Қазір облыс әкімі Даниал Ахметовтің дәрігерлерге ағылшын тілін оқыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 20-ға жуық медицина қызметкеріне ағылшын тілін оқытып жатқан жайымыз бар. Біз тек тіл үйретумен ғана шұғылданбаймыз, әртүрлі іс-шаралар өткіземіз. Шығыс Қазақстан облыстық лингвистикалық орталығымен бірлесе жұмыс істейміз», дейді орталық директоры Айнаш Әлібекқызы.
Жиырма дәрігердің қатарында осы орталықта ағылшын тілін үйреніп жатқан Бесқарағай аудандық орталық ауруханасының фельдшері Сәуле Куркумбаевамен сөйлескенімізде тіл оқыту курсына үш айдан бері барып жүргенін айтты. «Өзім еңбек ететін ауруханадан бір емес, бірнеше кісі ағылшын тілін үйреніп жатырмыз. Қазір облыстың дәрігерлері біліктілігін арттыру үшін шетелдерге жіберіліп жатыр ғой. Мені де жіберген жағдайда дайын болайын деп осы курсқа жазылдым. Жалпы, тіл білгеннің артықтығы жоқ қой», дейді дәрігер.
Орталық жанынан «English speaking club», «Әдемі сөйле» шешендік шеберлік клубтары мен «TEDxBESK» деген конференция-студия ашылыпты. Айнаш Әлібекқызы шеберлік клубы мен студия осындағы тіл үйренушілердің өз ойын қысылмай, ашық әрі еркін жеткізуіне, көркем де кестелі сөйлеуіне машықтандыру һәм латын әліпбиін оқыту мақсатында ашылғанын жеткізді. «Шешендік шеберлік клубы былтыр Тәуелсіздік күні мерекесінде ашылды. Бұл біздің білуімізше, тілдерді оқыту орталығы жанынан ашылып отырған алғашқы клуб болуы керек. Алдағы уақытта тіл үйренушілердің шешендік шеберлігін шыңдау үшін танымал тұлғаларды шақыру жоспарымызда бар», дейді орталық директоры.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы